«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәуелсіздіктің тірегі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Енді санаулы күндерден кейін біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл – тарихта есесі кеткен, “мың өліп, мың тірілген”, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартқан, үш ғасыр бойына отаршылдықтың қамытынан құтылу жолын іздеп, сол үшін жан алып, жан берісіп күрескен Қазақ даласының, Алаш баласының бағы жанған күн! Осы ұлы мереке қарсаңында біз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Азат Каримуллинге жолығып, әңгімелескен едік.

– Азат Мұратұлы, Тәуелсіздік десе жүрегіміз кеудемізге сыймай керемет бір күй кешетініміз рас. Енді, Тәуелсіздіктің арайлап атқан әр таңы – біз үшін көңілге жұбаныш қана емес, үлкен қуаныш. Айбынымыз асып, азат болғалы, қырандай қомданып, тұғырымызға қайта қонғалы туған еліміз қарыштап дамып, әлем жұртшылығының назарына ілігіп, төрткүл дүниені тамаша табыстарымен тамсандыруда. Осындай ел өміріндегі сәулелі сәттер күш құрылымдарының қызметіне де соны серпін, оң өзгерістер әкелген болар?

– Жаңа дәуір, жаңа өзгерістер иірімі шынында да күшті болып шықты. Ахуал күн сайын дерлік құбылып тұрған сол алмағайып заманда еліміз үшін әр күн, әр сағат үлкен сын болғанын, әсіресе аға ұрпақ, орта буын өкілдері жақсы біледі. Бағымызға қарай, Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол бір сын сағатта жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мә­нін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму үрдіс­терін алдын ала көре біл­ді, халқымыздың мүддесіне сай келетін тиім­ді қайта құру стра­тегиясын ұсынды, оны неғұрлым қысқа мерзімде жүзеге асыру міндетін қойды. Нұрсұлтан Әбішұлының “Ұлттық қауіп­сіз­дік жоқ жерде, мемлекет жоқ” деген асқан көрегендікпен кесіп айтқан сөздері біздің қызметіміздің шынайы мазмұнына айналды.

“Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет”, – деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат!” деп аталатын мақаласында. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар кімге де болсын оңай соққан жоқ. Елдігімізді сақтап, бірлігімізді нығайтып, алыс-жақын мемлекеттермен бай­ланыс орнату секілді қыруар шаруамен қатар аяғына енді тұрып келе жатқан мемлекетте ішкі-сыртқы қатерлердің алдын алу, қоғам өмірі мен әлеуметтік жағдайларды уақыт талаптарына бейімдеу, күйреген социалистік жүйенің салдарын жою, бір сөзбен айтқанда, ұлттық қа­уіпсіздік мәселесі де алға шықты. Сүйініштісі сол, біздің еліміз өтпелі кезеңнің барша сын-қатерлері мен қиындықтарын ойдағыдай еңсерді. Оған біздің құрылымның да қосқан үлесі аз емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үстіміздегі жылы өткен алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиімді және заманауи арнаулы қызмет ретінде қалыптасқанына мамандар мен қалың жұртшылық күмән туғызбайтынын атап өтті. Бұл біздің қызметімізге берілген жоғары баға.

– Біздің егемен мемлекетіміз Кеңестер ода­ғының қирандысында дү­ниеге келгені белгілі. Содан да шығар, әлі күнге қауіпсіздік органдарын кешегі НКВД мен КГБ-нің мұрагері ретінде қабылдап жататындар бар.

– Еліміз егемендік жолына түскеннен кейін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері де түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бүгінгі Ұлттық қауіпсіздік комитеті кешегі НКВД немесе КГБ емес, олардың ісін жалғастырушы да емес, өз халқын қастерлейтін, елін, жерін, Отанын қорғайтын, заңды құрметтейтін және бұлжытпай орындайтын, өзінің бар күш-жігерін Қазақстанның ұлттық мүдделерін, конс­титуциялық құрылысын, қоғамдық қауіп­сіздігі мен экономикалық әлеуетін кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға жұмылдырып отырған бірегей құрылым.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Қажымханұлы Мәсімов республикалық “Egemen Qazaqstan” газетінде жарияланған мақаласында: “Тәуелсіздік жылдарында әрбір адамды, қоғамды және мемлекетті кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға кепілдік беретін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлдем жаңа жүйесі құрылды”, – деп жазған еді. Расында да, біз бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің – мемлекеттің ұлттық мүдделері мен өңірлік қауіпсіздіктің негіздерін сенімді түрде күзететін қазіргі заманғы, ықшам әрі тиімді арнайы қызметке айналғанына күнбе-күн көз жеткізіп отырмыз. Өткен кезеңде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдары қызметінің, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі олардың рөлі мен орнының құқықтық негіздері заңмен бекітілді. Атап айтқанда, “Ұлттық қауіпсіздік туралы”, “Арнайы мемлекеттік органдар туралы”, “Қарсы барлау қызметі туралы”, “Мемлекеттік шекара туралы”, “Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы”, “Мемлекеттік құпиялар туралы” заңдар қабылданды. Ұлттық қауіпсіздік органдары аталған заңдарды басшылыққа ала отырып, басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, заңның үстемдігін, адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды сенімді түрде қамтамасыз етуде. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік органдары үшін өткен кезең – даму мен қалыптасудың, тұрақты жетілудің жылдары болды. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті – кез келген қатер мен сынаққа лайықты жауап бере алатын икемді әрі жоғары білікті арнайы қызмет.

– Осы арада нақты мысалдар келтіре кетсеңіз артық болмас еді.

– Жедел-іздестіру шаралары барысында әлеуметтік желілерде халықаралық терроризм және діни экстремизмді насихаттауға белсене қатысушы Петропавл қаласының тұрғыны, Ресей азаматы назарға ілікті. Ислам форумының сайтына тіркелген ол өзі жасап, өңдеген экстремистік мазмұндағы бейне және аудио материалдарды Интернет-ресурстарға топырлатып сала бастады. Форумның модераторы бола тұрып, халықаралық терроризм және діни экстремизм идеяларын насихаттаумен айналысып қана қоймай, Қазақстан Республикасы аумағында лаңкестік әрекеттер жасауға шақырған халықаралық топқа жол ашты. Департамент қызметкерлері жүргізген шұғыл жұмыстың нәтижесінде күдіктінің лаңкестік сипаттағы қылмыстық әрекеті толық әшкереленіп, ол Петропавл қалалық сотының үкімімен кінәлі деп табылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Біз қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздіктің қатерлеріне төтеп беруден гөрі оның алдын алудың маңыздылығын жақсы түсінеміз. Осылайша қаншама қылмыстық топтардың жолы кесілді. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Қорған-төбедегі (Тәжікстан республикасы) лаңкестік оқиғаға және “ДАИШ” халықаралық террористік ұйымына қатысы бар Тәжікстан республикасының 5 азаматы ұсталды. Олар интернет-мессенджерде аккаунт тіркеп, кейін оны Сирияда жүрген МТО “ДАИШ” содырына берген. Содыр бұл мүмкіндікті Ресей Федерациясының аумағында лаңкестік шабуылдар ұйымдастыру үшін осы елдегі тәжік диаспорасының мүшелерімен және Сирия Араб республикасы аумағындағы “ДАИШ” мүшелерімен байланыс орнатуға пайдаланбақ болған. Күдіктілер “А” арнаулы мақсаттағы қызметінің көмегімен ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тәжікстандық әріптестерге тапсырылды.

– Трансұлттық есірткі құры­лымдарының біздің елімізді есірткі экспортының нысанына айналдырғысы келетінін білеміз. Осыған қалай тойтарыс берілуде?

– Қанша жерден айла-шарғыға салынып, қулығын асыруға тырысса да ондай қараниеттілердің жолы кесіліп жатады. Бір ғана мысал. Ел аумағына Қазақстан азаматтарының көмегімен героин өткізбек болған ресейліктер ұсталып, ірі трансшекаралық арна жабылды. Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары ведомство қызметкерлерінің үйлесімді жедел іс-қимылдарының арқасында есірткі тасымалдаумен айналысатын топтың барлық мүшелері ұсталып, айналымнан 18,9 килограмм героин алынды. Соттың үкімімен барлық күдіктілер кінәлі деп табылып, алды – 18, кейінгілері 11 жылға темір торға тоғытылды.

Жалпы есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған орай біздің департаменттің қызметкерлері есірткі құралдары, психотроптық және сол тектес заттармен заңсыз жұмыс істеу саласындағы қылмыстардың жолын кесу және алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Сөйтіп, соңғы 3 жылда департамент заңсыз айналымнан жалпы сомасы 400 млн. теңге тұратын 710 килограмм марихуана және 30 килограмм а-PVP психотроптық затын тәркіледі. Ведомство қызметкерлерінің үйлесімді және жедел іс-қимылдарының нәтижесінде еліміздің аумағына есірткі жеткізудің 14 арнасының, олардың 4-уі халықаралық есірткі трафигі санатына жатады, жолы кесілді. Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан 10 зертхана жойылды.

– Сіздердің қызметтеріңіз жайлы арнайы басылымдарда болмаса, аса көп жазыла бермейді. Жаңа өзіңіз айтқан нақты мысалдардың астарында өз борышына адал, Отанға мінсіз қызмет етуді өмір мұратына айналдырған талай тәртіп сақшыларының қажырлы еңбегі мен ерлігі жатқаны анық. Соның бәрі халыққа жетіп жатқан жоқ. Осы жайында не айтар едіңіз?

– Рас, былайғы жұрт антқа адалдық танытып, өздерінің қызметтік борыштарын атқаруда жанқиярлық танытып жүрген қатардағы жедел қызметкерлер мен шекарашылардың ерлікке толы өмірі жайлы біле бермейді. Осыған байланысты Комитет басшылығы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында отандық арнайы қызмет жауынгерлерінің еліміздің өсіп-өркендеуіне, қауіпсіздігін нығайтуға қосып жатқан үлесі жайлы айтуға ұйғарды. Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Кәрім Мәсімовтің жалпы редакциясымен “Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” және “Мемлекеттік шекара” деген кітаптар жарық көрді. Бұл еңбектерге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шептерін қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі, ерлік істері арқау болған. Оқырмандар еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың бейбіт өмірі үшін ыстық-суыққа төзіп, күні-түні қызмет атқарып жүрген бейбіт заманның батырларымен танысып, бүгінде құпиясы ашылған талай оқиғаларға қанығады. Сөз реті келгенде айта кетейін, аталмыш кітаптарға біздің өңірлік департаменттің қызметкерлері жайлы жазылған материалдар да енді.

– Өткен отыз жылда біраз белестерді бағындырдық десек те, алда кезегін күтіп тұрған істер, тарқатылмаған түйіндер аз емес екені анық. Демек, алдағы кезеңде Тәуелсіздігімізді, қауіпсіздігімізді баянды ету жағын көбірек ойлауымыз керек. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазіргі әлемдік саясат ғаламдану процесінің қарқынды жүруімен, геосаяси ахуалдың күрделенуімен, тарихи-саяси қайшылықтармен, экономикалық дағдарыстармен, терроризм мен экстремизмнің кең таралуы сияқты халықаралық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің көбеюімен ерекшеленіп отыр. Жаңадан қауіп-қатер аймақтары пайда болды. Террористік және экстремистік ұйымдар тарапынан қауіп-қатер көбейді. Тұрақсыздық пен болжамсыздық артты. Аймақтық қақтығыстар көбейіп барады. Бұл біздің елдегі жағдайға да теріс әсер ететінін түсі­неміз. Біз осыған – уақыт сынына барынша ұтқыр әрі тиімді жауап беруге дайын болуымыз, еліміздің ұлттық мүд­делерін сенімді қорғауымыз керек.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық мін­дет­тер қарқынды өзгеруде. Таяу кезең­ге болжанып отырған негізгі сын-қатерлерге лайықты қарсы тұру үшін 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Ұлт­тық қауіпсіздігінің жаңа стратегиясы қабылданды. Онда елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартылған тәсілдері қарастырылған.

Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оның іргесін нығайтуға атсалысу – баршамызға ортақ борыш. Демек, біз бір мақсатқа жұмылған ұйысқан ұлт, азаттықты армандап кеткен батыр бабаларымыздың аманатына адал ұрпақ екенімізді күнбе күнгі ісімізбен дәлелдеуіміз керек. Осы орайда Ұлттық қауіпсіздік органдары басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, заңның үстемдігін, адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды сенімді түрде қамтамасыз ете беретін болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан,

Жарасбай ҚАБДОЛЛАҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp