«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гүлнәр МҰҚАНОВА: “ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ СМАҒҰЛДЫ БІЛУЛЕРІ ҚАЖЕТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орда бұзар отыз үш жасында қыршы­ны­нан қиыл­­ған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, өңіріміздің тумасы Смағұл Сәдуақасов – осы қысқа ғұмы­рында ұлттық, мемлекеттік мүдде тарты­сына ерте араласып, аз жасында артына мол мұра қалдырып, елінің ны­ғаюы жолында көп іс тындырған жан.

Оның аққан жұлдыздай қысқа жолы әркімге-ақ таңдай қақтырары анық. 16-17 жасынан қазақ жас­тарының “Бірлік” атты тұңғыш ұйымына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төрал­қасында, Қазақ автономиялық республи­касы Жос­пар­лау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. Жиырма жасында қазақ жастарының көшбасшысы болса, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген ағарту министрі қызметін атқарыпты. Смағұл Сәдуақасұлының қатаң саясаттың өтін­де жүріп, қазақ мемлекеттігі үшін сіңірген еңбектері, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, баспасөз бен алғашқы театр ісіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Кеңестік қызыл кезеңнің кесірі біздерді қайраткердің еңбегі мен шығар­машылығына бет бұрғыз­бағанымен, Тәуел­сіздіктен кейінгі зерттеулер, жазылған мақалалар оның ұлт тарихында ойып тұрып орын алатын қайраткерлігін, ұлылығын жаңбырдан кейін шыққан сәулелі күндей қайта жарыққа шығарды. Қазақ халқы мен Смағұлдың арасын жылдар бойы алып бөгет бөгеп келсе де, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін тұлға мен ұрпақтың арасында бір арна пайда болды. Оның есімін, елдік мұраттар жолында жасаған іргелі істерін бес саусақтай білуге ұмтылғандардың саны артуда, оның от пен өртке толы өмірі кеңінен насихатталуда. Үстіміздегі жылы С. Сәдуақасовтың туғанына 115 жыл толды. Осыған орай қайраткердің өмір, еңбек жолын зерттеп жүрген, облысымыздың тумасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мұқановамен әңгімелескен едік.

– Гүлнәр Қайроллақызы, сізді ұлт тұлғасы Смағұл Сәдуақасовты зерттеп жүрген ғалым ретінде танимыз. Қателеспесем, соңғы он шақты жылдар ішінде смағұлтанумен терең айналысып келесіз.

– 2005 жылы “Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы” деп аталатын қалың мұқабалы кітап қолыма түсті. Ықылас қойып оқып шықтым. Қызылжардан шығып, барша қазақтың ортақ мақтанышына айналған айтулы тұлғалардың қатарында Смағұл Сәдуақасовтың қиындықпен өрілген өмірбаяны, атқарған қоғамдық-саяси қызметі көрсетіліпті. Алайда, оның Алаш мұратын жалғастырушы тарихи тұлға, қара басының қамынан халықтың арманын асқақ санайтын басқарушы, ұлт тағдырына жан-жүрегімен алаңдаған ірі қайраткер болғандығын әлі де болса жастардың, өскелең ұрпақтың санасына терең сіңіріп, берік негіз қалыптастыра қоймағанымызды аңғардым. Мұраты – ортақ, азабы – еншілес барша қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған С. Сәдуақасұлының әлі де болса азат қазақтың жүрегінен де, өмірімізден де лайықты орын ала алмай жүргеніне қынжылдым. Арада біраз уақыт өткеннен соң Ақжар және Уәлиханов аудандарына жолым түсіп, ол жақтағы С. Сәдуақасовтың мүсінін, оның орын алу тарихын Алматыдағы “Қазақ университеті” баспасынан жарық көрген “Толық адам” атты монографияма енгізіп, тұлғаның өмірін жан-жақты қамтып жаздым.

Екі-үш жылдан бері ол жайында терең зерттеп, жазып жүрген дүниелерімді, қолжазбаларымды Германиядан басып шығару мүмкіндігі туды. Сөйтіп, бүкіләлемге белгілі, сапасы да сын көтеретін “Lap” баспасынан жарық көрді. Қайраткер, ел болуды үндеген Смағұл Сәдуақасовтың азаматтық болмысы, тұлғалық құбылысы кеңінен қамтылып, терең жазылған шығармам Орта Азия мемлекеттеріне де таратылды. Осылайша, өзге елдердегі көзі қарақты оқырмандар, зиялы қауым өкілдері, әдебиет зерттеушілері ұлы тұлғаның өмірінің баршаға беймәлім, қырлы-сырлы, жұмбақты тұстарына қанық болды.

Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатына, Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағатқа арнайы барып, С.Сәдуақасұлының ұлттық бостандыққа ұмтылған ерлігін, өміріне қатысты бірқатар құжаттардың қорын жинадым. Оның саяси биліктің басындағы, газеттер мен журналдардың редакцияларындағы қызметтерін, партия съездерінде, түрлі мәжілістерде өз ұлтының адал перзенті болғандығын дәлелдей сөйлеген сөздерін таптым. Сондай-ақ, халқымыздың сонау ғасырлардың қойнауында, тамыры тереңде жатқан күмбірлеген күйі мен әуезді әндерін зерттеген Александр Затаевичтің еңбектеріндегі біраз көмескілікті анықтап, бір жүйеге келтірдім. Осы еңбектерімнің басын құрап “Смағұл Сәдуақасовтың публицистикасы” атты екінші кітабымды жарыққа шығардым. Аталмыш кітап бүгінде еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика мамандықтарында білім алып жүрген студенттерді оқыту барысында кеңінен қолданылып жүр.

Азаттықтың ақ таңы үшін жанын құрбан еткен Смағұл Сәдуақасұлы жайында жазылған еңбектерімде, мақалаларымда оның өңіріміздің тумасы, алмас тілді ақын Мағжан Жұмабаевпен, Мұхтар Әуезовпен, Қаныш Сәтбаевпен арадағы қыл өтпес достығы да айтылған. Оның адал жары Елизавета Әлиханқызы екеуінің сүйіспеншілігі де кеңінен көрсетілген.

– Үстіміздегі жылы ардақты тұлғаның туғанына 115 жыл толды. Мұндай даталар мемлекет тарапынан тойланбайтынын ескерсек те, тым болмағанда, зиялы қауым өкілдерінің бастамасымен республикалық деңгейде еске алу кештерінің, жиындардың қолға алынбай жатқаны қынжылтады. Әлде ондай шараларды өткізу алдағы уақыттың еншісінде ме?

– Иә, биыл қазақтың көрнекті тұлғасының өмірге келгеніне 115 жыл толып отыр. Халықаралық, елдік деңгейде түрлі шаралар турасында айтпасам да, өзім қызмет ететін оқу орны ұлы тұлғаның есімін ұлықтаудан кенде емес. “Әлфарабилықтар” оның өмір жолына, шығармашылығына, қызметіне қатысты “дөңгелек үстел” отырыстарын, рухани кештерді өткізуді дәстүрге айналдырған.

Одан өзге, оның шығармашылығының қалың қауымға белгісіз қырларын ашуға күш жұмсамақпыз. Мысалы, оның қаламынан туған, әлі де оқырманға түпкілікті жетпеген пьесаларын, орыс тіліндегі бірқатар оқулықтарды қазақшаға аударған нұсқаларын қалың оқырманға ұсынбақпыз.

– Смағұл Сәдуақасов атындағы шәкіртақы тағайындаған екенсіздер. Осы жайында айта кетсеңіз.

– Иә, тұлға атындағы шәкіртақының С. Сәдуақасов ісін үлгі тұтып, оның өмірін өнеге санайтын жастарға берілуінің өзі ұлт жанашырын ұлықтаудың жолы десек болады. Бұл – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мүтәновтің бастамасы. Аталмыш білім ордасындағы бұқаралық ақпарат құралдары кафедрасының студенттері қайраткер өміріне тереңірек үңіліп, мұраларын насихаттау жолында талмай еңбек етіп келеді. Оларды ынталандыру жұмыстарына табыс тілеу, таудай талаптарын жетілдіру мақсатында белсенділер Гүлия Айтуғановаға, Ғалия Нұрғазиеваға С. Сәдуақасов атындағы шәкіртақы табыс етілді. Игі бастаманың жүзеге асырылуына “Қазпошта” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Ерік Нұрақаев демеушілік көрсетті.

Ардақты тұлғаның атындағы шәкіртақыға ие болған Гүлия – жас ақын. Жауқазындай өлеңдері республикалық басылым беттерінде жарияланып жүр. Ал Ғалия болса, Алаш арыстарының шығармашылығын терең зерттеп, олар жайлы ағылшын тілінде мақалалар жазып, шет тілінде жарық көретін журналдарға жариялап келеді. Ғалияның жазған зерттеу еңбектері арқылы АҚШ университеттерінде оқитын еліміздің өрендері қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуге өтініштерін де білдіруде.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Смағұл Сәдуақасов ес білгелі білімнің жолын қуып, оқудың маңызын терең түсінген. Оқу арқылы ұлттың жүгін көтеріп, көшін алға сүйрей алатындай жағдайға жетті. Ол, тіпті, Германияда оқуға өтініш те білдірген екен. Білімнің, қарым-қабілеттің арқасында оның қызметте де, өмірде де асығы алшысынан түсті. Міне, осындай ұлыны тану – бүгінгі біздің қоғамға ауадай қажет дүние. С. Сәдуақасовты болашақ тілшілер мен әдебиетшілерге ғана тануды міндеттеуге болмайды. Қазіргі қазақ жастары Смағұлдың Қазақ­станның дамуына арнап көптеген мақалалар жазып, оларды Қазақстанда және Мәскеу газет-журналдарында жариялап отырғанын білулері керек. Сол себептен де барлық мамандық иелері қазақтың қазақ болып бүгінгі күнге аман жеткеніне күш салған жанның барлық оқу орындарында “Тұлғатану” сабағы арқылы оқытылуын жүзеге асыруды қажет деп ойлаймын. Өз ұлтының отына күйген жанды терең білген адам еліміздің жарқын болашағының, еңселі ертеңінің сенімді тұлғасы болмақ.

Сонымен қатар, алдағы уақытта С. Сәдуақасов жөнінде қалам тербеген жазушылардың, ақындардың, ғалымдардың еңбектерін жинап, топтастырып “Өнегелі өмір” атты кітап құрастырмақпыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp