«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСИЕТТІ ҚАРАШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің ең байырғы ұлттық баспасөз басылымының бірі “Солтүстік Қазақстан” газеті екені әмбеге аян. Оның алғашқы нөмірінің шыққанына биылғы жылдың 22 ақпанында 95 жыл толды.

Осыған дейін “Солтүстік Қазақстанның” 85 және 90 жылдықтарына арналып “Дәуір-дастан” және “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” атты екі кітап оқырмандарды өзінің қазыналы тарихымен таныстырған еді.

Осынау игі дәстүрден жаңылмай, газет редакциясы өзінің 95 жылдығын есте қалдыру мақсатымен жаңа жинақ шығаруды ұйғарып, оны “Қарашаңырақ” деген атпен оқырмандарға тарту етті.

“Қазақта “Қарашаңырақ” ұғымы киелі. “Кедей сөзі” бесігін тербеткен, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Солтүстік Қазақстан” сынды бес белестің басын қосып ер жеткен, керегесі қара сөзбен керілген, өлеңмен өрілген газетіміз, шын мәнінде, қарашаңырақ. “Жапырағы қуарған ескі үмітпен” деп ұлы Абай жырлағандай, өліп те, тіріліп те көрген, өңір өмірінің айнасы үлкен жолдан өтті, абыз жас – 95-тің биігіне көтерілді» деген аңдатпа аталған жинақтың мазмұнынан сыр тарқатып, астарын айқындап береді.

“Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов құрастырған кітап өңір басшысы Ерік Сұлтановтың “Облыс шежіресі – қастерлі қарашаңырақ” атты алғысөзімен ашылады. Келесі кезекте “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры, Қазақстанның құрметті журналисі Кәрібай Мұсырман басылымның бастапқы күнінен бүгінгі биігіне дейінгі белестеріне бойлай отырып, әмсе журналистер қауымына берілер бағаны – “Алла Тағала қолдарына қасиетті қалам ұстатып, бұл дүниеде Әділдік пен Шындықтың жаршылары етіп жаратқан ардақты әріптестеріміздің әрқайсысына бір-бір кітап арнасақ та, артық емес” деп тілші-қаламгердің құрметі мен міндетін екі ауыз сөзбен санаға сіңіреді.

“Бейнесінде мезгілдің белестері” деген алғашқы тарауда ұлы Мағжан Жұмабаев бастаған алаш ардақтыларының, осы газеттің сол күндерінен былай болашағына дейін қалам қайратымен, зәредей болса да, күш-жігер, пәрмен берген Смағұл Сәдуақасұлы, Мәжит Дәулетбаев, Сәбит Мұқанов сынды тұғыры биік тұлғалардың, қазақтың көрнекті қаламгерлері Ғалым Малдыбаев пен Сафуан Шаймерденовтің мақалалары, көркем очерктері, естеліктері жүрегіңе ұялайды.

Әбілқайыр Досов іргетасын орнатып, бүгінде Кәрібай Мұсырман газеттің қастерлі ғасырлық асуға беттеуіне бағыт-бағдар беріп келе жатқан редакторлардың өмір өрнектері мен тұлғалары “Басылымның әр жылдардағы басшылары” тарауында тарқатылады.

“Көзден кетсе де, көңілден өшпейді”. Иә, нақ айтылған пайым. Өйткені, өткенін жадынан шығарғандар болашағынан тамырын үзгендер болмақ. Сондықтан бүгінгі қаламгерлер қауымы газеттің іргетасын қалаған тұлғаларды ардақ тұтады. Осы ретте Жарасбай Сүлейменовтің ұлы Мағжанға арнаған “Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар…” атты эссесінен бастап желі тартқан естеліктер, ғибратнамалар легі өмірден озған ағаларға, әріптестерге, қаламдас достарға күні бүгінде көзі тірі тілшілердің тартуы саналады.

Тілшілер тірлігінің сан қилы сәттерін қамтыған суреттер кітап ажарын аша түседі. Осындай астарлы, басылым шежіресін шертетін жинақ газеттің ғұмырнамасы екені айдан анық. Ал оның “Қарашаңырақ” атануы, тіпті де, қымбат әрі қастерлі.

Қасиетті қарашаңырағына табынбайтын қазақты тауып көріңіз! Біз де “Солтүстік Қазақстанды” сондықтан ардақ тұтамыз.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp