«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ АРҚЫЛЫ РАСТАУ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің WHATSAPP нөміріне Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылының тұрғыны Жадыра Хамзинадан хат келген болатын. “Мен ауылда 29 жыл бойы сауыншы болып жұмыс істеп, 2006 жылы зейнетке шықтым. 2018 жылдың шілде айынан бастап зейнетақы көтерілгенде, алашағым еңбек өтіліме қарай 13 мың теңгеге өседі деп үміттендім. Алайда, маған 8 мың теңге ғана қосылды. Неге екенін білу үшін тиісті орындарға бардым. Маған берілген жауаптан соңғы 8 жылдық еңбек өтілімнің 2,5 жарым жыл ретінде есептелгенін түсіндім.

Өйткені, жұмыс істеген “Зенченко және К” КС зейнетақы жарналарын жылына бір немесе екі реттен ғана аударып отырған. Жағдайды түзету үшін енді маған сотқа жүгіну керек деген. Ал менің сотқа арыздануға зауқым да, адвокат жалдайтын артық қаражатым да жоқ”, – деп жазыпты Жадыра Хамзина.

Оқырманымыздың бұл сауалына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мереке Мұхамедияров былай деп түсініктеме берді.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 3 наурыздағы №17 бұйрығымен бекітілген “2018 жылғы 1 шілдеге дейін тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін қайта есептеу қағидаларына” сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақы зейнеткердің зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты қайта есептелінді. Ол үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең есепке алынды. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі қосымша құжаттарды талап етусіз, зейнеткердің зейнетақы ісіндегі құжаттар бойынша есептелінді және жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған еңбек өтіліне сәйкес келеді. Міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы мәліметтер бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар түскен айлардың жалпы саны ретінде алынды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңінде міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2006 жылғы 1 шілдеге дейін аударылған кезде міндетті зейнетақы жарналарының аударымы жүзеге асырылған ай есепке алынды. Егер жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті жарналарды бір айда бірнеше рет аударса да, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі бір айды құрайды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан да аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 54 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 бұйрығымен бекітілген “Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік және арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидасына” сәйкес міндетті зейнетақы жарналары газет оқырманының жағдайындағыдай уақтылы немесе толық аударылмаса, міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезеңдерін сот тәртібімен растау қажет.

Оқырман сауалына “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің заңгері Елена Ярикова да жауап беріп, Жадыра Хамзина жұмыс істеген жылдары Салық кодексіне сәйкес зейнетақы жарналарын ай сайын аударып тұру міндетті болмағанын және сол себепті бүгіндері кейбір зейнеткерлер зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезеңдерін растауы тиіс болып отырғандарын айтты. Және бұл тек сот арқылы ғана жүзеге асырылады екен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp