«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы даланың ішіне бүккен сырлары көп. Өкінішке қарай, қиын сәтте еліне қорған болған талай адамдардың есімдері ұмыт қалды, қасақана санадан өшірілгендері қаншама? Халқымызды тамырынан ажырату үшін басқыншылар тарихымызды да қолдан жазып берді. Тарихи кітаптарды оқып отырсақ, қазақ халқында қалмақтан басқа жау болмағандай әсер қалдырады. Тұрмысы мен салты бір, елі аралас, малы қоралас жатқан қос халық кезінде қыз алысып, қыз берісіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүргенін де ұмытпайық.

Төлке Қарағұлқызы – сүйегі ойраттың шорас тайпасынан шыққан қалмақ нояны Қарағұл тайшының қызы, көшпенді жоңғар мемлекетінің негізін қалаған Ерден батырдың туған қарындасы. 1592 жылы туған, 1670 жылы жетпіс сегіз жасында қазіргі Омбы облысы Тары қаласының аумағында дүниеден өткен. Сары (Сарғатбек) Есболұлының бәйбішесі. Сары Есболұлы 1578 жылы туып, 1671 жылы тоқсан үш жасында бәйбішесі Төлкенің асын бергеннен кейін көп ұзамай бақилық болған.

Дүниеден өтер алдында: “Түсімде Атекем (әкесі Есболдан мүшел жас үлкен ағасы Есенәлі) жарықтық аян берді. Аяқ-қолыңды жина, тырнақтарыңды алдыр, алдағы сәрсенбі-бейсенбінің сәтінде ұзақ сапарға аттанасың. Қайтып оралуың екіталай. Жол жүрудің қамын ойла деді. Биыл ақылдың кеніші болған, ағайынның ырысы болған Атекемнің кемел жасы тоқсан үшке келіппін. Атекемнің ақылын тыңдап, жолын қудым. Қырық жылдан астам ат үстінде жүріп, үзеңгіден аяғым босамаса, отыз жылдай ғұмырымды бір Аллаға құлшылық етуге арнаппын. Есенәлі – Есбол айналасына айтарым – жұмылған жұдырықтарың жазылмасын”, – деп өмірден озған екен.

Он жетінші ғасырдың екінші жартысында бірнеше ғасыр бойы Сібір аймағында билік құрған Тайбұға әулеттерінің және Сібір хандығының басынан бағы таюға айналды. Бір кездері айбынынан Батыс Еуропа елдері сескенген Алтын орданың да күні бата бастады. Осындай алмағайып кезеңде Тайбұға әулеттерін қылыштың астынан өткізіп билікке жеткен Шыңғыс ұрпағы Көшім хан Мұртазаұлының Сібір жұртына да Мәскеу патшалығы тарапынан басқыншылық соғыстар басталып, күшпен тартып алынған хандықтың шаңырағы шайқалды. Хандықтың негізгі халқының көпшілігін құрайтын қазақ тайпалары – арғын, қыпшақ, керей-уақ, кіші жүздің жеті ру-тайпа бірлестігі құраған өз алдына дербес, іргелі ел атанған Сібір жұртының жақсылары мен жайсаңдары тығырықтан шығудың саяси жолдарын іздей бастады.

Көшім балалары Әли мен Есім сұлтандар келімсектерге қарсы сан мәрте тойтарыс беріп, ірілі-ұсақты шайқастар жүргізгенімен, оның көбі сәтсіз аяқталды. Бұл кезеңде керейлер мекендеген ұлан-ғайыр аумақтың шығысында әр жерде бытырап жүрген ойрат тайпалары да бастарын қосып, қазақ даласы түгіл, Қытай, Ресей тәрізді қарымы мол көрші елдерге де қауіп төндіре бастаған болатын. Осыны ескерген және көпті көрген Есбол абыз маңайындағы белді ру-тайпалармен туыстық қарым-қатынас орнату жағын ойластыра бастады. Бұл шақта екінші ұлы Сары Көшім ұлдары Әли, Есім сұлтандар қайта көтерген Сібір хандығында Мәскеу патшалығы тарапынан жүргізілген әскери қақтығыстардың салдарынан жан-жаққа бытырап, шашылып кеткен түркітілдес ру-тайпалардың бастарын біріктіруге бағытталған жаушылық міндеттерді атқаратын. Көшім балалары керегесі біржола қисайған хандықтың қарашаңырағын қалпына келтіруге қанша күш салғанымен, өз дәуірінде дербес саясат жүргізген қауқарлы мемлекет тарих сахнасынан біржола жоғалуға айналды. Бұл кезең соңғы жылдары өз түсінен өзі шошып оянатын Көшім ханның қорқынышты түсі де шындыққа айналған заман еді.

Сібір қазақтарының, сонымен қоса түркітілдес Түмен, Тебріз (Омбы облысының солтүстігін мекендейтін халық), Бараба даласындағы татарлардың, Сібір естектерінің жадында аңызға арқау болып қалған ол түстің оқиға желісі мынадай болып айтылатын: “Көшімнің Көкшулан атты құсқа салатын лашыны бар екен. Түсінде әлгі лашыны өзінің қонып отырған тұғырына ұя салып, он шақты жұмыртқа басып шығарыпты. Бір мезетте әр тараптан бірнеше жыртқыш құстар келіп, ұяның тас-талқанын шығарады да, лашынды үркітіп, балапандарды бір-бірден бүріп алып, келген жақтарына ұшып кетеді. Көшім бұл түсін орданың белді де сенімді адамы, әрі әскери қолбасшыларының бірі, Күрсары керей руының ел ағасы Есенәліге жорытады. Ол: “Лашын құс өзің, ұя өзіңнің билік құрған хандығың, қанаты қатаймаған балапандар әлі оңы мен солын танып үлгермеген балаларың. Көп ұзамай елімізге қатер төнеді. Балапандарды алып кетіп қалған жыртқыш құстар өзіңнің жан-жақтан анталаған дұшпандарың. Ұрпақтарың жан-жаққа бытырап, әр халықтың ішіне сіңісіп кетеді”, – деп жорыған екен.

Осындай болашағы беймәлім хандықтың жұрты болған қазақ тайпаларының көбі Есім ханның қол астына барып паналаса да, кейбір ру-тайпалар Сібір хандығының қайта түлеп, өркендеуінен үмітті еді. Тілі бөлек, діні басқа және қалың қолын шұбыртып ел ішіне отауыз мылтықтарымен ойран салған арампиғылды батыс жұртына қарағанда өздеріне бір табан жақын, көрші отырған киіз туырлықты көшпенді ойрат тайпаларымен одақтасу Сібір хандығына қараған қазақ рулары үшін әлдеқайда қолайлы еді. Сібір жұртының қазақтары мен ойраттар арасында сауда-саттық, елшілік жұмыстарды ретке келтіріп жүрген Сары Есболұлының да отау құрмай, отыздан асып кеткен шағы болатын. Әкесі Есбол ұзақ жылдар Көшім ханның кеңесшісі және адал уәзірі болған, көршілес елдердің өткендегі тарихынан хабары мол ағасы Есенәлімен ақылдаса келе Шорас тайпасының көсемі Қарағұл тайшының он жеті жасар қызы Төлкені Сарыға айттыруға шешім қабылдайды. Сібір жұртының жергілікті халықтары Көшім ханның екінші ұлы Есімді хан сайлаған мешін жылынан кейін Төлке батыс Сібір жазығының солтүстіктегі орманды алабын ғасырлар бойы мекендеген қазақ жұртына, яғни Күрсары керей еліне келін болып түсті. Осылайша, Сібір шонжарларының ұрпағы Сары Есболұлының шаңырағына жеті атасынан бері бақ пен билік кетпеген Қаракөктің көрікті қызы құт-берекесімен бірге оң аяғымен аттап кірді. Бұл 1609 жылдар шамасы.

Орта ғасырларда Осман империясының орталығы болған Стамбул шаһарында әскери және діни білім алған Сарыны өз баласынан кем көрмей жаушылық, елшілік қызметтерге баулыған аузы дуалы ел ағасы Есенәлі: “Балам Сары, ел мен елдің арасын жарастырамын деп жүріп, отыздан асқанда шаңырақ көтеріп отырсың. Қарағұл тайшының зор үміт күтіп отырған төртінші ұлы Ерден батырдан жеті жас үлкен болсаң, енді оның өзінен жеті жас кіші сұлу да ақылды қарындасын, киіз туырлықты ойрат-шорастың көсемі Қарағұл тайшының төртінші қызын құтты шаңырағымызға келін қылып түсіріп отырсың. Жеті – сонау атам заманнан бері бабаларымыз қастерлеген киелі де қасиетті сан. Ұрпақтарың жеті атадан әрі асып, әрқайсысы жеті рулы ел болсын. “Асты келін – аналы келін” деген аталы сөз бар, қадамың құтты болып, Күрсары айналасының ел анасы болсын”, – деп батасын берген деседі көнекөз қариялар. Келін болып түскеннен кейін Төлкенің тұңғыш перзенті Балта дүниеге келді. Балтадан кейін Қайдауыл есімді ұл туады.

Қайдауыл туғаннан кейін Сары кіші жүздегі жағалбайлы руынан Сырға есімді қызды екінші әйелі ретінде қалың малын төлеп айттырып алған екен. Сырғадан егіз екі ұл Малай мен Бақтыбай дүниеге келеді. Аналарынан сүт шықпай, егіз туған ұлдар Төлкенің емшегін еміп өседі. Сонда Төлкенің айтқаны: “Ақ сүтімді бекерге ембеңдер, жақсы болсаңдар бір қауым ел атанып Малай-Бақтыбайым боласыңдар, жаман болсаңдар бірің есігімдегі малайым, бірің малымды бағатын бақташым боласыңдар”, – деп есімдерін өзі қойған дейді. Бертінге дейін Малай-Бақтыбай елінің ақсақалдары өзара жолыққанда бір-біріне егізімнің сыңары деп көріссе, Төлке керей елінің адамдарымен “Төлке анамыздың емшегін тел емген емшектес бауырларым” деп амандасатынын көзіміз көрді. Қайдауылдан кейін Төлкеден Қонақбай есімді перзент, қырық тоғыз мүшелінде иісі қазақ баласына және дүйім Кеңес одағына есімі белгілі тау тұлғалы азаматтың (Қазақстанның қазақтан шыққан бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов) арғы атасы Шегірек есімді кенжесі дүниеге келді.

1654 жылы 104 жасында қайын атасы Есбол қайтыс болғаннан кейін абыздан қалған барлық мал-мүлікті алты ұлына бөліп беріпті. Одан Сақал мен Сары балаларына бір ширегі, Бөрке (азан шақырып қойған нақты есімі Бұрас, Төлке анамыздың ерекше сыйлаған қайын ағасы және ел арасында қадірлі болғандықтан үлкен-кішілер атын атамай “Бөрекең” деп кеткен) мен Құрман ұрпақтарына бір ширегі, абыздың кенжелері – шаңырақтың иесі болғандықтан Дуадақ пен Төбет ұрпақтарына дәулеттің жартысы тиесілі болыпты. “Сақал-Сары, Бөрке-Құрман балаларына қарағанда Дуадақ-Төбет елінде мыңды айдаған жылқылы байлар көп болыпты”, – дейтін елдегі шежірені қаз-қалпында тарата білетін зерделі қариялар. Сегіз мың жылқы біткен Сарман Ботағайұлы, үш мың жылқысы болған ағайынды Бөртебай- Серкебайлар, кемінде қырық-елу үйір жылқыны орманды алқаптағы сайын далада өргізген Тастыбай, Шабақбай, Қоңдыбайлардың есімдеріне байланысты айтылатын жер атаулары еліміздің солтүстік өңірінде қазір де бар.

Қазақ ру-тайпалары атауларының шығу төркініне үңілетін болсақ, әйел затының есіміне байланысты аталатын рулар аз емес. Бір заманда Батыс Сібір өлкесінің шұрайлы аймағын бірлесе жайлап қыз алысып, қыз беріскен, кейін саясаты солақай державалардың айтағына еріп, арақатынастары жаулыққа ұласқан көшпенділердің екі ортасында дәнекер болған дара тұлға Төлке Қарағұлқызының тарихтағы алатын орны айрықша деп айтуға болады. Ағасы Ерден батыр (Сібір қазақтарының арасында осы есіммен сақталған. Бұл жөнінде “Есім-Ханшайым” жырында ерекше лебізбен айтылады. Жырдың нұсқасы Омбы қаласында тұратын Рашид Сағыновтың туыстарында сақтаулы) 1635 жылдар шамасында Қарағұл тайшы қайтыс болғаннан кейін ойрат-шорастың билік тізгінін қолына алып, мемлекетінің қанатын кеңге жая бастаған тұста айбарлы да айбынды қарындасы Төлке: “Мен келін болып түскен елдің шетін, Сібір жұртының шөбін атыңның тұяғы таптамасын”, – деп пәрменді тапсырма берді десетін құйма құлақ, көкірегі ояу шежіреші қарттарымыз.

Төлке Қарағұлқызының тұсында құба қалмақ жұрты Ресей мемлекетімен және Сібір қазақтарымен сауда-саттық жүргізіп, Тобыл, Тары, Қайыңтұра (Березовск) қалаларында базардың көркін келтірді. Бағалы аң терілері, табын-табын мал Ресейдің орталықтарындағы өндіріс орындарынан шыққан дайын бұйымдарға, қару-жараққа айырбасталды. Бірақ Төлке қайтыс болғаннан кейін көрші елдердің жүргізген жымысқы саясатының салдарынан киіз туырлықты екі көшпенді елдің ара-қатынастары суып, оның соңы бітіспес жаулыққа ұласты. Ұзақ жылдарға созылған текетірес жан-жалдар мен жаугершілік соғыстар екі елді де титықтатып, ақыр аяғы Ерден батыр негізін қалаған Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан біржола жоғалса, көк түріктің түпкі мұрагері саналатын қазақ елі үш ғасыр бойы бөтен жұрттың бұғауына түсіп, боданына айналды.

Халқымызда “алып анадан туады” деген сөз бар. Төлке Қарағұлқызының буынынан өрбіген ұрпақтары қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. Патша заманындағы, одан бұрынғы қазақ тарихында есімдері көмескіленген, бірақ ұрпақтарының жадында қалған тұлғаларды тілге тиек етуді қаламадық. Дегенмен, бертінгі тарихымызда қазақ ұлтының мақтанышына айналған тұлғалар Жұмабай Шаяхметов, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Ермек Серкебаев, ұзақ жылдар Қарағанды облысында басшылық қызмет атқарған Нариман Төлепов, он жылдай Ульянов аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Есімбек Мұқанжаров, бертінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, одан кейін ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болған Қайрат Айтуғановтардың арғы әжесі Төлке Қарағұлқызы екенін дүйім алаш жұрты білгені дұрыс шығар. Қазақ қалмақпен жауласумен ғана өткен жоқ. Көршілігіміз өз алдына, екі елдің арасында қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда болған жайттар да көп кездескенін ұмытуға әсте болмайды.

Шалқарбек КӘРІБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp