Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен балаларға арналған “Жарқыра, жайна жаңа жыл – Тәуелсіз қазақ елінде!” деген атаумен Президенттік жаңа жылдық шырша өтті. Пандемиялық шектеулерге байланысты шара онлайн-режімде ұйымдастырылды.
Президенттік шыршаға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ерекше білім беру қажеттіліктері бар, жетім және мүгедек, сондай-ақ оқуда, спортта және шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар қатысты.
Жиналғандарды Құмар Іргебайұлы құттықтап, оқуда озат, өмірде алда болуларына тілектестік білдірді. Өңір аудандарынан қатысқан 200 балаға Президенттің атынан сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.
9-11 жас аралығындағы 120 балаға велосипед, ал 12-14 жас аралығындағы 80 балаға гироскутер мен смартфон берілді. Сондай-ақ жаңа жылдық шыршада костюмдер байқауының қорытындысы шығарылды. Гран-приді Айыртау ауданындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Юлия Пашкевич жеңіп алды, оған теледидар тарту етілді.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.