«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН ЕСІМІ КӨШЕГЕ БЕРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданына қарасты Бірлестік ауылы жалындаған жастардан кенде емес. Ауыл ақсақалдарының, өршіл өрендерінің бастамасымен жақында осы жердің тумасы, жұртының мақтанышына айналған әнші, айтыскер ақын Әміре Сұлтанмұратұлының есімі елді мекендегі көшелердің біріне берілді. Бұл жағымды жаңалықтың орын алып, жеті рулы елге тарауына ауыл жастарының сіңірген еңбегі мол.

Қиын-қыстау кезеңде ауылдың аштықтан тарап кетпей, керісінше, ауызбіршілікті сақтап, ел болуына атсалысқан жанашыр азамат Әміре Сұлтанмұратұлы 1870 жылдың ақпанында Айыртау ауданы Қамсақты бойын жайлаған Қарауыл-Қантай елінде Сапақ ауылында Ұялы (қазіргі Бірлестік) ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесі ақын Сұлтанмұраттың жолын қуып, өнерге жақын болып өседі. Ғасырлар тоғысында өмірге келіп, от ауызды, орақ тілді ақын отбасында ержетіп, ат жалын тартқан Әміре де тілін шындыққа жанып, әділетсіздікке қарсы шықты. Қарапайым халықты қанаған, елге тырнақ батырған патша мен есерсоқтарға өзінің сөз қаруын жұмсаған.

Әкеден қалған асыл мұраны еліне жеткізуді мақсат еткен Әміренің немересі Таласбек атаның, кенже шөбересі, қарашаңырақ иесі Мұхтар Таласбекұлы мен келіні Айгүл Сәрсенбайқызы отбасылық құндылықтарды жоғалтпай, ұрпаққа ғибрат қылып қалдыру мақсатында біраз тер төгуде.

Аталмыш ауылдағы мектепте оқып жүрген кезімде Айгүл Сәрсенбайқызының жетекшілігімен Әміре Сұлтанмұратұлы жайында ғылыми жоба жазып, облыстық сайысқа қатысқаным есімде. Атамыздың есімін жаңғыртып, халыққа кеңінен таныту сондағы мақсатымыз болатын. Бүгінде сол арманымыз орындалды. Ақын есімінің көшеге берілуі келер ұрпақтың туған жердің тұғырлы тұлғаларын тануына септігін тигізері сөзсіз.

Динар СЕЙІТОВА.

Айыртау ауданы,

Бірлестік ауылы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp