Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыста 240 адам рақымшылыққа ілікті, олар алдағы жарты жылда бостандыққа шығады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңға сәйкес бірінші кезекте 50-ден асқан әйелдерге, 60 жасқа толған ер адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, ата-ана құқығынан айырылмаған, асырауында 18 жасқа дейінгі балалары бар немесе асырауында мүгедек балалары барлар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және соған теңестірілгендер бостандыққа шығады.
– Осы санаттарға жататын адамдарды анықтау үшін облыстағы барлық жазасын өтеушілер арасында сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесі сотталушының әлеуметтік мәртебесін растау үшін мемлекеттік органдарға жіберілді. Ал асырауында балалары бар, бірақ ата-ана құқығынан айырылмаған жазасын өтеуші әйелдер бойынша мәлімет білім бөлімдерінен сұратылды, – дейді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов.
Рақымшылыққа ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар, соның ішінде терроризм-экстремизмге, жеке адамдарға қатысты қылмыс жасағандар, кәмелет жасына толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендер ілікпейді.
Қазіргі уақытта облыстың түзету мекемелерінде 1200-ден астам сотталған адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінен 240 адам заңға сәйкес мерзімінен ерте босап шықпақ. Елімізде соңғы рет Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылы рақымшылық жасалып, облыста 171 жазасын өтеуші амнистияға іліккен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.