Солтүстік Қазақстан облысы аумағы жағынан еліміздегі ең шағын өңір болса да, қамбаға астық құю жағынан көш басында. Өйткені өңір диқандары республика бойынша орылатын дақылдың 30 пайызын өсіреді. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2021 жылды теріскейлік диқандар табысты аяқтап отыр, басты көрсеткіш – қамба толы астық. Биыл өңір бойынша 4 млн. 300 мың гектар алқапқа егін егілді. Шығымы да жаман емес, ауа райының қолайсыздығына қарамастан 3,5 млн. тонна ырыс дәні жиналды. Гектар берекелігі орта есеппен 11,9 центнерден айналса, жекелеген шаруашылықтарда 40-тан асқандары да бар. Бұның барлығы тың технологияны тиімді қолданудың арқасы.
Бұрынғыдай арпа-бидай мен бұршақ қана емес, өңірде соңғы жылдары майлы дақылдарды өсіруге де ерекше көңіл бөлінуде. Нарықта сұранысқа ие, бағасы да қымбат өнімнің пайдасын диқандар жақсы түсінген. Бүгінде облыста майлы дақылдардың егіс алқабы 1 млн. гектарға жетті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов журналистермен болған кездесуде өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мықтап қолға алынғанын атап өткен болатын. Биыл облыс бойынша 48 млрд. теңгенің 34 жобасы қолға алынып, біршамасы пайдалануға берілді. Солардың бірі – Есіл ауданындағы тұқым зауыты. Совет ауылындағы бұл кәсіпорынды “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігі небәрі 8 айда тұрғызды. Қажетті құрылғылар Украинадан жеткізілді. Толығымен автоматтандырылған желіде дән 6 сатылы өңдеуден өтеді. Яғни, дәнді, майлы және бұршақ дақылдары тазартылып, егіс алқабына жеткізіледі. Мұндай тұқымнан астық өнімділігі де айтарлықтай артады. Кәсіпорынға жергілікті 20 адам жұмысқа тұрып, орташа жалақысы 190 мың теңгеге жетті.
Ауыл тірлігінің өзегі – үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорындар. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда жылдар бойы жұмыс істеп, адамдарға жұмыс, қалаға ет-сүт берген фабрикалар жабылып қалды. Жұмыссыз қалған ауыл тұрғындары қалаға көшіп, елді мекендерде қаңыраған үйлер мен бір кездерде мыңғырған мал ұстаған қоралардың қирандысы ғана қалды. Шағын ауылдардың тоз-тозы шығып, қазақ алтын бесігінен айырылғандай күй кешті. Қуантарлығы соңғы жылдары облыста сүт фермалары көптеп ашылуда. Осының арқасында қазіргі күні көптеген ауылдардың тамырына қайтадан қан жүгіріп, көркейіп келеді. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Прекрасное ауылы. Жергілікті кәсіпкер Бақыт Құсайынов туған жеріне оралып, шаруашылықтың тізгінін қолына алған болатын. Еңбегі нәтижесіз емес, мұнда соңғы 3 жылда 30 шақты жаңа үй салынды. Жуырда 600 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Бүгінде мұнда 600 бас асыл тұқымды ірі қара өсіріледі. Жоба құны – 1,6 миллард теңге. 30 жаңа жұмыс орны ашылған. Солтүстік Қазақстан облысы сүт фермаларын салу бойынша республикада көш бастап тұр. Қазақстанда салынып жатқан әрбір екінші кешен солтүстік өңірде. Биыл 16 ферманың құрылысы басталса, 10-ы іске қосылды.
Ауылды дамытудың озық үлгісін көрсеткендердің бірі – “Полтавское” ЖШС-і. 1997 жылы құрылған бұл шаруашылық бүгіндері өңіріміздегі маңдайалды агроқұрылымдардың қатарында. Серіктестік жыл сайын машина-трактор паркін жаңартуға баса назар аударады. Тек биылдың өзінде 336 млн. теңгеге озық техника сатып алынған. Осының арқасында астықты дер кезінде жинады. Гектар берекелілігі облыстық деңгейден жоғары, орташа есеппен 20 центнерден өнім алған. Ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуден де шет қалмайтын серіктестік осы уақытқа дейін 240 млн. теңгеге демеушілік көрсеткен екен. Егіншіліктен бөлек, 1500 ірі қара өсіреді. Осының арқасында жұмысшылар жыл бойы еңбекке тартылған. Серіктестіктегі орташа жалақы 235 мың теңгенің маңайында. Полтавка ауылында 17 үй салып, фельдшерлік-амбулаториялық пункт тұрғызса, қазір балабақша құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жолды күтіп ұстау мен асфальттауға да жыл сайын қаржы бөліп отырады.
Жанашыры бар ауылдың болашағы да жарқын болмақ. Мемлекет тарапынан да агроқұрылымдарға қолдау зор. 2006 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау 31 есеге өскен. Егер 2007 жылы 1,6 млрд. теңге бөлінсе, 2020 жылы 50 миллиардтан асты. Шаруашылықтар да бұрынғыдай бар тапқанын астына баспай, түскен пайданы шаруашылықты одан әрі дамытуға, ауылды көркейтуге жұмсап жатқаны қуантады.
Жылды қорытындылайтын болсақ, биыл өңірде ет пен сүт өндіру мен өңдеу де қарқын алғанын айта кеткен жөн. Өңірдегі екі сүт зауыты өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға 15 млрд. теңге бөлді. Тамыз айында “Масло-Дел” зауытында жаңа сүт желісі іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы 87 мыңнан 119 мың тоннаға дейін өсті. Жалпы өңір жылына 600 мың тонна сүт өндіреді. Ет өндірісін 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін көбейту жоспарлануда. Осы мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Облыста екі жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой әкелінді.
Бұл – аграрлы аймақтың 2021 жылғы жетістіктерінің бір парасы. Қазақтың алтын бесігі, ақ сүт берген асыраушысы – ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын көтеруге деген бетбұрыстар көңілге қуаныш ұялатады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.