«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫН КЕЗЕҢДЕ ШЫҢДАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құқық қорғау органдарында абыройлы еңбек етіп жүрген жандардың бірі – қазақтың қарапайым баласы Самат Рақымжанов. Ол 1988 жылы Талшық орта мектебін тамамдаған соң ауылдың мыңдаған түлектері сынды үлкен қалаға – Целиноградқа аттанды. Онда шоғырланған бірнеше институттың ішінен инженер-құрылыс институтын таңдап, емтиханды жақсы тапсырып, бірден оқуға қабылданды. Бесжылдық студенттік өмір зымырап өте шықты. “Автомобиль және автомобиль шаруашылығы” бөлімшесін аяқтап, инженер-механик болып шықты.

1993 жылы жас тәуелсіз Қазақстан шекарасын нығайтып, көрші мемлекет арасында тоспа қоя бастады. Осыған орай ішкі істер органында арнайы жол полициясы қызметіне қарасты бақылау-өткізу нысаны ашылды. Соған байланысты жаңа ашылған органға жас жігіттерді іріктеп, қабылдай бастады. Құжатын ұсынған Самат Шерғалиұлы да жүздеген үміткерлердің ішінен сынақтан ойдағыдай өтіп, полиция қызметкері атанды. Сонда үздік моральдық-психологиялық қасиеттерімен қатар, Саматтың инженер-механик мамандығы септігін тигізді. Өйткені, жол полициясы қызметкері автокөлікті жетік білуі тиіс.

90-шы жылдардың басында жаңа құрылым – бақылау-өткізу бекетінде жұмыс істеу қиынға соқты. Екі елдің арасында толассыз ағылған машиналар легі, солардың ішінде заңсыз өткізуге тырысқан тауарлар, қауіп төндіретін күдікті тұлғалар… Жалпы бұл қиындығы мол 90-шы жылдар еді ғой. Дегенмен, жас офицер Самат Рақымжанов бұл қызметте табандылық, біліктілік танытып, озық қызметкерлер қатарына енді. Сөйтіп, мұнда екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін, зеректігін байқаған басшылық оны жаңадан ашылған мемлекеттік тергеу комитетіне тергеуші қызметіне ауыстырды. Содан әр жылдары мемлекеттік автоинспекцияда аға инспектор, кезекші бөлімінің аға инспекторы, бастығы болды. 2000 жылдың 4 ақпанынан бастап аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары – қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалды. Аталған лауазым аудандық ішкі істер бөліміндегі әкімшілік полициясы (бұрынғы жол полициясымен бірге), көші-қон, учаскелік қызметтердің жұмысына жетекшілік етеді. Бұл қызметтердің қайсысы болсын жауапты. Сондықтан Самат Шерғалиұлына қарамағындағыларға қатаңдықпен қатар, біліктілік, кәсіпқойлық секілді қасиеттерді жиі пайдалануына тура келді. Бір учаскелік инспектордың жұмысын қадағалаудың өзі оңай шаруа емес. Егер белгілі бір ауылдық округте инспектор тиянақты жұмыс істесе, қарамағындағы округ тұрғындарын жетік біліп, жағдайды үнемі көз алдында ұстаса, онда бұл елде қылмыстың жасалуы екіталай. Сондықтан елдегі учаскелік полиция қызметкерлерімен атқаратын жұмысты жас басшы назардан тыс қалдырған жоқ.

Бүгін, міне, елдің тыныштығын сақтап жүрген полиция подполковнигі Самат Рақымжанов қырықтың қырқасына шықты. Самат Шерғалиұлы сынды еліміздің тыныштығын сақтайтын ерен, қайратты әрі парасатты тәртіп сақшылары көп болғай деп тілейміз.

Болат ӘМРИН,

журналист.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp