«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКСІЗ МАЛ ДӘМЕТКЕН – ҚАЙЫРШЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бала кезімізде ауыл-ауылды аралап, гитараларымен әндетіп жүретін сығандарды көргенде, әзірейілді көрген адамдай сүріне-қабына үйге қарай жүгіретініміз есімде. Қалаға келгенде де осы халықтың өкілдері алақанға қарап болашақты болжап бермекке жармасқан кезде жаныма жуытпауға тырысатын едім. Кейін тіленшілеген тәжіктерді көп кезіктіретін болдық. Күнкөрістің қиындығын, қымбатшылықты алға тартып, алақан жаюшылардың қарасы осы күнде де қалың.

Олардың барлығы расында жағдайы жоқтар ма, мүгедек арбасына таңылғандардың бәрі шынымен жарымжан ба, әлде қайыр сұрауды кәсіп қылғандар ма? Шырынсыз тірлігінде езіліп ел кезіп, егіліп күн кешкендер көзге түскен сайын көкейдегі осы ой маза бермейді.

Өңі сортаң жердің топырағындай боп-боз келіншек маңдайына түскен түбіт орамалын жөндеп, есіктің қоңырауын тағы да жүрексіне шылдыр еткізді. Амалсыздан есікті ашып, күте тұр деп ишарат еттім де, азын-аулақ ақша алып кіреберіске шықтым. Жұпыны киінген жас әйел мен оның сыртында тұрған жұқатай қыз абдырап қалды. Әңгімеге тарттым. Жалғыз басты әйел аптасына бірнеше рет тоғыз жасар қызымен осы маңдағы бірнеше үйдің кіреберісін жуатын көрінеді. Басқа күндері пәтерлерді жағалап табыс табуды әдетке айналдырғанына екі жылдың жүзі болған. Бес минуттық әңгімелесу барысында бар білгенім, тиыннан теңге құрап, сол майда-шүйде табыспен отбасын асырап отыр. Тіленшілеп табатын табысы туралы тіс жармады.

Таң атпаймын дегенімен, күн қойсын ба?! Солтүстік өңірде осындай мәнсіз тірлік кешетін талай адам таңмен таласа оянады. Күздің қалтыраған жапырағымен бірге дірілдейтін бұлардың осы жыл мезгіліндегі күн-көрісі тіпті ауырлай түседі. Солтүстіктің қытымыр қысы кімді аясын, ала жаздай жағасы жайлау, етегі жел болып жүргендердің тісі сақылдап, бір тарының қауызына тығылады.

– Облыста қайыршылықтың қамытын киген 400-ге жуық адам бар. Біз оларды іздестіріп, бөлімшеге қабылдап, бір айдың ішінде барынша көмектесіп, оңалту орталығына жібереміз. Кейін олар құжаттарын жоғалтқан, азып-тозған күйде қайтадан бізге түсіп жатады, – дейді қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының бастығы Руслан Әлібаев.

Мүсәпір жандарды жиі жолықтыратындықтан, қоғамдағы бұл көрініске “етіміз өліп” кеткен. Әйтпесе, жан-жағымызға зер салсақ, мешіт пен шіркеудің, сауда үйлерінің жанында алақан жайып, қайыр сұрағандардың, қоқыс маңын торуылдап жүргендердің аз еместігін байқаған болар едік. Әсіресе, аптаның жұма күні мешіттердің жанында көп тұратынын көзіміз көріп жүр. Намазға жиылған жамағаттың садақа тастамай өтпейтінін білсе керек. Тауқыметі мол тағдыр ешкімнің пешенесіне жазылмасын, алайда, қайыр сұраушылардың күн-көріс үшін отырғанын, әлде амалсыздан мүгедектер арбасына таңылып, біреудің бизнесі үшін “жұмыс істеуге” мәжбүр болғанын бір қарағаннан түсіну мүмкін емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын басынан бағы тайған жанның бірімен бетпе-бет жолығудың сәті түскенді. Облыс орталығындағы орталық мешіттің алдында алақан жайған Жақсылық ағаның сорайған сұлбасы көзіме анадайдан оттай басылды. Екі жағы пышақ жанығандай суалып, аппақ қудай шашы сексеуілдей селдіреп кеткен. Кідірің-кіресем де тоқтауды жөн санамай өтіп бара жатқан едім, демін ішіне тартып әркімге телмірген жанарға көзім түскен сәтте, тұла бойым мұздап сала берді. Әйелінен ерте айырылған оның ілдебайлап өмір сүріп жүргені бір қарағаннан-ақ түсінікті еді.

Жасы елуден енді асқан Жақсылық ағамен №3 қалалық ауруханада танысқан едім. “Көршімнің туған күнінен келіп, пеш жағып, темекі шегіп отырғанмын. Қалай ұйықтап кеткенімді білмей қалыппын. Оянсам, балам жұлқылап жатыр. Үйдің іші лапылдаған қызыл от, көк түтін. Ұйқылы-ояу сыртқа атып шықтық. Өртсөндірушілер жалынды ауыздықтағанша, суық қардың үстінде жалаң аяқ тұра берген екем”, – деп, ауруханаға қалай түскенін айтып берген болатын. Осылайша, үй-күйсіз қалған одан алдағы жоспарын сұрағанымда: “Құжаттарымды ретке келтіріп алсам, аула сыпырушы болып қайтадан бұрынғы жұмысыма кіремін ғой. Тек пәтер жағы қинайды”, – дегенді.

Ауруханаға әкесіне күн құрғатпай келіп жүретін ұзын бойлы ұяң мінезді бозбала есіме түсті.

– Тимур қайда?

– Балам ағамның ұлымен тұрып жатыр. Онымен байланысты әзірше үздім.

– Тіленшілеп тапқаныңыз күнкөріске жете ме? Қайда тұрып жатырсыз?

– Жалғыз емеспін. Өзім сияқты бірнеше адам базар маңындағы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатырмыз. Киінбесек те, тамаққа, бөлмені жалдауға жетеді. Арақ ішпеймін. Ақша жинап, баламмен Ресейге, Сургутқа кеткім келеді. Онда інім тұрады. Әзірше оған ақшам жоқ…

“Қайыршылықтың қамытын кигендердің қатары тағы бір адамға толыққан екен ғой” деген ойдың жетегінде кеткен едім. Газет бетінен “қайыршылардың қорғаншылары” туралы оқығанымда “Жақсылық ағаның да қамқоршысы болған шығар” деген ой санамда жылт етті. Басылымда астаналық тіленші күніне 5 мың теңге нәпақа тапса, оны теңдей етіп әлгі “қорғаншысына” бөліп беретінін де жасырмаған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды алақан жаюға мәжбүрлеген адам оларды бір пәтерге орналастырып, ас-суын да алып береді екен. Осылайша, жарымжан жандардың үстінен нан тауып отырғандарға не дерсің?!

“Рахмет” сауда үйінің кіреберісінде тұратындар да тіленшілікті пайда көзіне айналдырғандардың “бизнес нүктесі” болып көрінетін еді. Себебі, табалдырықтың қос қапталындағы екеу бір уақытта келіп, кететін. Әрі адамдары екі-екіден алмасып отыратын. Бұл жолғы кезек – біріне-бірі қарсы тұрған екі қарияда. “Отбасыларыңызға бақыт тілеймін, әсіресе, сіздердің балаларыңызға!” деген ұлты орыс зейнет жасындағы әйелдің жалынышты дауысынан адамның төбе-құйқасы шымырлайды. Оның маңынан өткендер темір қалбырға тастаған әр тиынның сыңғырымен ар жүгін жеңілдеткендей.

Автобус аялдамасының жанында аз-кем тұрған соң, жанына жақындадым. Көп ойланбастан:

– Апа, сіз бұл жерде өз еркіңізбен тұрсыз ба, әлде біреу мәжбүрледі ме? – дедім.

– Өзім, өзім, өзім тұрмын, – деп күйгелектеніп жауап берді қария.

– Мүмкін, сізге қандай да бір көмек қажет шығар?

– Кетші әрі….

Сыртын беріп, дауысын қаттырақ шығарып, тағы да әндете бастады.

– Кәрі адамда не жұмысың бар?

Ұзын бойлы мұртты жігіт ту сыртымда тұр.

– Сіз оның бастығысыз ба?

Сөзімді естімеген кейіп танытқан ол асыққан адамша алшаң басып кетіп қалды.

Үлкен қалаларда тіленшілердің жұмыс берушілері бар екені турасында талай айтылып та, жазылып та жүр. Олардың кейбірі “соғыс мүгедектерімен” жұмыс жасайтын болса, келесілері ішкіштердің отбасынан балаларды “жалға” немесе ұрлап алып, оларды әйелдердің жанына ертіп, адам көп жүретін қиылыстарға отырғызатын көрінеді. Сәбилер “жұмыс басындағылардың” басын қатырмас үшін оларға есірткі затын беріп, немесе арақ ішкізіп, ұйықтатып тастайтыны, бейкүнә бүлдіршіндердің ағзасы түскен ауыртпалыққа шыдас бермей, “жұмыс үстінде” қайтыс болатыны туралы бейнесюжет тіленшілерге деген көзқарасымды түбегейлі өзгерткенді. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өңірімізде мұндай фактілердің тіркелмегенін айтқанымен, баласын жанына ертіп алып, қайыр сұрап жүрген әйелдерді көргенде, бұл байғұстардың арқасында “бизнесін” дөңгелетіп жүрген жандардың арамызда жоқ екеніне күмәнданасың.

Өткен жылдың желтоқсан айында Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов та кей адамдар қайыршылықты нағыз бизнеске айналдырғанын айтып, тіленшілерге ақша беретіндерге айыппұл салуды ұсынған болатын. Депутат Мәжілістің жалпы отырысында 2015 жылы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске қайыр тілегені үшін айыппұл салу жазасы енгізілгенін, алайда, кодекс қабылданған сәттен бастап төрт жыл өтсе де, заңнамалық түзетулердің ерекше әсері байқалмағанын тілге тиек еткенді. “Астанада тәртіп ең бірінші кезекте қадағалануы тиіс болса да, бұл проблема елорданы да айналып өтпеді. Қаланың оң жағалауында ересектер мен кішкентай балалар – көрші елден келген мигранттар мен өз азаматтарымыз қайыр тілеп жүреді. Оның үстіне кей адамдардың арбаға таңылған мүгедектерді “қайыр тілеу нүктесіне” әкеліп отырғызып, кешке қарай түскен ақшаның бәрін алып кететіні алаңдатады. Олар – қайыршылықты бизнеске айналдырған топтар. Құқық қорғау органдары бірден мұндай фактілердің жолын кесуі керек”,– деген болатын депутат. Сондай-ақ, Шәкір Хахазов айыппұлмен бұл әлеуметтік проблеманы шешу мүмкін емес екенін, Үкімет бұл өзекті мәселені шешу үшін бұдан да ақылға қонымды шаралар әзірлеуі керектігін айтып: “Осылайша, азаматтардың өздері арамтамақтыққа қолдау көрсетеді. Біздің садақамыз оларды аздырады. Бұл ретте қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салатын шет мемлекеттердің тәжірибесін үлгі ету орынды деп ойлаймын”,– деген ойын ортаға салған еді. Депутат ұсынысы қолдау тапса, садақа беріп сауап аламыз деп жүріп айыппұл алуымыз да әбден мүмкін. Қоғамда ши басын сындырмай жеңіл ақша тауып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің кесірінен, көмекке мұқтаж, жәрдемге зәру жандар да қайырымдылықтан қағылуы ықтимал.

Аштықтан ашынып, тоз-тозы шыққан тіршілігіне кейіген жандар арасында қылмыс та өршіп тұр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, соңғы үш жылда тұрақты мекенжайы жоқ жандар жасаған үш жарым мың қылмыс тіркелген екен. Өткен жылдың тоғыз айында ғана қаңғырып жүріп ірілі-ұсақты қылмыс жасағандардың үстінен бір мыңнан астам іс қозғалған.

Шынтуайтқа келгенде, қайыр сұрап тұрғандарды көргенде екіұдай сезімді бастан кешетініміз жасырын емес. Бір жағынан біреудің аяушылығын тудыру арқылы ақша тауып отырған алаяқтар туралы естігеніміз бар, екінші жағынан адам баласының қайғысын жеңілдету үшін қол ұшын созып жататынымыз шындық.

Себебі, бейнетінің зейнетін көріп, келінінің қолынан ыстық шайын ішіп, немересіне ертегі айтып отырар жасқа келгенде ақ жаулықты әжеміздің көшеден өткендерге қиыла қарап, қолына тиген әр тиынды көзімен санап отыруы кімді де болса ойландырады. Ұл-келініне жақпай дала кезіп қалған әкенің де бар үміті осы көшелерде болып тұр. Десек те, айналдырған 17 миллион халықтың арасынан – біреудің әкесі немесе анасынан, жары я баласынан, ең бастысы еліміздің азаматынан “қайыршылар қоғамы” құрылып, небір қулардың осы жағдайды пайдаланып жүргеніне немкеттілікпен қарайтынымыз да шындық.

“Қайыршысы жоқ ел бақытты” деген екен Әбу Нәсір әл-Фараби. Өкінішке қарай, шығыстың ғұлама ойшылының бұл сөзіне сай ел бола алмай отырған жайымыз бар. Қайыршылықтан құтылудың негізгі көзі жұмыспен қамту болса, бұл да бүгін-ертең шешілетін мәселе еместігі белгілі. Сол себепті тіленшілеп пайда табудың тамырына балта шабуды ұрпақтың тәрбиесіне көп көңіл бөлуден бастау керек сияқты. Ұрпақ тәбиелі болса, ата-ана қартайған шағында көшеде қол жайып тұрмайтыны хақ. Барлық ата-әженің де арманы немересін айналып-толғану емес пе?! Осындайда қайткенде де қоғамға мейірімділік, адам баласына ар-ұят пен ұстамдылық керек дейсің…

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp