«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСУЛАР – АЛДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев елдің басты мақсаттарын айқындап, Қазақстанды Мәңгілік Елге айналдыру, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу үшін әрі қарай қандай бағыт-бағдар ұстанатынымызды атап көрсетті. Мемлекет басшысы: “Жаһандық дағдарыс – тек қауіп қана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер”, – дей отырып, дағдарыс жағдайындағы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған кезек күттірмейтін тапсырмалар берді.

Жолдауда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы – 28, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердің еңбекақысы 40 пайызға дейін өсетіні айтылған. Алдағы жылы қоғамның әлжуаз тобына төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды 25 пайызға өсіру, шәкіртақыны көтеру – Президенттің халыққа жанашырлығынан туған шешім. Бүгінгі жаһандық дағдарыс екпін алған кезде мемлекеттік бюджетке бұл өсім оңай соқпайды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 30 пайызға арттыру көзделеді. Мемлекет басшысы: “100 нақты қадам” Ұлт жоспары … ауқымы жағынан 90-шы жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес”, – деді. Жолдауда Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді шешудің нақты тетіктері айқындала түседі.

Елбасы қойған міндеттер ауданымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Аудан аумағындағы жолдар жөнделіп, таза ауызсу мәселесі жылдан-жылға оң шешімін табуда. “Құлан” және “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы дамып, мал саны артуда. Кәсіпкерлік саласы бойынша жұмыс істеймін деген азаматтарға несие беріліп, соның арқасында жұмыссыздық деңгейі төмендеуде. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жас мамандар жұмысқа тартылып, “Серпін” бағдарламасы бойынша Ленинград ауыл шаруашылығы колледжіне 50 студент қабылданды.

Мұның бәріне аудандық мәслихат депутаттарының қосып отырған үлесі мол. Депутаттар ауылдарға барып, жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселелерді шешуге тырысады. Сондай мақсатпен шілде айында аудандық мәслихат аппараты басқарған депутаттар аудандағы барлық округтерде болып, “Ақ бұлақ” бағдарламасының атқарылу барысы және басқа да мәселелер бойынша тұрғындармен кездесті. Бұл кездесулерде ауызсудан басқа ауылдық клубтар, ФАП-тар, мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу, ауыл көшелерін жарықтандыру, мүгедектер мен тұрмысы төмен отбасыларға жағдай жасау сияқты мәселелер қозғалды.

Жаһандық дағдарыстан жеңіспен шығу үшін Жолдауда көрсетілген бағыттарды қолдап, әрқайсымыз өз қолымыздан келетін жұмысты атқарсақ, кез келген қиындықты еңсереріміз сөзсіз. Елбасымен бірге Қазақстан халқының игілігі үшін әлі де талай асуларды бірге бағындыратынымызға сенім мол және соған тілектеспіз.

Мұхамед ЖҰМАБАЕВ,

 Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp