«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕР ТІГІНШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айсұлу Есманова – ұлттық киім тігу шебері. Аудан орталығында ұлттық киім орталығын ашу оның көптен бергі арманы болатын. “Қалауын тапса, қар жанар” дегендей, еңбекқорлығы мен ерекше талпынысының арқасында ол арманына қол жеткізді.

Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылының тумасы Айсұлу Есманованың ұлттық киім тігу және ұлттық тұрмыс заттарын жасау ісімен шұғылданғанына біраз жыл болды. Тұрақты тапсырыстар қабылдай бастаған Айсұлу Қазкенқызы тігін шеберханасын ашуды жоспарлағанымен, ісін іліп әкетуге қажетті қаржысы болмаған. Содан облыстық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалына келіп, мүгедек кәсіпкерлерді қолдаудың бағдарламалары туралы кеңес алды. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілері оны “Гранттық қаржыландыру”, “Даму-Көмек” және “Жұлдыздарға қара” жобаларының шарттарымен таныстырып, ақыл-кеңес берді.

Шебер бірден үш бағдарламаға қатысып, өзінің бағын сынауды жөн көрді. Алдымен “Бизнес-Кеңесші” және “Бизнес өсу” жобалары бойынша оқыту курсынан өтіп, білімін шыңдады. Кейін орталық мамандары іскер әйелге қолдау білдіріп, қажетті құжаттар жинауға көмектесті. Өкінішке қарай, “Гранттық қаржыландыру” бойынша Айсұлудың жобасы мақұлданбады. Бірақ ол “Даму-Көмек” бағдарламасы аясында тігін шеберханасына қажетті мата сатып алуға демеушілік көмек алды. Бұл көмекті оған “Тюгумбаев Н.Ж.” жеке кәсіпкерлігі көрсетті. Тігіншілік кәсіп үшін қажетті мата мен жиһаз сатып алынды.  

Айсұлу “Жұлдыздарға қара” байқауынан да сәтті өтіп, 300 мың теңге сомасындағы грант жеңімпазы атанды. Бұл қаржыға ол тігін машинасын алды. Алайда, бұл жетістіктеріне тігінші тоқмейілсіген жоқ. Дамудың даңғыл жолына түсіп, әрі қарай кәсібінен нәсіп табуды басты мақсат етті. Аудан орталығы – Явленка ауылында сауда нүктесін ашу үшін қажырлы еңбек етті. Осы мақсатта облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалы өзге кәсіпкерлермен байланыс орнатып, “Азия” дүкенінен ақысыз жалға алу орнына қол жеткізуіне жағдай жасады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp