Тимирязево ауылындағы орталық кітапханада аудандық әкімдік жанындағы отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Аталмыш ауданда нәзік жандарға қатысты күш қолдану, оларға зорлық-зомбылық көрсету азаймай тұр. Өткен жылдың өзінде осындай 16 іс қаралыпты. Бүгінде әйелдерге әлімжеттік жасаған он азамат жауапқа тартылуда.
Учаскелік полицей Нәзифа Ибрагимованың айтуына қарағанда, қылмыстық оқиғаның орын алып, кінәлілердің жазасыз қалуына көп жағдайда қыз-келіншектердің өздері кінәлі. “Зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғандар мұндай келеңсіз жайттардың балаларының болашағына теріс әсер ететінін ұмытпауы керек. Ұл-қыздарымыздың толыққанды азамат болып өсуі отбасындағы тәрбиеге байланысты”, – дейді аудан әкімінің орынбасары Үмітжан Нұртазина.
Соңғы уақытта тұрмысы төмен отбасылармен қатар ауқатты ерлі-зайыптылар арасында да осындай фактілер тіркелуде. Отырыс барысында әйелдерге қатысты күш қолдану фактісі орын алса, тиісті органдарға жүгіну қажеттігі еске салынды.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.