«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛГЕ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ЕРЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ жұртшылығы Шота Уәлихановты Мемлекеттік Елтаңбаның авторы әрі белгілі сәулетші ретінде жақсы таниды. Айтулы тұлғаның атақты Шоқан Уәлихановтың інісі Мақының немересі, олардың Абылай ханның ұрпақтары екендігін де қалың қауым біледі. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалы мамандары ұйымдастырған конференцияда жерлесіміз Шота Уәлихановтың ел үшін атқарған еңбегі мен ғибратты ғұмыры әңгімеге арқау болды. “Zoom” платформасында өткен конференцияға ғалымның туыстары, әріптестері мен жерлестері қашықтан қатысты.

Қазақ сәулет өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғаның қиялынан туған дүниелер аз емес. Солардың ішінде халық жоғары бағалайтын жұмысы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. 1991 жылы пайда болған идея қазақ халқының тәуелсіздігін бүкіл әлемге дәріптейтіндей си­патта жасалып, міне, отыз жылға жуық уақыт бойы мемлекет мәртебесін асқақтатып келеді. Жиында ғалым-антрополог, тарих ғылымдарының докторы Оразақ Смағұлұлы саналы ғұмырын ардақты тұлғалардың ескерткішін жасап, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне арнаған Шота Ыдырысұлының өнегелі өмірі, елге сіңірген еңбегі жайлы әсерлі сөз сабақтады. Облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған ғибратты азаматтың асыл бейнесі ұмытылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ол алаштың аяулы азаматы дүниеге келген Айыртау ауданындағы білім ошақтарының біріне Шота Уәлихановтың есімін беру туралы ұсынысты ортаға салды. Өз кезегінде Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Жүсіпов көрнекті сәулетшінің есімін ұлықтау жерлестеріне жүктелген зор міндет екенін жеткізді.

– Шота Уәлиханов – Абылай ханның ұрпағы. Тарихта ол ұлы тұлғалалардың жалғасы ғана емес, таңбалы шежіремізде табанды тұлға ретінде із қалдырды. Сондықтан оның есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің директоры Аян Садаев.

Шарада өзге де қатысушылар болмысы бөлек жанның жазушылық, ақындық, зерттеушілік, аудармашылық қырын ашуға тырысты. Конференцияға қашықтан қатысқан қыздары Баян, Гүлнат Уәлихановалар бір ай бұрын мәңгілік мекеніне аттанған әкелерін сағынышпен еске алып, осындай тағылымды шара ұйымдастырған жерлестеріне ризашылықтарын жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp