«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тарихи сәт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елордада өткен “Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының жұмысына Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де қатысты. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік органдардың өкілдері әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институттың тарихи сессиясының жұмысына қашықтан куә болды.

Сессия жұмысы аяқталған соң Құмар Іргебайұлы жиналғандарға қоғамда татулықты сақтау, облыстық ассамблея жұмысын жетілдіру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шетелдік инвесторлар тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

Әкім Үкімет отырысында облыстың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілгенін, 4 бағыттан, 87 іс-шарадан тұратын ауқымды бағдарлама бойынша 1,4 трл. теңгенің 64 инвестициялық жобасын іске асыру, 52 заманауи тауарлы-сүт фермасын, 3 мал бордақылау алаңын, 2 құс фабрикасын, тағы басқа өнеркәсіптік маңызды нысандар салу жоспарланғанын айта келіп, агроөнеркәсіпті өркендету басым бағыт болып қала беретінін жеткізді. Өңдеуші салада 20 жоба іске қосылады. Оның 10-ы – ірі инвестициялық бағдарламалар. Өңдеу өнеркәсібі 25,6 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 54 пайызға ұлғаяды. Бес жылдың ішінде 26 мың жұмыс орыны пайда болып, 21,7 мың пәтер пайдалануға беріледі.

Өңір басшысы жиналғандарды әлеуметтік салада қолға алынатын жоспарлармен де таныстырды. Оның бір мысалы ретінде түрік инвесторларының қаржысына салынып жатқан 480 орындық көпбейінді емхананы келтірді. Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде жоғары оқу орны бой көтереді. “Кешенді жоспар өңір экономикасының өсу қарқынын ұлғайтады және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. Жаңа өндіріс орындарын ашуға үлкен серпін береді”, – деді әкім сөзінің аяғында.

Құмар Ақсақалов жиналғандарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан солтүстікқазақстандықтарға татулық, ынтымақ тілеп, алға қойған асқаралы міндеттерді шешуге жұмыла атсалысуға шақырды.

Ринат ШАМСУДДИНОВ,

“Қоғамдық келісім” КММ баспасөз бөлімінің меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp