Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жеке тасымалдаумен айналысатын адамдар тарапынан мобильді аударымдардан бас тартуға және қолма-қол есеп айырысуға көшуге шақыратын ақпараттар көптеп таратыла бастады. Осыған байланысты мынаны хабарлаймыз. Мобильдік аударымдарды пайдалануға қатысты салық заңнамасына түзетулер жеке тұлғалардың жеке аударымдарын кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асырылатын мобильді төлемдерден бөлуге арналған. Бұл мәселе бизнес-қоғамдастықтардың және банктердің қатысуымен бірнеше рет талқыланып, қолдау тапқан болатын. Аталмыш бастаманың мақсаты цифрлық кеңістікте бизнесті одан әрі дамыту болып табылады және де ешқандай жағдайда қолма-қол есеп айырысуға көшу мақсатын көздемейді.
Мемлекеттік кірістер органдарына деректерді беруге қатысты алаңдаушылыққа еш негіз жоқ. Себебі 2022 жылдан бастап банктерден кәсіпкерлік шоттарға түсетін төлемдер бойынша ғана мәліметтер алу жоспарланған. Осылайша жеке аударымдарға салық салынбайды. Ал жеке кәсіпкерлерге салық салудың ыңғайлылығы үшін арнайы салық тәртібі қарастырылған, олардың ішінен кез келген режімді таңдауға болады. Мысалы, такси жүргізушілер патент негізінде арнайы салық режімін қолдана алады. Бұл үрдіс жылына 10,3 млн. теңгеден аспайтын кіріс кезінде пайдаланылады.
Кассалық аппаратқа қатысты бірер сөз. Қазір бірнеше мобильді қосымша жұмыс істейді. Кәсіпкер онлайн кассалық аппараттың мобильді нұсқасын жүктеп, оны заңды негізде қолдана алады. Ал салық есептілігі «e-Salyq Business» қосымшасын енгізу арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл шаралардың барлығы бизнесті тиімді жүргізуге әрі одан әрі жеңілдетуге бағытталған.
Ерекше ескертетін жайт, қабылданған мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін кірістерден салық төлеуден босатылған. Сондықтан арандатушылыққа бой алдырмауға және уәкілетті органдардың ресми ақпаратын негізге алуға шақырамыз.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті.