«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Пневмониямен ауырғандар саны 1,9 есе артты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы 373 адамда пневмония тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлемде жыл сайын 5 жасқа дейінгі 1 млн бала пневмониядан көз жұмады.

«Жалпы, пневмония жіті респираторлық инфекцияның өкпеге әсер ететін бір түрі. Өкпе «альвеол» деп аталатын ұсақ қапшықтардан тұрады, олар сау адам тыныс алғанда өкпені ауамен толтырады. Пневмония кезінде альвеол ірің мен сұйықтыққа толып, тыныс алуды ауырлатады және оттегінің келуін шектейді», – дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.

Пневмонияны бірқатар инфекциялық қоздырғыштар, соның ішінде вирустар, бактериялар мен зеңдер тудырады.

«Балалар арасында бактериялық пневмония пневмококктың салдарынан жиі кездеседі. Өкпенің қабынуына әкелетін инфекцияның келесі түрі – гемофилдік жұқпа. Ал вирустық пневмония көп жағдайда респираторлық-синцитиалды вирустан пайда болады. Пневмонияның бірнеше таралу жолы бар. Баланың мұрнындағы немесе тамағында әдетте болатын вирустар мен бактериялар өкпеге өтуі мүмкін. Олар сондай-ақ ауа-тамшы арқылы жөтел немесе түшкіру кезінде таралады. Сонымен қатар, пневмония қан арқылы, әсіресе босанған кезде жұғуы мүмкін», – дейді Салтанат Бекқожина.

Вирустық және бактериялық пневмония белгілері көбіне ұқсас болып келеді.

«5 жасқа дейінгі балаларда пневмонияда жоғары температура болмауы да мүмкін. Алайда жөтел қысып, жиі тыныс алады. Емшектегі сәбилер аурудан әлсіреп, еме алмай қалады. Талып, гипотермия және тырысу пайда болады. Дені сау балалардың көбінің ағзасы инфекциямен өздігінен күресе алады, ал иммундық жүйесі нашар балаларда пневмония дамып, денсаулыққа қауіп төндіреді. Баланың иммундық жүйесі жеткіліксіз немесе дұрыс тамақтанбағандықтан әлсіреуі мүмкін», – дейді дәрігер.

Тұмау, қызылша және көкжөтел сияқты аурулар асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы мүмкін. Сондықтан егер бала ауырса, оны өздігінен емдемей, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Аурудың алдын алудың негізгі жолы – гемофилдік инфекцияға, пневмококк, қызылша, көкжөтелге қарсы вакцина алу. Бала иммунитеті қауіпті ауруларға төтеп беруі үшін ол өмірінің алғашқы 6 айында емшек сүтімен қоректенуі керек.

Мамандардың айтуынша, жалпы биыл эпидемиологиялық маусымның 40-51 апталарында облыста 373 адамда пневмония анықталған. Былтыр осыған ұқсас аралықта 191 адам ауырған. Яғни өңірде пневмониямен ауырғандар саны 1,9 есе артып отыр.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp