Тайынша ауданында жылына 72 мың тонна дайын өнім шығаратын қоспажем зауыты ашылды. Жаңа нысанның жұмысымен өңір басшысы Құмар Ақсақалов танысты. Зауыт сапалы мал азығын өндіреді. Құрылысына кәсіпкер 1 млрд. теңге жұмсаған. Еуропадан әкелінген қондырғы 13 түрлі қоспажем шығаруға мүмкіндік береді. Жемазықты төрт түлікке де, құстарға да беруге болады, балықтарды қоректендіруге де жарамды.
– Біз сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын және құс фабрикаларын салып жатырмыз. Оларға жем-азық базасы қажет. Жаңа зауыттың ашылуы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сырттан өнім әкелмей, құрама жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл фермалар мен мал бордақылау алаңдарының өнімділігін айтарлықтай ұлғайтатыны анық. 70 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді жаңа кәсіпорынның жұмысын көрген облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қоспажем зауыты Тайыншадағы элеватордың аумағында орналасқан. Бұл жерде өнім сапасын бақылауда ұстауға қажет зертхана бар.
– Қоспажемді қаптайтын кешеніміз де бар. Өнімімізді 50 келілік қаптарға да, үлкен биг-бэгтерге де саламыз. Бұдан бөлек, бидай қабылдап, кептіріп, сақтаумен айналысамыз. Биыл элеваторға газ қондырғысын орнаттық, майлы дақылдарды қабылдайтын элеваторды іске қостық, қоймаларымызды жөнге келтірдік, – дейді “Элеватор-Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шиназбек Балқыбек.
Құмар Ақсақалов ауданға сапары барысында “ЕМС Агро” серіктестігінің шошқа кешенінде де болды. Бұл ферма болашақта еліміздегі ең ірі комбинаттардың біріне айналмақ. Биыл кешенді үлкейтуге 16 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 20 мың тоннаға дейін шошқа етін шығармақ. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталады.
Наталья АИТОВА.