Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Sensitive” би ұжымының “Танцуем любовь” атты есеп беру концерті өтті.
Шараға ұжым бишілерімен қатар Ақан сері атындағы облыстық филармонияның вокалистері мен қазақ театрының әртістері де қатысты. Оның ішінде “Меломикс” тобы, Асхат пен Динара Таушевтар, Руслан Мұстафин, Айбол Қасым мен Гүлдана Асқарова көрермен көзайымына айналды.
Би ұжымының орындауындағы “Аққудың адалдығы”, “Батылдық”, “Абай жаны”, “Вальс”, “Самба”, “Румба”, “Соло”, “Ча-ча-ча”, “Квик степ”, “Танго” нөмірлерінің әрқайсысы жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.
– “Сенситив” – көрермен қауымды биімен жылата да, қуанта да алатын ұжым. Мысалы бишілер “Абай жанын” орындаған кезде ақынның ішкі арпалысын қимылмен жеткізуге тырысты, – дейді қала тұрғыны Райымбек Кекілбай.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.