Атаның өсиетін көкейіне тоқып, ананың асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірден өз орнын табары заңды. Ондай көргенді бала ешқашан қор болмайды. Сол үшін тал бесіктен бастап ұлттық тәрбиеге бейімдеу әр ата-ананың өмірлік парызы деп ойлаймын. Бала әке-шешенің жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, күнделікті іс-әрекетіне қарап ой да, бой да түзейді.
Шәкірттерімнің ой-өрісін кеңейту мақсатымен “Менің өмірімдегі ұлттық салт-дәстүр” атты шағын эссе байқауын ұйымдастырдым. Олар ата-аналарының, әжелерінің айтуымен дүние есігін ашқаннан өткізілетін әдет-ғұрыптарға байланысты, ұлттық рәсімдер жайлы біраз ақпараттар мен суреттер алып келіпті. Бұл арада әр дәстүрдің ерекшелігін жіті танып, адам өмірімен тығыз байланысты екенін түсінгені мені қуантты. Ең мазмұнды және жақсы эссе ретінде 5-сынып оқушысы Диас Мутышевтың еңбегі таңдап алынып, “Bilim orkeniet” ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған “Қазақстан Республикасының дарынды оқушыларының “Алтын кітабы” республикалық байқауына жіберілді. Қазылар алқасының шешімімен эссе “Республиканың дарынды оқушыларының “Алтын кітап” жинағына қабылданды.
Әр қазақ отбасы ұлттық құндылықтарымызды осылай жете бағалап, салт-дәстүрлерімізді тәрбиенің алтын діңгегіне айналдыра беруіне тілектеспін.
Бақтыгүл НҰРТАЗИНА,
№7 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.