«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЛАУҒА ЖОЛ БЕРГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыстық мәслихат ғимаратының шағын залында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев өткізген Әдеп кеңесінің кезекті отырысында қаралған он жеті мәселенің сегізі әкімшілік іске қатысты болды.

 Мағжан Жұмабаев ауданы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің “Агробизнес – 2020” агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру бағытында атқарған жұмыстарын тексерудің қорытындысын баяндады. Бөлім басшысы Әлібай Құсайынов пен мал шаруашылығы жөніндегі маманы Дәуіт Сүлейменов осы бағдарлама шеңберінде бюджеттік демеуқаржыны бөлу кезінде заң талаптарын бұзуға жол берген. Олардың өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарамауы салдарынан аудандағы “ЖНВ” ЖШС-і мен “Қарақоға” шаруа-фермерлік шаруашылығы бір жыл ішінде сатып алған сиырларына екі рет демеуқаржы алған. Ал “Луч” шаруа қожалығы былтырғы мамыр айында 27 бас асылтұқымды қара мал сатып алуға тапсырыс берген екен. Алайда, бөлім қызметкерлері белгілеген демеуқаржы мөлшері тиісті сомадан анағұрлым аз болған.

Осындай алалау әрекеттерінің нәтижесінде аудандағы алты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері бір миллион теңгеден астам өздеріне тиесілі демеуқаржысына қол жеткізе алмаған.

Шешім қабылдау кезінде үстемдік берілген басқа жиырма алты агроқұрылымдар өздеріне қажет 60 миллион теңгеден астам демеуқаржысын уақытылы алған. М.Жұмабаев ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі лауазымды тұлғаларының мемлекеттік қызметшілерінің атына кір келтіретін іс-қимылын талқылаған Әдеп кеңесінің мүшелері оларды әкімшілік жазаға тарту туралы ұсыныс қабылдады.

Осындай әкімшілік істер Ғ.Мүсірепов атындағы, Мамлют,, Қызылжар аудандары ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен мамандарына қатысты қаралды. Бұл аудандарда да мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес бөлінген демеуқаржыларды беру кезінде заң талаптарының қатаң сақталмағаны анықталған. Тиісті аудандық прокуратура өкілдерінің тексеріс нәтижелерін назарға алған облыстық Әдеп кеңесінің мүшелері ауыл шаруашылығы бөлімдерінің лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапқа тарту жөніндегі ұсынысты тиісті әкімшіліктерге жіберетін болды.

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзу оқиғаларының мониторингі тыңдалды. Облыстық құқықтық статистика және арнаулы есептер жөніндегі басқармасының ақпаратына сәйкес жыл басынан бері өңірімізде 16 мемлекеттік қызметші әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың арасында арақ ішіп алып көлік жүргізген, қоғамдық тәртіпті бұзған, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағандар бар.Мәселен, Ақжар ауданында бір мемлекеттік қызметші үш ай ішінде екі рет Әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзуға жол беріп, тиісті жазасын алған. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болған осындай Әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзу оқиғаларына талдау жасалып, оның қорытындысы облыстық әкімдікке жолданатын болды.

Қызметкерлерді басқарудың «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесін қамтамасыз ету бағытында облыстық ішкі істер, білім саласындағы бақылау және медициналық қызметтерге төлем департаменттерінің атқарып жатқан жұмыстары жеткіліксіз деп бағаланып, бұл мәселе атап көрсетілген олқылықтар түзетілген соң қазан айында қайтадан қаралатын болды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ

«Солтүстік Қазақстан

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp