«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ревизор (Кеңес заманында шалғайдағы шағын ауылда болған оқиғаның ізімен)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоскөл – кеңшар орталығы демесең, түтін са­ны жүзден сәл ғана асатын бір уыс ауыл. Жо­ғарыдағыларды не түлен түрткенін кім білсін, “түлкі тымақ” кигізсек, тасы өрге домалай жөнеледі, қоңыр тіршілікке ежелден бойы үйреніп кеткен мұндағы бір рудан тарайтын төрт-бес атаның балалары ғана емес, аудан, облыс шылқымайға батады деп ойлады ма екен, бөлімше болып жарытпаған ауылды күндердің күнінде кеңшар орталығы деп жариялап, айды аспанға бірақ шығарды. Сол-ақ екен, жайшылықта, түске дейін ұйықтаса да кірпіктері ашылмай қалғып-шұлғып, етегіне ша­лынып, сүрініп-қабынып жүретін еріншек келіншек сияқты, ертелі-кеш бірқалыпты мүлгіп тұратын ауыл мен аудан орталығы арасындағы қара жолдың шаңы басылмайтын болды. Ауылдың іші де араның ұясындай гуілдеп кетті:

– Директорлыққа Сайлаудың баласы тағайындалыпты.

– Қай Сайлау?

– Сарыадырда есепші болған Сайлау ше.

– Ол бір жүрген жеріне шөп өспейтін берекесіздеу адам деуші еді, баласы оңдырса жарайды ғой?!

– Құйрығы жерге тимей, шапқылып жүр ғой. Соған қарағанда пысық болуы керек.

– Рас айтасың, өңіміз түгілі түсімізге кірмеген дүниенің бәрін үйіп-төгіп әкеліп жатыр. Қарағай дейсің бе, неше түрлі құрылыс материалдары тау болып үйіліп қалыпты.

– Одан бізге не пайда?! Өздеріне үй салатын шығар?! Партия комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, бас агроном дейсің бе, бірінің етегінен бірі ұстап, шұбы­рып келіп жатыр ғой.

– Бұрын бөлімше басқарушысымын деп шіреніп, осы ауылды ашса алақанында, жұм­са жұдырығында ұстап, айтқан сөзімізді жүре тыңдайтын Сәрсеннің аузына қараушы едік, енді оның күні батты, бастық көбейеді десейші.

– Бұл басы ғана ғой, жаңа ферма, машина-трактор паркі, Мәдениет үйі, бірнеше дүкен, асхана, басқа да көптеген нысандар салынатын көрінеді. Олардың да бір-бір бастығы болады.

– Бәлі! Сонда жұмысты кім істейді? Осындағы отыз-қырық адам қай жағына жетеді?

– Сырттан әкелетін шығар?

Кешікпей Қоскөлдің күншығыс жақ бетінде бұл ауылдың тұрғындары пеш салғанда ғана іздейтін күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген он шақты үй бой түзеп, жаңа көше пайда болды. Оларға директор бастаған сырттан келген мамандар түсті. Не нәрсеге болсын айдар тағуға шебер халық оған “тікаяқтар” көшесі деп ат қойып алды. Үйлерінен қарға адым ұзап көрмеген ауылдың кейбір әйелдері “Тік­аяғы несі? Сонда басқалардың аяғы қисық болғаны ма?” – деп еріндерін сылп-сылп еткізді. Оларға кейбіреулер: “Баяғыда үлкендер басшыларды тікаяқ дейтін”, – деп жауап берген болды.

Осылай 1985 жылдың жазында ала-құйын күй кешкен Қоскөл арада үш жыл өткенде, тағы дүрлікті. Көктемнің жазға ауысар шағы еді. “Облыстан ревизор келе жатыр” деген хабарды естіген кеңшар директоры Сәлім Тентеков біресе күздің қарасуығы соққандай қалтырап, біресе маңдайы шып-шып терлеп, үйге де, кеңсеге де сыймай әлемтапырық болды. “Ешқайда соқпастан тура Қоскөлге келе жатқандары қалай? Әлде біреу тағы да “домалақ арызды” топ еткізді ме екен? Елу жыл бойы түкпірде елеусіз жатқан ауылдың бүгінгі тіршілігі әлдекімдердің бүйіріне тас болып бататын сияқты. Өткенде аупарткомның бюросында бірінші хатшы “судың да сұрауы бар, алақан жая бермей, өздерің де саусақтарыңның ұштарын қыбырлатыңдар, үкімет сауын сиыр емес, үш жылда қаншама қаражат құйылды, қайтарым да болу керек қой”, – деп зілденіп еді… “Желдің қай жақтан соққанын біле алмай басы қатты. Біреу төбесінен балғамен түйгіштеп жатқан сияқты, миы солқ-солқ етеді. Ара-арасында көзінің алды тұманданып, өзін тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінеді. Бұрын-соңды ревизорға жолығып көрмепті. Оның түсінігінде ревизор дегенің бәле іздеген адам. Шешесі марқұмның ревизор, протокол деген сөздерден жаны түршігуші еді. Оқта-текте балалардың аузынан шығып кетсе, алақанын отқа қарып алғандай “жаман сөз, айтпаңдар” деп шырылдайтын. “Ол кісілердің заманы басқа болды, қуғын-сүргінді көп көрді, ал бұған не жоқ?! Кім-кімді тексермей жатыр?! “Қой отыра бергенмен іс бітпес, бас мамандар не ақыл айтар екен?” деп бас экономист пен бас есепшіні шақырды. Ревизор келе жатыр деген хабар олардың да құлағына жетсе керек, жүздері сынық көрінді.

– Естідіңіздер ме? – Ана екеуі ауыздарын ашқанша, – ревизор келе жатыр, аудандағылардың айтуына қарағанда түгімізді қалдырмай тексеретін сияқты, – деді.

– Мұндай хабар жерде жата ма? Осы ауылдың үлкенінің де, кішісінің де аузында жүр ғой.

– Есеп-қисаптарың қалай еді?

Бас есепші мен бас экономист біріне-бірі қарап, сөз таппағандай аңтарылып қалды.

– Неге үндемейсіңдер? Түбінде бір шикілік шықса, үшеуміз бірге көтереміз. Қағаздарың бәрі дұрыс па еді?

– Дұрысы дұрыс қой, бірақ…

– Не бірағы бар?

– Тексеретін адамға да байланысты ғой. Тырнақ астынан кір іздейтін біреу болса, түймедейді түйедей қылып, ұры-қары деп шыға келуі де мүмкін.

– Ол рас, кім келсе де дұрыстап қарсы алу жағын ойластырыңдар, әкем “қалауын тап­саң, қар жауады” деп отырушы еді, ол да пенде шығар, тілін табуға тырысыңдар. Әйтеуір, қамсыз отырмаңдар…

Ревизор көп күттірген жоқ. Бейсенбі күні таңертеңгілік лездеменің үстіне кіріп келді. Бойы ортадан сәл төмендеу, дөңгелек жүзді, төртпақтау келген кісі екен. Сөйлегенде шық-шыттары ойнап тұрады екен. Соған қарағанда тентектеу біреу болуы мүмкін. Іштей осылай ойлаған директордың оның аппақ, маржандай тізіле қалған тістеріне түсті. Әйелі осылар немен тазалайды екен деп, телевизордағы әртістердің тістеріне таңғалып отырушы еді, мұның да тісі дәл сондай. Басына үлкен қара шләпі киіп алыпты. Онысы өзіне аса жарасып тұрған жоқ. Ертегідегі қаңбақ шал сияқты. Бірақ шал дейтін шал емес, көп болса, елуге келген шығар, тіпті сол елуіңе тола да қоймаған адам деп топшылады ол.

Қарамағындағыларға сіздер бара беріңіз­дер дегендей иек қаққан директор оңаша қалғаннан кейін амандық сұраса бастады. Бірақ ревизор әңгімеге илігетін сыңай танытпады. Қолындағы папкасын ашып, алақанға сыйып кететіндей қызыл кітапшаны алып шықты. Куәлігі болуы керек. Директордың алдына қойды. Тағы бір жапырақ қағазды қоса ұсынды. Көз қиығын ғана салған директор бұл қағаздың тексеруге берілген жолдама екенін түсінді.

– Соңындағы ана бір жерге таныстым деп қол қойыңыз, – деді.

Қимылы маңғаз. Шіренгенде астындағы орындық сықырлап, жай да жанын қоярға жер таппай отырған директордың миын шаға бастады.

– Бас есепшіні шақырайын ба? – деді ол.

– Әзірше қажеті жоқ. Бір бөлме бөліп, соңғы үш жылдың қаржы-есеп құжаттарын қолыма тигізсеңіздер болды.

– Жақсы.

– Айтпақшы, кешенді тексеріс, қаншаға созылатынын білмеймін. Қонақүй бар ма еді?

– Әлі оған қолымыз жетпей жатыр. Сырттан келген жұмысшыларға арнап салған жатақхана бар, соның екі бөлмесін қонақүй ретінде пайдаланып келеміз. Есігі бөлек. Көңіліңізден шықса, соны көріңіз. Болмаса…

– Жақсы. Асханаларыңыздың жұмыс кестесі қалай еді?

– Негізінен даладағыларға түсте, кешке екі мезгіл тамақ дайындайды. Ол жағынан қам жемеңіз, көңіліңіз қалаған тамақты дайындап береді. Аспаздарымыз жақсы.

– Онда іске кірісейік.

– Жолдан келдіңіз ғой, аз да болса, аухат­танып алмайсыз ба?

– Тамақ ешқайда қашпас…

Директор түсіндім дегендей, ревизордың ал­­­дына түсіп, бас есепшінің кабинетіне беттеді.

– Берік Өмірзақұлы, мына кісінің кім екенін түсіндіңіз ғой, бір айдай осында болады. Кәсіподақ комитетінің төрағасы демалыста ғой, сол кісінің кабинетін ашып беріңіз. Барлық жағдайды жасаңыз. Қажетім болса, мен де осындамын.

– Жақсы, жақсы.

Жайшылықта екінің бірінің сөзіне иліге қоймайтын бас есепші қоғадай иіле қалыпты.

Осыдан кейін директор бір аптадай ревизорды көрген жоқ. Күнде бас есепшіден не тындырып, не ішіп, не жеп жатқанын сұрап қоя­ды. Бас есепшінің айтуынша, үстелге жабысып қалған біреу. “Қыс бойы үйде қама­лып, дала бетін көрген жоқпыз, бой жазайық”, – деп тамырын басып көрген екен, “шыбын-шіркей шығып жатыр, масаға аллергиям бар еді”, – деп маңайлатпапты. Тексеріс жүріп жатыр, әзірше оның барысы туралы тіс жарар емес. Не болса да бәрі ішінде.

– Мен де көп мазалап жатқан жоқпын. Сұраған қағаздарын Рәзия апарып береді. Рәзия – есепші. Бұрын облыс орталығында тұрған, басы бос, күйеуімен дәм-тұзы жараспай, осында келгеніне екі жылдай болып қалды. Жанып тұрған от. Таңертең, түсте, кешке ас­ханаға өзім апарамын. “Асхананың тамағынан жүрегім қыжылдай бастады, бір мезгіл үйдің тамағына не жетсін, кешке келініңіз ас қылсын, қазақтың баласы емеспіз бе” деп едім, “біздің асқазанымыз ондайға үйренген”, – деп тағы ат-тонын ала қашты. Бүйткен тіршілігі құрысын. Таңертеңнен кешке дейін үстелге жабысып, үй-күйсіз жүргеннің несі қызық. Бір ай осында боламын, сосын Қайыңды ауданына барамын деп отыр.

– Ол қызметтің де біз білмейтін ләззатты сәттері болуы керек. Келгеннен бері соның қасы мен қабағына қарап, жанұшырып жүрген жоқпыз ба. Өзі Рәзиямен сөйлесе ме екен? Тілін тап деп қойсайшы. Айтпақшы, өзі қай жердікі екен, сұрастырдыңдар ма, үйі-күйі бар жан ба?

– Нақты білмеймін, әйтеуір бұл өңірдікі емес. Өзі айтпаған соң, қазбалап сұрамадым. Осында көкелерінің біріне еріп келсе керек. Отбасы, бала-шағасы бар көрінеді.

– Болсын. Бірақ үйден екі адым аттап шыққаннан кейін ер адамдардың бәрі бойдақ қой.

– Сол сабазың Рәзиядан гөрі кеңсе күтуші Күлтайға көбірек көз сүзетін секілді. Соңғы күндері Күлтай жұмысын аяқтағанша орнынан қозғалмайтын болып жүр.

– Мейлі, оның да басы бос қой, Рәзия бола ма, Күлтай бола ма, Сәлима ма, кім болса, ол болсын, әйтеуір бетін бері қаратуымыз керек. Жүрегі тас емес шығар…

Уақыт шіркінде тоқтау жоқ қой, облыстан ревизор келіп, тексеріс басталғалы бір айға жақындап қалды. Бас есепшінің айтуынша, енді екі-үш күнде тексеріс қорытындысы қолға тимек. “Нәтижесі қалай болар екен?” Директор тіпті ұйқыдан қалды. Осылай жұмысқа келгенмен еш нәрсеге зауқы соқпай отыр еді, есікті жұлқи ашып бас есепші кіріп келді. Жүзі өрт сөндіргендей, көзі төбесіне шығып кетіпті, кеудесі сырылдап, ентігіп тұр. “Сәке, Сәке!” – дей береді. Басқа сөз жоқ.

– Тыныштық па? Не болды?

– Сәке…

– Ой, мені жаңа көргендей болмай, айт­сайшы, не болып қалды?

– Ре-ре-визор…

– Не дейді? Тексеріс қорытындысымен таныстырды ма?

– Ревизорды біреулер өл-өл-тіріп кетіпті…

Директор жылан шаққандай ыршып кетті.

– Не!? Не дейді!?

Ентігін басып, есін жиып алған бас есепші жанталасып, стақанға су құйды да директорға ұсынды. Қырлы стақанды басына бір-ақ қотарған директор:

– Құрыдық десейші! Қайда жатыр екен? Кім өлтіріпті?

– Ештеңе де білмеймін. Естігеннен кейін тура осында келдім. Оқиға түнде болған сияқты. Күлтайдың үйінің сыртында тоған бар еді ғой, сонда жатыр.

– Өзің көрдің бе?

– Қара шләпісі судың бетінде қалқып жүр. Тістері жағада жатыр.

– Тістері?

– Иә, тістері, біреу шықшыттан жапсырған болуы керек, жағы уатылып, астыңғы тістері ұшып кетіпті.

– Өзі қайда? Өзі…

– Мойнына тас байлап, суға лақтырып жіберген шығар? Ауданға хабарлаймыз ба?

– Тұра тұр. Асық па? Оның өлімі кімге керек болды екен? Көзіңнен таса қылма деп өзіңе тапсырып едім ғой.

– Соңғы күндері күтпей-ақ қойыңыз, өзім барамын, әлі көп отырамын деген соң, кеше ертерек кетіп қалып едім.

– Сұмдық болды ғой, мал құлағы саңырау, ревизорды өлтірді деген не сұмдық! Құрыдық! Біттік! Онымен бірге біз де су түбіне кетеміз! Жүрегім, жүрегім! Дәрің бар ма? Дәрің…

Осылай деген директор көкірегі қарс айырыла күрсінді де, үн-түнсіз отырып қалды.

– Сәке!

Сәкеңде үн жоқ.

– Болар іс болды, жедел ауданға хабарламасақ болмайды, ертең кісі өлімін жасырдыңдар деп, ол да бәле болып жабысуы мүмкін. Кісілерін жіберсін, тоғанның тереңдігі әжеп­тәуір ғой, оған біздің жігіттер сүңги алмайтын шығар? Қазір су да жылына қойған жоқ.

– Аудандағыларға өзіңіз хабарлайсыз ба?

– Жұрт не деп жатыр? Кешкілік көрген біреу-міреу табылып қалар. Сұрастыру керек.

– Әлі ешкім ештеңе білмейді. Шләпісі мен тісін таңертең мал шығарып келе жатқан менің көршім Сағидолла көріпті. Оған үйіңде отыр, ешкімге тісіңен шығарушы болма деп қатты ескерттім.

– Таң жаңа атты ғой, аудан қайда қашады, сен ақырын сол маңайда тұратындардан сұрастырып көрсейші.

Осыдан кейін бас есепші кеңседе бөгелген жоқ. Кабинетінде жалғыз қалған директор осы ауылдағы білегі жуан, жұдырығы шоқпардай тентектерді түгендей бастады. “Нұрхан­ның үлкені төбелеске үйір болушы еді. Бірақ оның біреудің жағын уатып жіберетіндей қауқары жоқ… Есілбайдың баласы да біреуге соқтықпаса, ішкен асы бойына сіңбейтін­дердің бірі… Полицейлер оларды іздеп әуре болмайды. Көр де тұр, ішкен-жегенін, ұрлығын жасыру үшін көзін құртты деп өзіне тарпа бас салады. Әлде бас есепшінің мен білмейтін қулық-сұмдығы бар ма екен?…”.

Жайшылықта маңғазданып, аяғын санап басатын бас есепші директордың кабинетінен шыққаннан кейін тағы да алақ-жұлақ етіп, әрі-сәрі күйге түсті. “Кімнен сұрайды? Келген­нен бері оның қасына директор мен өзінен басқа бір адам жақындаған емес…Рәзия? Кеше ол ауылда болған жоқ. Қалаға кеткен, бүгін келеді. Күлтай бірдеңе білмесе? Жөн сұрайтын содан басқа жан да жоқ”.

Күлтай қораның алдында тауықтарына жем шашып жүр екен. Өзіне қарай жүгіре басып келе жатқан бас есепшіні көргенде таңғал­ғанын жасыра алмай тұрып қалды. Амандық-саулық жоқ, “Күлтай, Күлтай!” – дейді ентігіп.

– Аға, тыныштық па, тым ерте жүрсіз ғой, біздің жаққа келе қоймаушы едіңіз, әлде ада­сып кеттіңіз бе?!

– Қайдан тыныштық болсын? Кеше жұмыстан қашан қайттың?

– Әдеттегідей, бәрін жинап-жиыстырғанша тоғыз болып қалды ғой деймін. Боп-боз болып кетіпсіз ғой, біреу кассаны тонап кеткеннен сау ма?!

– Кассасы бар болсын! Ревизор қай кезде кетті?

– Менің алдымда жарты сағаттай бұрын кетті-ау деймін. Сағатқа қарап жатқан кім бар?

– Бері жақындашы, отырып сөйлесейікші. Жан-жағына алақтай қараған бас есепші: – Ревизорды біреулер өлтіріп кетіпті, – деді дауысы шығар-шықпас.

Сол-ақ екен, Күлтай сықылықтап күле бастады. Көзінен жас парлап, ішін басып, біресе сырт айналады, біресе бас есепшіге қарайды.

– Ой, мынаған не болған, есі ауысып кеткеннен сау ма?! Кісі өліп жатқанда күлкіге көмілгені несі?!

Ол Күлтайды білегінен шап беріп ұстады да үйінің сыртындағы тоғанға қарай дедектете жөнелді. Ревизордың қара шләпісі толқын айдап, жағаға тіреліп тұр екен.

– Көрдің бе?! Ті-сі, т-і-тісі әне жатыр!

Күлкі буынына түсті ме, Күлтай ішек-сілесі қатып, бас есепшінің мойнына асыла кетті. “Ой, ой…қайда барайын!”.

Түкке түсінбеген бас есепші “есіңді жишы, масқара болдық”, – деп Күлтайды бауырына басты. Бірін-бірі кезек-кезек құшақтап жүрген бас есепші мен кеңсе күтушіні сырттан біреу көрсе, не айтар еді? Бірақ оны ойлап жатқан бұлар жоқ.

Осы арада Күлтай күлкіден кілт тиылып, қара шләпі мен саз балшықтың үстінде жарқырып жатқан тісті алмақ болып еңкейе берді.

– Қозғама, қозғама, қолыңды тигізбе, қазір ауданнан тергеушілер келеді! Бас есепшінің жан дауысы шықты. – Олардың рұқсатынсыз айғақ заттарға қол тигізуге болмайды!

Оған қараған Күлтай жоқ, шләпі мен тісті алды да, үйге қарай беттеді. Екі иығы селкілдеп, әлі күліп барады.

“Мынау жынданған шығар?” Түкке түсінбе­ген бас есепшінің Күлтайға еруден басқа амалы қалған жоқ. Мең-зең. Аяғын сүйрете басып, үйге жеткенде Күлтай есік алдындағы орындықта отыр екен.

– Ревизорыңыз ешқайда кеткен жоқ, тірі, біздің үйде ұйықтап жатыр, – деді.

– Қойшы, сіздің үйде?

– Иә, біздің үйде, кеше жұмыстан келген соң, кешкі шайымды ішіп, жатуға дайындалып жатыр едім, біреу терезені тықылдатты. Беймезгіл жүрген кім болды екен деп ақырын сығаласам, ревизор тұр. Өз көзіме өзім сене алмай есік алдына шықтым. Аяғын баса алмай, тәлтіректеп әзер тұр. Удай мас. Тілі күрмеліп, сөйлей алмайды. Үсті-басы малмандай, басынан аяғына дейін су сорғалап тұр. Сөйлесетін шамасы жоқ, кимелеп үйге кірді де табалдырықтан аттай беріп, гүрс етіп құлады. Диванға әзер көтеріп салдым. Содан әлі жатыр. Киімін жуып, кептіріп, үтіктеймін деп түннің біраз уағына дейін көз ілген жоқ­пын.

– Мас? Арақ ішпеймін деп еді ғой, қайда, кіммен ішіп жүр?

– Қайдан білейін. Ол да жұмыр басты пен­де емес пе? Шаң басқан қағаздарға үңілуден бір сәт жалыққан шығар, көңіл көтерейін деген шығар? Ол жағын енді өзінен сұрай жатарсыз. Тәлтіректеп жүріп құлаған ғой, тоғанға қалай барғанын білмеймін, қайта суға кетіп қоймаған, Құдай қақты.

– Қайдағы жоқты айтпашы! Ол суға кетсе, бәріміз де кетеміз ғой. Ол қалай тура сіздің үйге келіп жүр?

– Қайдан білейін, айтып тұрмын ғой, ес-түсін білмейді деп.

–Тісі қалай түсіп қалды сонда? Таңдайы­мен қоса ұшып кеткеніне қарағанда біреу қат­ты соғып отыр. Болмаса өзі соғылды ма?

–Тісі… жасанды ғой, қазір қаладағылар­дың жартысының тісі сондай.

Бас есепші Күлтайдың мына сөздеріне сенерін де, сенбесін де білмей, сілейіп тұрып қалды.

– Сенбейсіз бе? Үйге кіріңіз, шай ішейік. Таңғы шай.

Бас есепші бір нәрседен қорыққандай Күлтайды алға жіберіп, ілби басып соңына ерді.

Өз көзіне өзі сене алар емес. Қор-қор етіп ұйықтап жатыр.

Күлтайдың шайы жасаулы тұр екен. Ревизордың дін аман екеніне көзі жеткен бас есепші кеңседе бастығының күтіп отырғанын ұмытып кетті. Сары майды нанға қалың етіп жағып жатып:

– Күлтай, жүз грамың жоқ па еді, – деді.

– Бар ғой, бар…

– Құйшы!

– Басыңыз ауырып тұр ма? Кеше сіз де ішіп пе едіңіз?

– Басым емес, жүрегім әкетіп барады…

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp