«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов жыл бойы атқарылған жұмыс туралы есеп берді.

Өңірдің бизнес-қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлік субъектілері мен аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының басшылары қатысқан алқалы жиында Тұрар Ысқақов кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты басты бес бағытқа кеңінен тоқталды.

– Өңірлік кеңес жұмысында 28 отырыс өтіп, әртүрлі 64 мәселе қаралды. Ал жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасына 4 мыңнан астам өтініш-тілек түсті. Оның 296-сы бизнесті қорғау жөнінде. Бүгінгі күні 159 өтініш-тілектің нақты шешімі табылды. Кәсіпкерлікті дамытуда күрмеуі қиын мәселелер де жетіп артылады. Табиғи монополиялардың субъектілері мен агро-өнеркәсіп кешендері корпорациялары саласында демеуқаржы бөлу, мемлекеттік қолдау жөніндегі өзге де шараларда кәсіпкерлер бірқатар кедергілерге тап болады. 2015 жылы әкімшілік кедергілерге қатысты 196 мәселе қарастырылды. Оның бірқатары қазір шешімін тапты, – деді Тұрар Ысқақов. Оның айтуынша, бизнесте негізгі проблемалар салық, жер, құрылыс салаларында туындайды.  

Туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бағытында палатада сараптама кеңестері, кеңес беру орталықтары, жұмыс топтары құрылып, қоғамдық қабылдаулар болғаны ерекше айтылды. Қазіргі таңда өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы жүзеге асырылуда. Оның аясында өңірде қажетті мамандықтарды игеруде, кәсіпкерлікті дамыту жөнінде іс-шараларды, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілері тізілімін анықтауға зор мүмкіндік бар. Палатаның ықпалымен 2,3 миллиард теңгенің 250 жобасы іске асырылып, 506 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, аталмыш орталықтың бастамасымен болашақ кәсіпкерлер үшін оқыту курстары ашылды. Бүгінде 770 тыңдарман өзіне қажетті ақпарат алып, облыстың 13 ауданы бойынша 6 мың кәсіпкерге 11700 қызмет көрсетілді. Ал 1228 бизнес субъектісі 1798 сервистік қолдауға ие болды.

Тұрар Ысқақовтың айтуынша, дуальді оқытуға қатысты да нақты атқарылып жатқан жұмыс бар. Бүгінде облыста 24 мамандық бойынша студенттерге дуальді білім берілуде. Мамандарды қайта даярлау мен оқытуда колледж педагогтері өндіріс орындарында тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырды. Жыл басынан бері оқыту орталықтарынан 1484 маман қайта оқыту мен даярлық курстарынан өтті. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің базасында қанатқақты жоба бойынша экономикалық мамандықтарда оқымайтын түлектер үшін бизнес-мектеп ашылды. Бүгінде кәсіпкерліктің негіздері жөнінде кәсіптік білім беру мекемелерінде 14 бизнес-мектептің жұмысы қолға алынды.

Бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау палата қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осыған орай кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесі жұмыс істеуде.

Жиын барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Куанова атқарылған жұмыс жайын баяндады. Жыл басынан бері кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің отырыстарында бірнеше мәселе қаралып, бизнес субъектілеріне қолдау көрсетілгені айтылды. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсететін монополист кәсіпорындардың мәселелері бойынша сараптама кеңесінің төрағасы Александр Казанцев кеңестің жұмысы туралы есеп берді.

Есеп беру соңында кәсіпкерлер жаңа жылдан бастап қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу туралы өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp