«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒДАРЛАМАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың 28 маусымында Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Оған біздің өңірімізден тіркелген үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, бастапқыда Сенат депутаты атануға бес адам ниет білдірген. Алайда, кейін үміткерлердің екеуі өтініштерін қайтарып алған. Сөйтіп, облыстық жер инспекциясының басшысы Мейрам Меңдібаев, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директоры Есжан Оразалин және өңірдің бұрынғы басшысы Ерік Сұлтанов жоғары палатадағы орыннан үмітті болып отыр.

Сенат депутаттығына үміткерлер Мамлют, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында болып, аудандық мәслихаттың депутаттарымен, кейін Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында үміткерлер халық қалаулыларын өздерінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол, өңірімізге жетекшілік еткен үш жылдың бедерінде көптеген жұмыстар атқарған Ерік Хамзаұлы өз бағдарламасында өңірімізде әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылым нысандарын жаңғыртып, жаңа технологияларды кеңінен енгізуді де қарастырғанын жеткізді. Мейрам Меңдібаев болса, өңіріміздің экономикалық жағдайын жақсартып, әлеуметтік-мәдени саланы дамытуды көздеп отыр. Ал үшінші үміткер Есжан Оразалин Парламенттің жоғары палатасына сайланса, облысымызда мемлекеттік бағдарламалардың мақсат-міндеттерінің жүзеге асырылып, нақты орындалуын қадағалауға атсалысатынын, облысымыздың басқа да өзекті мәселелерін шешуге қолдау көрсетуге үлес қосатынын хабарлады.

Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттары өздері сайланған округтердегі мәселелерді ортаға салды. Олар сумен қамту, салынған жолдарды жөндеу, елді мекендер шекарасы туралы мәселелерді көтеріп, шағын бастауыш мектептердің бүгінгі жағдайына алаңдаушылықтарын білдірді. Аудандар тұрғындарын тұрғын үй салу да мазалайтыны айтылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне мемлекет тарапынан жеңілдетілген қаржы беру жолға қойылғанымен, қысқамерзімге ғана берілетінін, бұлай қаржыландыру ауыл шаруашылығы саласы үшін тиімсіз екенін жеткізді.

Сенат депутаттығына үміткерлер шешімі табылмай келген мәселелелерді Парламентке өтіп жатса бақылауға алатындарына сендірді.

Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Лариса Гордееваның айтуынша, үміткерлерге облысымыздың 215 депутаты дауыс береді. Оның 31-і облыстық мәслихаттан, 19-ы қалалық, ал қалған 165 депутат аудандық мәслихаттар атынан өз таңдауын жасайды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp