«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асық – тәрбие құралы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асық – қазақ халқының ұлттық қазыналарының бірі. Халқымыз­дың негізгі кәсібі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, күнделікті тыныс-тір­шілігіміз осы саламен біте қайнас­қан. Таң атқаннан кеш қарай­ғанға дейін мал күтіміне қолғанат болған ауылдың малсақ балалары асық ойынының небір түрле­рін жетік меңгергенін үлкендер өз­гелерге мысал етіп, айтып оты­ратын. Жеткіншекті ұстамдылық­қа, байсалдылыққа, шыдамды­лыққа тәрбиелеп, жақсы мінез қалыптастыратын бұл ойын түрі көзімізден бұл-бұл ұшқандай болып еді, соңғы кездері қайтадан жандана бастағаны қуантады. Қазір ауылдарда, мекттептерде түрлі жарыстар ұйымдастырылып, дамыған спорт түрлерімен теңестірілуі бала денсаулығына тигізер ұшан-теңіз пайдасын бағалаған­дық деп білеміз. Ойын барысын­да жүгіру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, дәлдеп лақтыру, ату баланы физиоолгиялық және психологиялық жағынан дамы­тады.

Балабақшада асық ойынын жиі қолданамын. Асықтан арнайы денсаулық жолақшасын жасап, балдырғандарды толыққанды жетілдіру мақсатына пайдаланып жүрмін. Осылайша аяқ, табан, бұлшық еттер қозғалыстарын жақсартуға күш саламын. Бес асық түрінен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Тіпті балалардың сөздік қорларын көбейтуге де түрлі-түсті асықтарды пайдаланып, сөздер­ге дыбыстық талдау жасаймын. Асықтарға буындарды жазып, сөз құрастыруға болады. Кішкентай тәрбиеленушілер ақ қағаз бетіне сызылған шеңбердің ішіне боялған асықтарды қойып, әртүрлі бейнелер жасауға машықтанады.

Қарапайым логикалық математикалық түсініктерді қалыптас­тырудағы танымдық мағынасы да мол. Кеңістікті бағдарлау ар­қылы асықты ұяшықтарға орналас­тыру, шертіп ату, санау, топ­тау және жіпке тізу баланың сау­сақ буындарын жаттықтыруға өте пайдалы. Сондай-ақ кез келген ортада бірлесе әрекет ету арқы­лы бір ұжымда біріге отырып, ше­шім қабылдауда асық ойынының орны ерекше. Бала өз ортасында дос табады, өзін еркін сезінеді, ойын ашық айта алады.

Ұмытылып бара жатқан асық ойындарын жаңғырту арқылы ба­лаға тәрбие беру ұтымды бағыт­тардың бірі болып табылады. Ең бастысы, ұлттық құндылықта­ры­мыз ұлықталып, тәрбие құралы рөлін де атқарады.

Бағлан МҰХАМЕДЖАРОВА,

“Күншуақ” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp