Әрбір адам баласы үшін ең қастерлі ұғым – Тәуелсіздік екені даусыз. Биыл біздің еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толды. Ата-бабамыздың арманы орындалып, азаттықтың арайлы таңы атқанына барша әлем куә. Үш онжылдық ішінде Қазақстан талай асуларды бағындырды. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген сындарлы саясаттың жемісі деп бағалауымыз қажет. Бүгіндері бұл сара жолды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәтті жалғастыруда.
Бұрын Петропавлды жұрт аграрлы аймақтың орталығы деп қана таныса, бүгіндері қаламыз индустриялық-инновациялық бағытта да дамып келеді. Бюджет қаржысы 2,3 есеге өсіп, бүгінде 69,4 млрд. теңгеге дейін жетті. Өткен жылдың статистикалық мәліметтеріне қарап-ақ көп жайтты аңғаруға болады, мәселен, инфрақұрылым желілерін тартуға және дамытуға 18,5 млрд. теңге, абаттандыруға 4,2 млрд. теңге, жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 6 млрд. бағытталды. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 98 млрд. теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 184,3 млрд. теңгені құрады. Қайта өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 130 млрд. теңге. Машина жасау саласында 39 млрд. теңгенің тауары шығарылған. Облыс орталығында бұл салада сегіз ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар: “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, “Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдары мен “Петромашзауыты” “Поиск”, “Петропавл трактор зауыты” сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Мәселен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” 194,3 млн. теңгенің өнімін шығарды. 2021 жылға арналған тапсырыс портфелі 3,9 млрд. теңгені құрады. Пандемияға байланысты жарияланған карантин уақытында онлайнға көшкен облыс оқушыларын заманауи компьютерлермен қамту мәселесі өзекті болғаны анық. “Киров атындағы зауытта” қажетті техника шығарыла басталды. Зауыт біздің өңірді ғана емес, өзге облыстарды да қамтуға тырысты. Қазіргі уақытта 13 млрд. теңгенің өнімі тапсырыс берушілерге жол тартты.
Өңір экономикасының негізгі бағыты аграрлық сала болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған кәсіпорындар қаламызда көп шоғырланған. Азық-түлік өнімдерін шығаратын зауыттардың өндірген өнімінің көлемі 70,3 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Сүт өндірісі де жақсы жолға қойылғанын атап өткен жөн. Шамамен бүгінгі уақытқа дейін 9,1 мың тоннасы өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 7,4 пайызды құрап отыр.
Өткен жылы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның негізгі мақсаты – өңірге инвестиция тарту. Биыл ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын “CLAAS” зауыты өз жұмысын бастады. Алғашқы комбайндарды құрастырып үлгерді. Сондай-ақ “Alageum Eleсtric” электротехникалық компаниясы да осы жылдың күзінде іске қосылды. Мұнда жылына 13 мың электр қондырғысы шығарылатын болады.
Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Бүгіндері шаһарда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 16 мыңнан асып отыр. Бұл салада 53 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығында зығырдан май өндіретін кәсіпорын ашылды. Өңірде дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдарды өсіру жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Мәселен, соңғы жылдары бұл ауыл шаруашылығы өніміне тиесілі алқап көлемі біршама өсіп, 1 млн. гектарды құрады. Нәтижесінде майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындарға да сұраныс артқаны сөзсіз. Петропавлда бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп тиюде. Солардың ішінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы”, “Бастау бизнес”, “Бизнестің жол картасы” сынды бағдарламалардың шапағаты мол.
Соңғы жылдары қаламыз үлкен құрылыс алаңына айналды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарды бүгінгі күндермен салыстырсақ, Петропавл адам танымастай өзгергенін байқаймыз. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен ескі жер үйлер сырылып, олардың орнын зәулім ғимараттар басып отыр. Босаған учаскелерге көпқабатты баспаналар тұрғызылып, қысқа уақыт ішінде 6 мыңнан астам қала тұрғыны баспана мәселесін шешті. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген 1400 азамат екі қолға бір күрек тапты. 1998 жылмен салыстырсақ, сол кезде құрылысқа 504 млн. теңге бюджет ақшасы жұмсалған екен. Ал қазір бір жылда 47 млрд. теңге игерілуде. 1994 жыл мен 2021 жылдың аралығын бағамдайтын болсақ, петропавлдықтарды баспанамен қамту 82,1 есеге өсіп, 210 мың текше метрді құрады. Егер 2018 жылы жеке мердігерлер есебінен тек бір көпқабатты үй ғана салынса, биыл 21 зәулім баспана тұрғызылды.
Қаланы абаттандыруға да қыруар қаржы бөлінді. Соңғы уақытта Петропавлдың 596 ауласының 486-сына асфальт төселіп, көпқабатты тұрғын үйлерге тиесілі аумақ қалыпқа келтірілді. Бұл – шаһар тарихында бұрын соңды істелінбеген жұмыс. Балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін ойын алаңқайлары да орнатылып жатыр. Бұл келелі істер алдағы уақыта да жалғасып таппақ. Биыл қаладағы ескі жарық шамдардың орнына заманауи жарықдиодты шамдар орнатылды. Өз кезегінде бұл жергілікті бюджеттің қаржысын үнемдеуге септеседі.
Тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жемісіміз – денсаулық сақтау мекемелері мен білім беру нысандары санының артуы. Егемендікке аяқ басқан уақытта қаламызда жалғыз қазақ мектебі болса, қазір шаһардың әр шағынауданында ұлттық білім ордалары бар. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде облыс орталығында 3 жаңа оқу ошағы тұрғызылды. Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді.
Денсаулық сақтау мекемелеріне тоқталсақ, мұнда да оң өзгерістер баршылық. Жәлел Қизатов көшесінде заманауи емхана, қысқа уақыт ішінде инфекциялық аурухана бой түзеді. Алдағы уақытта “Береке” шағынауданында медициналық мекеме халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ елімізде теңдесі жоқ көпсалалы аурухана салынуда. Халықаралық JCI стандартының барлық өлшемдеріне сәйкес келетін 625 орындық заманауи нысанның құрылысын түріктің “YDA HOLDING” компаниясы жүргізуде.
Облыс орталығы күннен-күнге көркейіп келеді. Оған дәлел – “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандары мен “Солнечный-2” кенті. Қаланың ажарын аша түскен “Жас өркен” шағынауданы туралы айтар болсақ, 2017-2018 жылдары ескі үйлердің орнын көпқабатты ғимараттар, әлеуметтік маңызды нысандар басты. Александр Винокуров спорт сарайын, теннис орталығы мен Оқушылар сарайын ерекше атап өткен жөн. Соңғысында 2018 жылы Қазақстан мен Ресей Президенттері қатысқан форум өтті.
Жыл сайын қаламыздың ішкі жолдары күрделі жөндеуден өткізілуде. 30 жыл ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 100-ден астам жаңа автобус сатып алынды. Биыл барлық қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне ауыстырылды.
Саламатты өмір салтын ұстану мен халықты жаппай спортқа тарту мақсатында да қыруыр істер атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта облыс орталығында 474 спорттық нысан, балалар мен жасөспірімдерге арналған 13 спорт мектебі мен 22 клуб бар. Кәмелеттік жасқа толмаған 11 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Қалада 80-нен астам шағын футбол алаңы, 15 хоккей қорабы және 10 “Street Workout” тренажері орнатылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық спорттық үйірмелер тегін қызмет көрсетеді.
Мұның барлығы тәу етер Тәуелсіздігіміздің бізге тарту еткен сыйы деп бағалауымыз қажет. Бұл келелі істер ары қарай да жалғаса береді. Петропавлдың гүлденуіне, дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Болат ЖҰМАБЕКОВ,
Петропавл қаласының әкімі.