«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы уақытта балаларға қатысты зорлық-зомбылық жиі орын алуда. Кейбірі оң-солын танымай жатып, азғындардың құрбанына айналса, енді бірі туған ата-анасынан зәбір көруде. Сондай-ақ, ата-ана жылуын сезінбегендіктен, бесіктен белі шықпай жатып, құқық бұзушылықтың құрығына іліккендері қаншама?! Облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметовамен осы мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.

– Раушан Жайыққызы, бүгінгі таңда өңіріміздегі жасөспірімдердің тәртібін қалай бағалауға болады?

– 2013 жылдан бері облыс аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыс азая түскені байқалады. Мәселен, былтыр 21,8 пайызға төмендесе, үстіміздегі жылдың 9 айында 3 пайызға азайды.

Жасөспірімдер жасайтын қылмыстың алдын алу үшін ішкі істер органдарының ювеналдық полиция бөлімі көптеген шараларды жүргізуде. Солардың бірі – кәмелеттік жасқа толмағандарды алдын алу есебіне қою. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің жалпы саны – 705. Сондай-ақ, 738 қолайсыз отбасы есепке алынған.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың, қолайсыз отбасы балаларының арасында орын алатын қылмыстың алдын алудың тиімді жолы – бос уақытты ұйымдастыру.

– Қолға алынған осы жұмыс қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Жүргізілген сараптама көрсеткеніндей, қылмыстың алдын алу және ескерту жұмысы бойынша құзырлы органдар тарапынан қолға алынған шаралар жеткіліксіз. Мәселен, үстіміздегі жылдың басында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылындағы орталық аудандық ауруханаға 2000 жылы туған қыз бала жүктіліктің 39-шы аптасында медициналық көмек сұрай келген. Аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі іс жүргізу басталып, кәмелеттік жасқа толмаған қыздың келісімімен жыныстық қатынасқа түскен 1993 жылғы адам анықталды. Тергеу нәтижесінде екі жақ бітімге келіп, қылмыстық іс тоқтатылды.

Аудандық прокуратура мектеп басшылығының, медициналық қызметкердің, әлеуметтік педагогтің жасөспірімнің жағдайынан хабары болмағанын анықтады. Осы орайда Ломоносов орта мектебінің 8 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның екеуі жұмыстан шығарылды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар жасауы тиіс кәмелеттік жасқа толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы жалпылама сипатқа ие. Яғни, балаларды тәрбиелеу және оқыту бойынша міндеттерін орындамайтын, кәмелеттік жасқа толмағандардың тән және рухани тұрғыдан қалыпты дамуына кері әсер ететін ата-аналарға уақтылы шара қолданылмайды. Мәселен, 2014 жылы сәуір айында Ақжар ауданы әкімдігі жанындағы комиссия отырысының хаттамасы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына А. деген азаматты ата-ана құқығынан айыру үшін материалдарды әзірлеп, облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған сотқа жіберу жөнінде ұсыныс жасалған. 2015 жылы аудандық прокуратура тексерген кезде қамқоршылық және қорғаншылық органы аталмыш азаматты ата-ана құқығынан айыру мәселесін шешпек түгілі, комиссияның жасаған ұсынысын бір жыл бойы орындамаған. Дәл осы ауданда 2003 жылы туған бала есепте тұрған. Есептерде уәкілетті органдар кәмелеттік жасқа толмаған баламен, оның анасымен бірнеше мәрте алдын ала әңгіме өткізгені жазылған. Жасөспірімнің отбасын сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог қадағалап отырған. Прокурорлық тексеріс кезінде аталған жұмыс жүргізілмегендігі, ал баланың анасы 2011 жылы қайтыс болып, бұл жағдайдан уәкілетті органның өкілдері хабарсыз екендігі анықталды. Осыған қарап, комиссиялардың жергілікті жердегі жұмысы отырыстар мен кеңестер өткізіп, уәкілетті органдардың жұмысына сараптама жасап, білім беру және ішкі істер органдарының жұмысынан көшірілген ақпаратты берумен шектелгендігін көруге болады.

– Үстіміздегі жылы өңіріміздегі колледждерде оқитын кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларға қатысты жайсыз фактілер орын алды. Осындай жағдайлардың көбеюінің себебі неде?

– Бұл жағдайлардың орын алуына қандай себеп түрткі болғанын айтпас бұрын бір-екі фактіге тоқталып өтейін. Мәселен, үстіміздегі жылғы 16 наурыз күні Есіл аудандық ішкі істер бөліміне 1998 жылы туған қыз бала бір күн бұрын өзін белгісіз ер адамның жүк көлігінің кабинасында зорлағанын айтып, шағымданған. Тергеу кезінде белгілі болғанындай, Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінің 1-курс студенті аптаның әр жұма күні үйіне барады екен. Осы жолы да үйіне барып, қайтарда жол бойына шығып, жүк көлігіне мінген. Ал оның 1987 жылы туған жүргізушісі жолда тоқтап, қыз баланы зорлаған. Алайда, бұл іс екі жақ бітімге келгендіктен, тоқтатылды. Ал Айыртау аудандық ауруханасына аяғы ауыр 1999 жылы туған қыз бала келген. Аталмыш факт бойынша аудандық ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, Саумалкөлдегі агротехникалық колледждің 1-курс студентімен байланысы болғанын және мұның барлығы аталмыш оқу орнының жатақханасында орын алғаны анықталды. Бұл қылмыстық іс те екі жақтың бітімге келуімен тоқтатылды.

Осы орайда айтарым: алыста тұратын балаларды білім беру ұйымдарына жеткізуді ұйымдастырмаудың салдарынан, олар осындай жағдайларға тап болуда. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілері облыс колледждерінің жатақханасында тұратын жасөспірімдердің өміріне көңіл бөлмейді.

– Жасөспірімдерге қатысты қылмыс түзде ғана емес, өз үйінде де жасалып жатады ғой. Осы орайда өз үйінде зорлық-зомбылық көріп жүрген балаларды қорғау үшін қандай жұмыс қолға алынған?

– Құқық қорғау органдары, оның ішінде учаскелік инспекторлар өз жұмыстарына салғырт қарайды. Себебі, жәбірленушілер отбасыларының көбін қолайсыздар санатына жатқызуға жеткілікті ақпарат бар. Отбасында бұрын сотталған, ішімдікке әуес, еңбекке қабілетті, бірақ жұмыс істемейтін адам өмір сүрсе, диспансерлік немесе өзге де арнайы есепте тұрған, өгей әке немесе тумаған қыз бар болса, осындай қолайсыз отбасындағы жасөспірімдерді зорлық пен өзге де құқық бұзушылықтан сақтау үшін қажетті алдын алу шараларын бірден қолға алу қажет. Белгіленген талаптар болса да, ішкі істер органдарының жасөспірімдер жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға қатысты жұмыстарға салғырттық танытып, білім беру ұйымдарымен және кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссиямен қарым-қатынасқа да атүсті қарайды. Қолайсыз отбасылар мен бұрын қылмыс жасаған тұлғаларға қатысты сақтандыру жұмысын мүлдем жүргізбейді. Мәселен, Петропавл қаласы мен Ақжар ауданының прокуратуралары жүргізген сауалнама кезінде көбісі сыныптастарымен, жоғары сыныптың оқушыларымен, бөгде тұлғалармен кикілжің болған кезде оны шешуде мектеп инспекторлары тарапынан ешқандай көмектің жоқтығын көрсеткен. Олардың пікірінше, мектеп инспекторлары көмекті тек бопсалау және төбелес орын алғанда ғана көрсетеді екен.

Осыдан кейін құзырлы мемлекеттік органдардың кәмелеттік жасқа толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайларға дер кезінде назар аудармауынан балалардың қорғансыздығы күшейеді. Осының барлығы аталмыш бағыттағы жұмысты жандандырып, қажетті кешенді шараларды қабылдау қажет екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

– Прокуратура тарапынан қандай да бір ұсыныстар бар ма?

– Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімділігі жүргізілген профилактикалық шаралардың сапасына байланысты. Сараптама көрсеткендей, уәкілетті органдар тұрғындарды, оның ішінде балаларды зорлық-зомбылықтың құрбаны болу қаупін ескерту бойынша жүйелі жұмыс жүргізбейді. Көзден таса қалған балалар қарсылық көрсете алмайтын қауқарсыздығынан қылмыстың нысанына айналуда. Осы орайда қазір жергілікті жерде жұмыс істеп жатқан кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі мобильдік топтар облыстың, қаланың әр ауданында қолайсыз отбасылардың нақты санын анықтаулары қажет. Ай сайын учаскелік инспекторлардың есептерін тыңдап, балаларға зорлық-зомбылық көрсетілсе, оның ата-анасы мен кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды қарастыру керек.

Жергілікті атқарушы және ішкі істер органдары пәтер иелері кооперативі төрағаларымен бірлесе ата-ана құқығын орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғандардың, отбасында ұрыс-керіс шығарушылардың, коммуналдық қызметті төлемейтіндердің, спиртті ішімдіктер мен есірткі пайдаланушылар ретінде есепте тұрғандардың, бұрын зорлық-зомбылық қылмыстары бойынша сотталғандардың тізімін жасау керек. Ай сайын учаскелік инспекторлардың аталмыш тұлғалармен жүргізіп жатқан жұмыстарын тыңдаған жөн. Қылмыс жасалуы мүмкін орындар тізімін әзірлеп, оларды жол-патрульдік полициясының бағытына енгізу керек. Сонымен қатар, балалардың сабақтан кейінгі бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың мектепке қауіпсіз барып-келуін қамтамасыз еткен жөн. Яғни, балаларды зорлықтан сақтау үшін оларды мектепке тасымалдайтын көлік бөлген дұрыс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp