Өңіріміздегі “Қуаныш” волейболшылар клубының сапында жасындай жарқылдап жүрген белді ойыншылардың бірі – Сабира Бекішева. 24 жастағы Тимирязев ауданы тумасының қол жеткізген қомақты табыстары көп. Ол биыл Қазақстанның кубогы үшін болған айтулы бәсекеде команданың қола жүлдегер атануына зор үлес қосты.
Сабира спортқа жастайынан әуес болды. Жергілікті гимназияда оқыған жылдары тұлымшағы желбіреп жүріп, түрлі спорттық шаралардан қалмайтын. Жеңіл атлетика, би үйірмелеріне жазылып, уақыт өте келе бар қызығушылығы волейболға ауды. Білім ошағына “Қуаныш” волейбол клубының сол кездегі жаттықтырушысы Азамат Есімов дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келіп, волейбол үйірмесін ашқанда ол алғашқылардың бірі болып жазылды. Сөйтіп, Сабира алтыншы сыныптан осы спорт түрімен жүйелі түрде айналыса бастады. Күнделікті тынымсыз жаттығулардың арқасында волейболдың әліппесін игеріп, қыр-сырын ұғып, құрбыларымен бірге аудандық жарыстарда бақ сынайды. Көп ұзамай ең лайықтылардың қатарында аудан құрамасына қабылданып, өңірлік турнирлерде біраз тәжірибе жинақтады. Азулы командаларға қарсы тегеурінді ойын өрнегін көрсетіп, оларға оңай шағылар жаңғақ емес екендіктерін талай мәрте дәлелдеді. Қорғаушы сапындағы Сабираның өзіндік ойын мәнеріне тәнті болған волейболдың жілік майын шағып ішкен мамандар бірауыздан оны облыс құрамасына лайықты деп тапты.
– Бастапқыда аудан деңгейінде бақ сынап, облыстық жарыстарға жолдама ала бастадық. Біздің командаға қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкер Қайырбек Хамзин бірнеше рет Қазақстан және Ресей қалаларында өткен турнирлерге бастап барып, мол тәжірибе жинақтадық. Шыны керек, ол кездері бүгінгідей жоғары жетістіктерге жету арман болатын. Облыс намысын қорғайтын деңгейге дейін көтерілуіміз командалық ойынның, жаттықтырушылар мен демеушілердің біріккен жанқиярлық еңбегінің жемісі дер едім, – дейді волейболшы қыз.
Сабира тәжірибесі толысып, біліктілігі әбден шыңдалғаннан кейін жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ересектер командасына қабылданған ол Азамат Батановтың қарамағында жаттықты. Қызылжар, Тимирязев аудандарының бұрымдыларынан жасақталған команда 2012-2013 жылдардағы дебюттық маусымда ел чемпионатының “Б” дивизионында үшінші орынға табан тіреді. Сенім ақталды деген осы! Араға бір жыл салып, осы лигада жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Сөйтіп, “А” дивизионына көтерілген жылы 7 команданың ішінде 5-шы сатыға жайғасып, ал келер чемпионатта үшінші орынды иеленді. Кейін команданың алдына алтын медаль тағыну міндеті қойылды. Абырой болғанда бұған да қол жеткізілді. Жоғары лигада қыздарымыз сәтті өнер көрсетіп, бірінші маусымда жеңімпаз атанды. Осылай “Қуаныш” ойыншылары волейболдың хас шеберлерінен құралған командалармен ұлттық лигада бақ сынасуға жолдама алды.
Жергілікті команданың ұлттық лигада ойнап жүргендеріне биыл – төртінші жыл. “Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға” дегендей, алғашқы қадамдары 7-ші орынмен түйінделіп, сосын 5-ші, 4-ші орындарға тұрақтап, биылғы маусым өте сәтті аяқталды. Жергілікті волейболшы арулар командасы облыс тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогы үшін болған додада қола жүлдені қанжығаға байлады.
“Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін” демекші, кәсіби спортшылар үшін тынымсыз жаттығулардың, шеберлігін талмай шыңдаудың маңызы айрықша. Содан болса керек, Сабираның уақытының көп бөлігі волейбол алаңдарында өтеді. Күніне екі мәрте үш сағатқа созылатын жаттығулардан соң өзін өте жеңіл сезініп, әркез спорттық бабында жүреді. Үздік волейболшының қиын-қыстау кезеңдерде жанынан табылып, қолдау көрсете білген ата-анасы мен туыстарына, достарына, команда директоры Қайырбек ағасына деген алғысы шексіз.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ
“Soltüstık Qazaqstan”.