«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕКСЕНІНДЕ ТАУҒА ШЫҚҚАН ТАРЛАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүкіл саналы ғұмырын өзінің сүйікті ісіне арнап, сол ұзақ жылғы еңбегі арқылы артына басқалар айтып жүрерліктей із қалдырған, алайда атқарған жұмыстарын күні бүгінге дейін бұлдамай, көптің бірі болып өмір сүріп жатқан құрмет тұтар қарттарымыз, Құдайға шүкір, арамызда аз емес. Солардың бірі облыс орталығының тұрғыны Тілек Әбдірахманов десек, қателеспейміз.

Тілек ағай қазіргі Аққайың ауданының бүгін аты ғана қалған Мөжікбай ауылында ерлі-зайыпты Әйтім мен Қадишаның отбасында дүниеге келіпті. Кейін осы жерде “Маңғұл” ұжымшары құрылған көрінеді. Ауылда бастауыш сыныпта оқи жүріп, Ұлы Отан соғысы кезінде қатарластары сияқты ұжымшардың жұмысына қолдан келген көмегін көрсеткен. Жергілікті жердің оқуын тамамдағаннан кейін жоғары сыныптарды аудан орталығы – Смирново ауылында орыс тілінде жалғастырып, орта мектепті күміс медальмен бітіріпті. Тілек Әйтімұлы арман қуып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскенімен, ауа райы жақпай, елге қайтып оралуға мәжбүр болғанын өкіне айтады. Сөйтіп, еңбек жолын аудандық тұтынушылар одағында есепші болып бастайды да, 10 жылға жуық уақыттан кейін байланыс саласына ауысады. Осы кезеңде Алматы халық шаруашылығы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді.

Көпті көрген көне көз қарт бүгінгі күні Бескөл ауданында атқарған жұмыстарын ерекше бір ыстық сезіммен еске алады.

– 1967 жылы бұрынғы Соколов, Булаев, Совет, Ленин аудандарының шекаралас ауылдары негізінде Бескөл ауданы құрылды. Сол кезде аудан орталығында “СевНИИЖ” бен құс фабрикасы ғана жұмыс істейтін. Мені жаңа құрылып жатқан осы ауданға байланыс торабының бастығы етіп тағайындады. Бескөлде 20 нөмірлік телефон стансасынан басқа ештеңе де жоқ. Пошта деген аты ғана. Мерзімді баспасөз құралдары тау-тау болып үйіліп қалған. Телефон байланысын кеңейту, қолда бар штатпен газеттерді үйді-үйлерге тарату күн тәртібіне қойылды, – дейді Тілек Әбдірахманов.

Сөйтіп, іске кіріскен басшының жарғақ құлағы жастыққа тимеуі арқасында аудан орталығына үшқабатты байланыс торабының ғимараты, жергілікті мамандар үшін Фурманов көшесіне – 12, Комаров көшесіне 3 пәтерлі тұрғын үй салынған, алғашқы жылы әрқайсысы 120 нөмірлік 2 телефон стансасы орнатылған, жаңадан құрылған кеңшар орталықтарында пошта бөлімшелері ашылған, оларға мерзімді баспасөз бен хаттарды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды дер кезінде жеткізіп беру жолға қойылған, жергілікті радиохабарларын тарататын торап іске қосылған.

1975 жылы іскер маман Мемлекеттік пошта қызметі облыстық басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Он жылдан кейін басқарма бастығының бірінші орынбасары, 1993 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық басқарманың бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, Қазақстанның “Құрметті байланысшысы” атағына ие болады.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін сол кездегі Қазақстан Республикасы Байланыс министрінің өтінішімен облыс орталығында алғашқы “Қазақ баспасөзі” бөлімшесін құрып, мекемелерде мерзімді баспасөз құралдарын сатуды және таратуды жолға қойғанын, екі жылдан кейін, яғни ХХІ ғасырдың басында зейнеткерлер қатарына қосылғанын Тілек ағамыз әңгіме барысында айтып өтті.

– Биыл тамыз айында Райхан қызымның: (“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалының директоры) “Бар да бар!” – деп күштеуімен 16 жасар Ерлан немерем екеуіміз “Оқжетпес” курортында демалып қайттық. Сонда Ғарифолла Есім, Болат Бодаубай сынды небір жайсаңдармен дәмдес болдым, – деп бастады әңгімесін Тілек Әйтімұлы.

Курортта демалушыларға экскурсия ұйымдастыратын Балғабай Күлпейіс деген азаматпен де сол жолы жақын танысады. Ол осыдан біраз жыл бұрын Меккеге жаяу барып, қажылық парызын өтеп келген екен. Биыл Қазақ хандығының мерейтойына орай Бурабайдағы Абылай хан алаңынан бастап, тағы да 550 шақырым жаяу жол жүріпті. Экскурсия ұйымдастырушы Тілек ағайды немересімен бірге Көкше тауының басына шығуға үгіттейді. Жол сапарының сызбасын да көрсетеді. Әйтеуір, не керек, қарттардың да тау басына шыққанын айтып, елгезек ағамызды көндіріп тынады.

– 18 тамыз күні осыдан үш жыл бұрын о дүниелік болған, Құдай қосқан қосағым – Қапура Есдәулетқызымен отау құрғанымызға 58 жыл толған. Еліміздегі атаулы күндермен бірге бұл сапарымды жан жарымның рухына, таяуда дүниеге келген бірінші шөберем Асылға да арнайын деген ниетпен келесі күні түс ауа мұнартып тұратын сұлу Көкшенің басына қарай аттанып кеттік. Бізге жазушы Болат Бодаубай да ілесті. Жолбасшымыз – Балғабай ініміз. Жол бойғы жартастар шығуға қанша қиындық келтірсе де, таудың басына күн ашықта жетіп үлгердік. Сонымен 947 метр деген межеге келіп, бірақ тоқтадық. Көкшенің айна көлдері, тау сілемдері, тік-тік жақпар тасты “Оқжетпес” пен “Жұмбақтас”, “Сандықтас” – айналаның бәрі алақандағыдай көрінеді екен. Не деген тамаша табиғат?! Мұндай әсем құбылысты өмір бойы көрмеппін ғой. Сонымен біраз аялдап алып, кері қарай жол тарттық. Тауға шығудан түсу қиын болатынын кім көрген. Қиналудай-ақ қиналдық. Сыр беруге болмайды. Жолбасшымыздың ақыл-кеңесімен жататын орнымызға түнгі сағат 1 шамасында зорға жеттік,– дейді сол шақты езу тарта еске алған ағамыз.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp