«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Этика” термині ежелгі гректің “этос” сөзінен шыққан, оның негізінде Аристотель адами қасиеттерді білдіретін “этика” терминін енгізді. Аристотельдің еңбегі (б.э.д. 384-322 ж.) антикалық этиканың ең жоғары дамуы болып саналады. Аристотель Платонның шәкірті екені бәрімізге мәлім. Оның “Платон – менің досым, бірақ шындық қымбат” деген атақты сөзі қалған.

Аристотельдің әдеп туралы үш көрнекті еңбегінің ішіндегі ең маңыздысы – “Үлкен этика”. Аристотельдің пікірінше, әдеп адамның жеке мінез-құлқын, оның басқа адамдармен қарым-қатынасын зерделейтін, сондықтан бұл, ең алдымен, әлеуметтік-саяси әдеп, яғни, мемлекет пен азаматтың моральдық міндеттерін зерттейтін білім саласы болып табылады. Антикалық философтың әдеп жөніндегі еңбектері қазіргі заманмен, біздің мемлекеттік қызметшілердің әдеп мінез-құлқымен тығыз байланысты. Адалдық, мейірімділік, ізгілік сөз тіркестерінің түбірі бір, ол, түптеп келгенде, жақсылық деген мағынаны білдіреді. Сөздікке сәйкес, адалдық ұғымы – адамның адами болмысына күмән келтіруге болмайтын қасиет. Бұл сөздің синонимдері: ұждандылық, әдептілік, инабаттылық, пәктік, тұрақтылық. Осыдан мемлекет пен қоғам мемлекеттік қызметшіден өз міндеттерін орындау кезінде ұждандылықты, әдептілікті, инабаттылықты, пәктік пен тұрақтылықты талап етеді деген қорытынды жасауға болады. Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімділіктің белгісі. Осы себепті мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебіне жоғары талаптардың қойылатыны міндетті.

Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы, бірінші кезекте, ғасырлар бойы қалыптасқан мораль мен этиканың жалпы адамзаттық құндылықтарына, жазылған және жазылмаған өсиеттеріне сәйкес келуі тиіс. Жақсы тәрбие – осыған лайық мінез-құлық ұғымына сәйкес келетін синтез. Мұның отбасына, қоғамға және де ұжымдағы мінез-құлыққа да тікелей қатысы бар. Бұл айтылғандар 2022 жылы 22 ақпанда өзгерту-толықтырулармен қабылданған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық қағидаларында жазылған. Мемлекеттік қызметші тең құқылық, баршаның заң алдындағы теңдігі, әділдік, гуманизм, адамгершілік, ар-намыс және құрмет қағидаттарын басшылыққа алады. Жаңа замандағы мемлекеттік қызметшінің портреті – бұл құзыретті, кәсіби және адал қызметші, оның қызметі халық пен қоғамның мемлекеттік билік институттары мен мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға бағытталған. Өзінің функционалдық міндеттерін орындау кезінде біздің қоғам азаматтарының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сапалы және жан-жақты қарастыруға негізделуі, формализмнен, бюрократизмнен аулақ болып, өз жұмысын жан дүниесімен орындауы, мемлекеттік және ресми тілді меңгеруі тиіс. Сондай-ақ шет тілдерін оқып-үйренуге, өз бетінше білім алуға ұмтылуы керек. Сонда ғана абыройлы беделі мен жоғары мемлекеттік қызмет имиджі қалыптасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді игеру және патриотизм туралы былай деді: “Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. “Бірлігіміз – әралуандықта” деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді”. Мұндай ұстанымды қазақстандықтар қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Конституцияда жазылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін еліміздің азаматтары жақсы түсінеді. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол берілмейді, заң алдында бәрі тең. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңеюде. Қазақ тілінің өрісі шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Мұны отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.

Сейілхан СЕРІКБАЕВ,

облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі өкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp