Облысы әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болып, Раисовка ауылында салынған “Жастар” хоккей кортының ашылу рәсіміне қатысты. Жабық хоккей кортының жалпы аумағы – 2590 шаршы метр. Құрылысқа бюджеттен 84 млн. теңге жұмсалса, “Раисовка” ЖШС-і өз қаражаты есебінен 15 млн. теңге жұмсап, айналаны абаттандырды. Киім ауыстыратын бөлмелер талапқа сай жабдықталған.
Серіктестік директоры В.Коваленконың өзі шаңғышы болғандықтан, ауылда қысқы спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Спорт шебері Т. Заболотнаяны туған ауылына шақырып, ол хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек сияқты қысқы спорт түрлерінің дамуына үлес қосты. Жаттықтырушының шәкірттері аудан, облыс құрама командаларының құрамына алынып, жақсы қырларынан танылып жүр. Бүгінде 50 балғын қысқы спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады.
Спорттық форма киген жас хоккейшілер мұз айдынына шыққанда тұрғындардың көңілін мақтаныш сезімі кернеп, ішкі сүйініштерін жасыра алмады. Өңір басшысы ауылдықтарды спорт нысанының ашылуымен құттықтай келіп, облыста 12 жабық хоккей корты жұмыс істеп жатқанын айтты. Жақын арада осындай тағы 6 нысан пайдалануға берілетінін жеткізіп, 11 жас хоккейшіге арнайы сыйлықтар тарту етті.
Жұртшылық концерттік бағдарламаны тамашалағаннан кейін шорт-трек секциясының тәрбиеленушілері – конькимен жүгіруден спорт шеберлігіне үміткер Владислав Коваленко, биыл Ресейдің Челябі облысында өткен жарыс жеңімпазы Карина Коваленко, мәнерлеп сырғанаудан екінші разрядты спортшы Злата Коваленко өз өнерлерін паш етті.
Хоккейден “Қызылжар” және “Раисовка” әуесқой командалары арасында өткен жолдастық кездесуде қонақтар жеңіске жетті.
Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары “Возвышенка СК” ЖШС-де жалғасты. Мұнда әкім тауарлы-сүт кешенінің құрылысымен танысты. Жоба құны – 2 млрд. теңге. Ферманың бірнеше блогы тұрғызылып, 600 бас асыл тұқымды ірі қара малының алғашқы легі жеткізілді. Енді “Карусель” сауу кешені орнатылып, мал бордақылау цехы, санитарлық бақылау бөлмесі, тағы басқа қосалқы құрылыстар салынады.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен өткен кездесуде аудан әкімі Серік Мұхамедиевтің биыл атқарған жұмыстарының қорытындысы және алдағы жоспарлары жайлы есебі тыңдалды. Келесі жылы “Будённый”, “Дудов”, “Әділ басқарушы компания”, “Намыс” шаруашылықтары тауарлы-сүт фермаларын салумен айналыспақ. “Намыс” ЖШС-нің жетекшісі А.Касьяненко 1000 басқа арналған кешеннің жобалық құжаттары дайындалып жатқанын, инвестиция көлемі 3 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді.
Құмар Ақсақалов 2022 жылы мал шаруашылығы саласын дамыту бағдарламалары жалғасатынын атап көрсетті. Тек Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ғана төрт тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. 600 бас ірі қараға арналған бір ферманың құрылысына кемі 1,5-2 млрд. теңге қажет. Мемлекет ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына инвестиция түрінде қолдау көрсетуге әзір. Әкім халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер салу, жолдарды, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру басты міндет болып қала беретінін айтты. Келесі жылдың бюджеті нақтыланып, 50 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жайы жақсартылады. “Ауылдардағы тәртіп пен тазалықты сақтау, қараусыз қалған үйлерді сүріп, жаңаларын тұрғызу басты назарда болуы керек”, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.
Сәуле ЕСЕНТАЕВА,
аудандық “Есіл өңірі” газетінің редакторы.