“Jas Otan” жастар қанатының еріктілері биыл жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне 85 рет барып, көмек қолын ұсынды.
“Biz Birgemiz” еріктілер қозғалысы зейнеткерлер мен жалғыз тұратын қарт адамдарға көмек көрсетуді жалғастыруда. “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында да тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетілді. Жақында “Jas Otan” жастар қанатының белсенділері Петропавл қаласының тұрғыны Сара Бекенованың үйіне барып, ауласын тап-тұйнақтай етіп тазалап берді. Сара апайдың дүниеден өткен жұбайы Тасболат аға ақын Мағжан Жұмабаевтың туысы болғанын айта кеткен жөн.
Көмекке мұқтаж жандар арасында тыл еңбеккерлері, жалғызілікті қариялар көп. Оларға көмек беруден ешқашан бас тартпаймыз. Облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерімен үнемі хабарласып, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар жайлы мәліметтер алып тұрамыз. Жақында қатарымыз №2 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен толықты. Олар еңбек ардагері Сәлтай Өмірзақованы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ауласын қардан тазалап, су тасып берді.
Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.