«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР-АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ер адамдар әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе сирек қаралады. Соның салдарынан олардың орташа өмір сүру ұзақтығы жылдан-жылға кеміп барады”, – деді облыс орталығындағы №3 қалалық емханада өткен іс-шарада еліміздің бас урологы, “Б.У.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы” акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Мырзакәрім Алшынбаев.

“Ерлердің денсаулық мектебі” – облысымызда дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын ауқымды шара. Екі күнге созылған шарада еліміздің белгілі емдеу мекемелерінен келген дәрігерлер ер-азаматтарды тексерді. Оған 150 солтүстікқазақстандық қатысты. Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, олар 6 түрлі медициналық тексерістен өтіп, кардиолог, уролог және эндокринолог дәрігерлерінің кеңесін алды.

Әдетте ер адам денсаулығы сыр беріп, жүрегі ауырып, қан қысымы төмендеп немесе жоғарыласа, кардиологқа, терапевтің көмегіне жүгінеді. Ал қан қысымы, жүрек-қан аурулары, қант диабеті сияқты созылмалы аурулар урологиялық дерттерге де байланысты болуы мүмкін. Бұл дерттен жазылу үшін кешенді ем қолдану қажет екендігі назардан тыс қалып барады, дейді дәрігерлер. Сол себепті “Ерлердің денсаулық мектебі” шарасының аясында Мырзакәрім Алшынбаев бастаған дәрігерлер облысымыздың әр саладағы медициналық қызметкерлері үшін семинар өткізді. Онда “Кардиология және ішкі аурулар” ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Сәлім Беркінбаев және Қазақстанның алдын алу медицинасы академиясының академигі, профессор Михаил Зельцер ерлер денсаулығы мәселелеріне қатысты дәрістер оқып, шеберлік сыныптарын жүргізді.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық облыстарында дерлік осындай мектептер ашылып, жұмыс істеуде. Алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес облысымызда простатит ауруына шалдыққан науқастардың саны Маңғыстау өңіріне қарағанда аз. Десе де, белсіздік дерті жоқ емес, бар. Оның басты себебін дәрігерлер ер адамдардың психологиясымен байланыстырып отыр. Ер-азаматтардың денсаулығын жіті бақылауға алу қажет. Сол себепті 2016-2020 жылдарды қамтитын “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңінде ерлердің денсаулығы скринингтік тексерістерге енгізілетін болады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp