«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ АСҚАҚ АПАЛЫ-СІҢЛІЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Татар этносының өкілдері – апалы-сіңлілі Саттаровалармен таныстығым С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада басталды. Олардың өзара қазақ тілінде әдемі сөйлегенін құлағым шалғанда таңырқағанымды жасыра алмадым. Іле оларды әңгімеге тарттым.

Олар Есіл ауданының Амангелді ауылында туып-өскен. Үйдің үлкені Резида Баймұхаметова қазақ тілінде сауат ашқанын айтты. Ол ғана емес, отбасындағы Фарида, Назира, Эльвира және Жұлдыз есімді сіңлілері де қазақша тіл сындырып, мектепті де, жоғары оқу орнын да мемлекеттік тілде аяқтапты.

Резида Баймұхаметова – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі әрі психолог. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерде, түрлі мекемелерде психология тақырыбын қамтыған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып келеді. Қазақ тіліне жетік әрі сан салалы маманның кеңесіне жүгінушілер жетерлік. Әсіресе, оны еліміздің қазағы көбірек шоғырланған Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өтетін семинарларға жиі шақыртады. Фарида да – педагог. Қазіргі таңда кіндік қаны тамған ауылының мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.  

Эльвира мен Жұлдыз екеуінің бірлесіп “Демеу” балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығы” жекеменшік коммерциялық емес мекемесін ашуына да түрткі болған өзі. Ұйым өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға психологиялық көмек көрсетуді, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауды көздейді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесіп түрлі іс-шаралар мен байқаулар өткізеді. Мектеп оқушыларының қатысуымен орталық “Ұлттық бірыңғай тестілеудің артықшылығы мен кемшілігі” турасында пікірталас ұйымдастырды. Ол да бекер емес, апалы-сіңлілердің айтуынша, оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуден қорықпау үшін оны кеңінен зерттеп, мәселелерін ашығынан айта білулері керек. Сонда ғана тестілеу кезінде бойын билеген үрейді жеңе алады.

Апалы-сіңлілердің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі аналарының ақ сүтімен, әкелерінің тегімен дарыды десек, қателеспеген болармыз. Өзге этнос өкілі болғанымен, әкесі Сәлімжан Саттаров қазақша сөйлегенде қызыл тілден май тамызған шешен болған деседі. Әкелері ауылда механизатор болып қызмет еткен. Ал анасы Фидания Саттарова сауыншы болып еңбек етті. Сонау Кеңес одағы кезінде көптеген қазақ отбасылары балаларын орыс мектептеріне бергені белгілі. Ал Сәлімжан Саттаров, керісінше, бес қызын да жетектеп, қазақ сыныбына кіргізгенде ауылдастары таңғалған. Бұл елдің болашағы қазақ тілінде екендігін ерте кезден аңғара білгенінің айғағы болса керек.

Әкелері механизатор бола тұра, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан. Ол – түрлі медальдардың иегері. Апалы-сіңлілер солардың ішінде әкесіне берілген “Халықтар достығы” орденімен ерекше мақтанады.

– Бала күнімде ауылдың тұрғындары соғым етіне, не өзге де той-томалаққа жинала қалса, “Қандай кітап оқыдың?”, “Сенде “Көшпенділер” не болмаса “Аққан жұлдыз” бар ма?” – деп сұрастыратын. Анам мен әкем шай ішіп отырып, “Қан мен тер”, “Абай жолы” романдарындағы кейіпкерлердің бастарынан өткен оқиғаларды айтып, пікір алмасатын. Әкем: “Қазақ тілін меңгерсеңдер, қателеспейсіңдер”, – деп жиі айтатын. Анам болса осы күнге дейін, тіпті, кей қазақ біле бермейтін нақыл сөздермен мәтелдетіп сөйлегенде түбін түсіреді. Осындай ата-ананың тәрбиесін көріп өскен біз де болашағымызды Абайдың, Мағжанның, Сәбит пен Ғабиттің тілімен байланыстырдық, – дейді ата-анасының тұңғышы.

Ол мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті ересек адамдарға “Демеу” орталығы жанынан қазақ тілі пәнінен курс ашты. Онда қазіргі таңда жүзге жуық адам дәріс алып жүр. Олар мұнымен шектелмек емес. Қазақ тілін меңгеремін деушілерге әрдайым есігіміз ашық, дейді. Себебі, асқар таудай әкелерінің айтқан ақыл-кеңесі апалы-сіңлілердің өмірлік темірқазығы іспетті. Ал оны орындауды олар ел алдындағы парызы санайды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp