Қытайда жалауын желбіреткен қысқы Олимпиада ойындары ұлттық құрамамыз үшін сәтсіз басталды. Қазақстандық спортшылардың дені медаль тұрмақ, алғашқы ондыққа да іліге алмай жатыр. Дүбірлі додаға үкілеп қосқан қыз-жігіттеріміз бірінен кейін бірі сүрінуде.
Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде могулшыларымыз бақ сынады. Іріктеу кезеңінде Олеся Граур 57.18 ұпаймен 23-ші орынға, Аяулым Әміренова 66.82 ұпаймен 16-шы орынға тұрақтады. Ал Анастасия Городко жарысты аяқтай алмады. Екінші кезеңде Аяулым Әміренова мен Олеся Граур бірінші іріктеудегі нәтижесін жақсарта алмай, жарысты сол тұстан аяқтады. 16 жастағы Анастасия Городконың финалға өтуіне бірнеше ұпай жетпей қалды. Екінші іріктеуде ол 11-ші орынмен шектелді. Коронавирусқа байланысты бірінші іріктеуге қатыса алмаған басты үмітіміз, 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева финалдық кезеңде бақ сынағанымен, суперфиналға берілер жолдама сарапқа салынған кезде сәтсіз өнер көрсетті.
Фристайл-могулдан ерлер арасындағы бірінші іріктеу сайысында қазақстандық спортшылар алғашқы ондыққа ене алмады. Дмитрий Рейхерд 75.43 ұпаймен 12-ші, Павел Колмаков 74.09 ұпаймен 17-ші орынды қанағат тұтты. Екінші іріктеу сайысында осы спорт түрінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд 76,77 ұпаймен сегізінші орынға табан тіреп, финалға бір қадам жетпей қалды. Ең өкініштісі, 17 жасынан бастап 5 рет қысқы Олимпиадаға қатысқан Рейхерд бұл жолы да сенім үдесінен шыға алмады. Отандық мамандар медаль алады деп топшылаған еліміздегі үздік спортшылардың бірі, Әлем кубогының күміс жүлдегері Павел Колмаков та елге құр алақан қайтатын болды. Ол екінші іріктеу сайысында 11-ші орын (69,54) алды. Осылайша қазақстандық могулшыларға Бейжіңде медаль алу бақыты бұйырмады.
Шаңғымен трамплиннен секіру спорты бойынша Қазақстан құрамасынан екі спортшы жарыс жолына шықты. Ерлер арасында орташа трамплинде өткен додаға Сергей Ткаченко мен Данил Васильев қатысты. Бірінші айналымда қос қазақстандық атлет те келесі айналымға жолдама алған. Сергей Ткаченко алғашқы жаттығуы үшін 43.1 ұпай алса, Данил Васильев 46.2 ұпайға ие болды. Алайда қос спортшымыз финалдық кезеңге жолдама берер сайыста 30 спортшының тізімінен тыс қалды. Данил Васильев 46-шы, Сергей Ткаченко 41-ші нәтиже көрсетті.
Шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон 30 шақырымға созылып, жарысқа Қазақстан атынан екі спортшы қатысқан болатын. Виталий Пухкало төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-ші орынға тұрақтады. Ол жеңімпаздан 7 минут 35 секундқа қалып қойды. Тағы бір спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алмады.
Әйелдер арасында скиатлоннан қазақстандықтардан (классикалық стильде 7,5 шақырым, еркін стильде 7,5 шақырым) төрт шаңғышы өнер көрсетті. Ксения Шалыгина 48-ші, Ангелина Шурыга 49-шы, Валерия Тюленева 51-ші, Надежда Степашкина 58-ші болып мәреге келді. Жарыс жолына барлығы 65 спортшы шыққанын айта кеткен жөн.
Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская-Шепоренко жекелей сында өнер көрсетті. Ол ату кезінде бір рет қателесіп, қорытынды есепте 44-ші орын алды. Осы нәтижесінің арқасында із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енді. Жарысқа барлығы 86 спортшы қатысқанын айта кеткен жөн. Бұл спорт түрі Қазақстанға бұрын медаль сыйлағаны белгілі. 2010 жылы Ванкувердегі Олимпиадада Елена Хрусталева жекелей жарыста күміс медаль алған еді.
Олимпиада ойындарында жүлдеге шорт-трекшілер ғана бір табан жақындап барып тоқтады. Әділ Ғалиахметов 1500 метр қашықтықта финалға өткен. Жартылай финалда қытайлық спортшы біздің жігітті итеріп жіберіп, жазаланған болатын. Төрешілер Әділге финалға жолдама берген, таңдаулы он спортшының арасынан ол мәреге 8-ші болып келді. Шорт-тректен аралас эстафетада бесінші орын алғанымызды да айта кеткен жөн. Біздің команда бесінші-алтыншы орындар үшін болған сайыста Нидерланды өкілдеріне есе жіберген. Алайда Канада құрамасының жарыстан шеттетілуіне байланысты Нидерланды төртінші, Қазақстан бесінші орынға көтерілді. Команда сапындағы Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Ханның әрқайсысы 10 мың АҚШ долларынан сыйақы алатын болды.
Әйелдер арасында конькимен жүгіруде Екатерина Айдова мен Надежда Морозова жарыс жолына шықты. Морозова 3000 метр қашықтықты 4:04.97 уақытта жүгіріп өтіп, 30 спортшының арасынан 13-ші орын алды. Ал 1500 метрге жүгіруде Надежда Морозова 14-ші, Екатерина Айдова 18-ші болып мәре сызығын кесті. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш отандастарымыздың жүлдегерлер қатарынан көрінуіне жеткіліксіз еді.
Қазақстан құрамасының қоржыны әлі бос. Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай қыз-жігіттерімізге енді жүлденің ауылы алыс деп есептейді. “Сенім артқан саңлақтарымыз ә дегеннен сүрінді. Ал олардың ізбасарларын тәрбиелеп, мықтыларға жол ашуға жауапты мекемелер құлықсыз көрінеді. Қысқы спорттың дамуына жемқорлық пен инфрақұрылымның жоқтығы да тұсау болып тұр. Спорт нысандарын көбірек салу керекпіз. Осындай ірі жарыстан төмен қарап қайтпау үшін талантты спортшыларды табуымыз керек. Құрығанда, екі жылда бір іріктеу жарыстарын өткізіп тұру керек. Басты жауымыз – парақорлық. Ол спорт саласында тіпті кең тараған. Қысқы спорт түрлерін шын мәнінде қолға алмасақ, әр төрт жылда миллиардтарды суша ағызып, жерге қарап қайтатын боламыз”, – деп пікір білдірді спорт журналисі.
Сарапшылар Қазақстанда қысқы спорт түрі кенже қалғанын, насихаты төмен екенін жасырмайды. Жанкүйерлер болса төртжылдықтың басты додасына аттанған 34 спортшының бойында жеңіске деген жігер байқалмайтынын айтып, сын тезіне алуда. Дайындықтары да осал екені көзге бірден көрінеді. Төмен нәтиже көрсеткен спортшылардың бұл сындарға қарсы айтар уәждерін елге келген соң тыңдай жатармыз.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.