Көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері жергілікті атқарушы органдардың жіті бақылауында. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Рамиль Камалов қолға алынған сақтық шаралары туралы баспасөз мәслихатында айтып берді.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды орындау шеңберінде елді мекендерден 463 мың текше метр қар шығарылған. Тасу қаупі бар Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты сияқты өзендерге жақын орналасқан елді мекендерде сақтық шаралары күшейтілді.
– Cергеев су қоймасы 78,6 пайызға толды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 11 пайызға аз. Адамдарды тасымалдауға және эвакуациялауға арналған 10 арнайы техника, 5 жол талғамайтын көлік, 5 жүзу құралы, 85 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және сыйымдылығы 400 адамнан асатын 21 шатыр дайындалды. Тасқын бола қалса 2 мыңнан астам адам, шамамен 1300 техника және 108 жүзу құралы көмекке жетеді. 198 тонна жанар-жағармай, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың құм салынған қап дайындалды, – деді Рамиль Камалов.
Ақпанның 21-нен бастап су тасқынынан болатын қауіп-қатерлерді азайту шаралары туралы оқыту және ақпараттандыру жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 3,6 мыңнан астам адамды қамтитын 78 рейд жүргізілді. Бұл ретте профилактикалық іс-шаралардың белсенді кезеңін наурыздың екінші жартысында су тасқыны кезеңіндегі мінез-құлық және іс-қимыл қағидаларын халыққа жеткізу айлығы аясында өткізу жоспарланған.
Су тасқыны жағдайын бақылау, басқару органдарының іс-қимылын үйлестіру үшін департамент базасында облыстық су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде. Енді қалалық және аудандық штабтар құру жоспарланып отыр.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.