«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қадамдары сәтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр – өнер атты үлкен әлем­нің киелі қа­рашаңырағы, ұлы ба­баларымыз бен дүлділ данала­ры­мыздың өсиетін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші алтын көпір. Осы игі істі жалғас­тырып келе жатқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының құрылғанына биыл 21 жыл. Көрермен жүрегіне жол табу үшін театр басшылығы мен актерлер әрбір қойылымға, әрбір сөз бен әрекетке, сахнаның тақырыпқа сай безендірілуі мен кейіпкерлер­дің тартымды кос­тюм­деріне деген талапты, өзіндік сынды күшейтті. 21 жыл ішінде түр­лі фестивальдарға қатысып, өнер айдынында тоқтаусыз жүзіп ке­леді. Театр пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Бас санитардың қаулысына сай кө­рермендерді “Ashyq” қосымша­сы арқылы кіргізді.

Биыл екі фестивальға қаты­сып қайттық. Қыркүйек айында ұжымымыз Көкшетау қаласында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы және Шахмет Құсайынов атындағы Ақ­мола облыстық қазақ музыкалық-драма теат­рының 25 жылдығы аясында ұйым­дасты­рылған аймақтық театр фести­ва­лінде “Үздік ансамбль” номи­на­циясын жеңіп алдық. Қазан айы­ның басында Қарағанды қала­сында өткен Әшірбек Сығай атын­дағы “Сын – шын болсын!” рес­публикалық театрлар фести­ва­­ліне Абай Құнанбаевтың “То­лық адам” спек­таклімен қатысып, қазылар өнерімізге жоға­ры баға­сын берді, – дейді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының көр­кемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

Өнер ұжымы құрамында 23 әртісі бар ша­ғын труппадан тұра­ды. Биыл қатарлары Қазақстан­ның түкпір-түкпірінен келген та­лантты жас­тар­мен толықты. Жо­ға­ры оқу ор­нын бітірген алты бір­дей әртіс және бір суретші жұ­мысқа қа­был­­данған. Нақтырақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлт­­тық өнер университетін та­мам­­дап келген Ернар Бақтыбай, Нұр­хан Салауатов пен Ұлжан Қа­ламы­шова актерлік қызметке кі­ріс­се, осы университеттің тағы бір түле­гі Бо­та­гөз Ахметова сах­налық кос­тюмнің бе­зендірілуімен айналы­са­ды. Алматыдағы Те­мір­бек Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында му­зыкалық театр әртісі маманды­ғын бітірген Дінмұхамбет Серік­ұлы мен Сүн­дет Асан және Ма­хамбет Әбілдә да жақында қа­тарға қосылды.

Қарашаның 10-11 аралы­ғын­да Жүсіпбек Аймауытовтың “Сы­лаң қыз” сатиралық коме­диясы­ның тұсауы кесілді. Бұл – ре­жиссер ретіндегі тырнақалды туын­дым. Осы спек­такльге кеше ғана келген жас әртістеріміз де қатысып, көрермен көңілінен шығып үлгерді. Қазіргі уақытта ұжым Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына орай Сәкен Жүні­совтің “Елім-ай” драмасының тұсауке­серіне қызу дайындық үстінде. Қоюшы режиссері Қазақ Ұлттық өнер университетінің профес­со­ры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Камиев. Қо­йылымның премьерасы желтоқ­сан айына жоспарланып отыр, – дейді Дәурен Тойба­заров.

Жұмысқа қабылданған жас ма­мандар ал­ғаш­қы рөлдерін сом­дам, спектакльдерге қа­ты­сып та үлгерді.

Бұл қарашаңырақта бүгінде еліміздің үл­кен сахналарына шығып жүрген аға буын әр­тіс­тер, танымал режиссер Фархат Мол­да­ға­лиев өнер жолын бастаған болатын. Ол кісі­нің қойылым­дары маған ерекше қатты ұнай­ды. Сол себептен мен де өзімнің алғашқы қа­дамымды осы театр­дан бастасам деп келдім. Жүсіп­бек Аймауытовтың “Сылаң қыз” қойы­лы­мында әнші рөлін сомдап шықтым. Жалпы өнерге деген қызығушылығым мектеп жа­сы­нан басталды, – дейді жас маман Ма­хамбет Әбілдә.

Жастар жұмысқа көптеп қа­былданып жат­қанымен театрға әлі де мамандар қажет. Атап айт­қанда, қоюшы режиссер, драма әр­тісі, хореограф, әдебиет бө­лімінің меңге­руші­сінің қызмет ор­ны бос тұр.

Рабиға ЕРАЛЫ,

Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp