«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ АШҚАН ЖАҢА ЕМХАНА тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған Петропавл қалалық №3 емхана бүгінде 62 мыңнан астам адамға қызмет көрсете алатын дәрежеге жетіп отыр. Мекеменің бас дәрігері Әлия Тәшетова әңгіме барысында медициналық қызмет көрсетудің озық әдістерімен таныстырды.

– Бір күнде 500 адам қабылдай алатын екіқабатты ғимарат осыдан 5 жыл бұрын Елбасымыздың қатысуымен ашылған болатын. Мемлекет басшысының 3 су жаңа автокөлік кілттерін табыс ете отырып, алдымызға биік мақсаттар қойған аманатына адал еңбекпен жауап беруге ұмтылып келеміз. Жыл өткен сайын заманауи қондырғылармен қамту жақсаруда. Мәселен, 2013 жылы бұл жөніндегі экономикалық-техникалық көрсеткіштер 77,74 пайызды құраса, былтыр 93,2 пайызға жетті.

– 19-шы, 20-шы, Борки, Солнечный, Зайсан, тағы басқа халық тығыз қоныстанған шағынаудандарды қосқанда емханаға 62602 адам бекітіліп берілген екен. Бұл – қала тұрғындарының үштен бірі деген сөз. Қиындық тудырмай ма?

– Үлкендермен қатар, балалардың да денсаулығын қадағалайтын мекеме болғандықтан, күніне 700-800 науқасқа дейін қабылдауға мүмкіндігіміз жетеді. Терапия, әйелдер және балалар консультациясы, клиникалық-диагностикалық, профилактикалық, әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімдері, кешенді зертхана жұмыс істейді. Олардың бәріне озық үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған. Бұдан тысқары кардиолог, окулист, гинеколог, педиатр, терапевт, онколог секілді өз саласына маманданған дәрігерлер науқастарға емдом көрсетеді. Екі жылдан бері жалпы дәрігерлер учаскесі тәжірибесі кеңінен қолданылады. Олардың саны – алтау. Былтыр үй-үйді аралау, арнайы шақырту арқылы 18396 адамға қызмет көрсетілді. 17 терапевтік, 14 педиатрлық учаске құрылған. Ауру-сырқаулы жандардың кезекте тұруын азайту мақсатымен биылдан бастап Call-орталық қызметі енгізілді. Бұдан былай телефон арқылы қабылдауға алдын ала жазылуға, ақыл-кеңес алуға, өтініш айтуға болады.

Ақылы медициналық қызметтерге сұраныс артқанымен, баға қолжетімді күйде қалғанын айта кеткім келеді.

– Әлия Жақсылыққызы, емхананың кадрлық әлеуеті қалай?

– Бұл еліміз бойынша өткір тұрған мәселелердің бірі ғой. Жоғары оқу орындарын бітірген дипломды жастар көбіне Алматы мен Астананы таңдайтыны жасырын емес. Бірақ біз кадр тапшылығын сезініп отырған жоқпыз. Бүгінгі күні 76 дәрігер, 211 медбике жұмыс істейді. Араларында өз ісінің білгірлері көптеп саналады. Олардың қатарына учаскелік терапевтер Антонина Никиевская, Ғалымжан Уптияров, УЗИ дәрігері Ғалия Бейсенбаева, учаскелік педиатр Аугения Гальдикайте, травматолог Иван Колодий және басқаларды атауға болады. Екі жыл бедерінде 8 жас маман жұмысқа орналасып, біржолғы өтемақыларын алды. Баспананың жалгерлік шығындары да өтеледі. 4 жас маман қайта даярлық курстарынан өтіп, шеберліктерін толықтырып келді.

– Төл мереке қарсаңында жеткен жетістіктеріңіз аз емес секілді.

– Президент “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласы алдына нақты міндеттер қойды. Олардың ішінде бастапқы көмекті аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналдыру, бәсекелестік есебінен медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мәселелері өзекті. Ұлт денсаулығы өркенді еліміздің негізі екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде балаларды, бала туу жасындағы әйелдерді айықтыруға, профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастыруға басымдық берілген. Қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, қатерлі аурулардың алдын алу шаралары да маңызды. Дәрігерлерге мыңдаған адамның өмірі сеніп тапсырылғандықтан, босаңсуға, тоқмейілсуге еш қақымыз жоқ. Гиппократ антына адалдық таныту – басты мұратымыз.

Біз “Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету” аталымы бойынша облыста топ жарғанымызды мақтан етеміз. Ал аралас емханалар арасындағы республикалық рейтингте 15-ші орындамыз. Түрлі дәрежеде ұйымдастырылатын конкурс-байқауларға үзбей қатысамыз. Мұндай ауқымды шаралар дәрігер біліктілігін, шеберлігін жетілдіруге зор ықпал етері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp