«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӘРТІПТІ КӨЗДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2015 жылғы 9 қараша күні Елбасы “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңға қол қойды. Бұл құжат қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды құру тәртібін және қызметін айқындады. Облыстық ішкі істер департаментінің жанындағы қоғамдық кеңеске Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Жасұлан Ахметов жетекшілік етеді. Ол қоғамдық институттың мақсат-міндеті жайында әңгімеледі.

– Қоғамдық кеңес мүшелері полиция бөліністерінде өткізілетін тәртіптік комиссия отырыстарына, жеке құрамды аттестаттауға, тұрғындармен кездесулерге, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдауларға, сондай-ақ, басқа да өткізілетін іс-шараларға қатысып тұрады. Қоғамдық кеңес тәртіп сақшылары мен азаматтық қоғам институттары арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, түрлі мәселелерде жедел шешімдер қабылдайды және тәртіп сақшыларына тәжірибелік көмек көрсетеді.  

Мемлекеттік органдар қоғамдық кеңес мүшелерімен санасып, олардың ұсыныстарын ескеріп отырады. Биыл департамент жанындағы кеңестің 10 отырысы өтті. Онда айтылған ұсыныстар мәслихат сессияларында, атқарушы орган жиындарында көтеріліп, кейін шешімін тапты. Петропавл қалалық және аудандық бөлімдерде де қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық жиындар аудандық бөлімдерде селекторлық режімде өткізіледі. Аудандардағы қоғамдық институттардың жұмысын да бақылауда ұстаймыз, есепті кезеңдердің нәтижесі бойынша талдау жүргізіліп, пікір алмасып, кемшіліктер талқыланады. Департаменттің көшпелі отырысы өтіп тұрады.

– Қоғамдық кеңес мүшелері департаменттің тәртіптік комиссиясының жиналыстарына да қатыса алады ғой. Құқық бұзушылыққа жол беретін полицейлер көп пе?

– Сыбайлас жемқорлық, әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылықтарға жол берген басшылар қатаң жазаланады, тіпті, департамент басшылығының бұйрығымен қызметтерінен қуылғандар да бар. Кінәлілер тәртіптік комиссияларға шақырылып, жауап береді. Бұқара алдында жазалау шаралары өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен жүргізіледі. Мағжан Жұмабаев ауданының полицейі аудан тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғамау үшін 40 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталды. Сот шешімі жария етілген күні сот залына аудандық бөлімнің барлық жеке құрамы шақыртылды. Аталған факті бойынша деректі фильм әзірленді. Бұл бейнефильм барлық бөлімдерде көрсетілді. Жыл бойы жүргізілген алдын алу жұмысының біреуін ғана мысалға келтіріп отырмын. Сонымен қатар, Тимирязев ауданының ішкі істер бөлімінде 9 айдың нәтижесі бойынша жедел кеңес өткізілді. Аталмыш ауданның учаскелік полиция инспекторы Сулы ауылының тұрғынына әкімшілік хаттама толтырмау үшін 20 мың теңге пара алған. Тәртіптік комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берген басшылардан да жауап алынады. Жемқорлыққа бой алдырып, бір мезгілде құрмет пен абыройдан ғана емес, отбасындағы тыныштықтан да жұрдай болуға болады. Сондықтан біздің мақсатымыз – бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берудің алдын алу, “мүлдем төзбеушілік” қағидатын қалыптастыруға атсалысу, тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімін нығайту.

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp