«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАСЫЛ ЕЛ” ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің алаңында “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарының XI облыстық маусымының ашылуына арналған жиын өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама бүгінде еліміздің он төрт облысы және екі қаласында сәтті жүзеге асырылып келеді. Қатары екі жүз мыңнан астам жастармен толыққан “Жасыл ел” еңбек жасағы бүгінде үлкен күшке айналды.

Шара барысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов аталмыш мемлекеттік бағдарламаның өңірімізде орындалу барысына тоқталды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды, әсіресе, студенттерді жұмыспен қамтып, олардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін қалыптастыруда айтарлықтай септігін тигізіп отырған жобаның осы жылы көздеген мақсат-міндеттерімен таныстырды.

“Жасыл ел” еңбек жасағы облыстық штабының жетекшісі Асқар Баймұқанов маусым мен шілде айларында 323 жастың жұмыс істеуге, туған өлкелерін көгалдандыруға сақадай сай екендіктерін жеткізді. Олардың дені студенттер болғанымен, жұмыссыздары да кездеседі. Өрендер он екі аудан мен Қызылжардағы орман алқаптарын қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызумен айналыспақ.

Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламадан соң жастар Петропавлдағы мәдениет және демалыс саябағын абаттандыруға кірісіп кетті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp