Газетіміздің биылғы 10 ақпан күнгі санында жарық көрген “Сәбит Мұқановтан неге қашты?” атты мақалада облыс орталығындағы Кошуков көшесі бойында орналасқан №32 мектеп маңдайшасынан заңғар жазушымыздың есімі еш себепсіз алынып тасталғаны, әділет органынан қайта тіркеуден өткізудегі білім мекемелерінің сылбырлығы сыналған болатын.
Осыған орай облыстық білім басқармасы құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсетуді мониторингтеу бөлімінің жетекшісі Ерік Нұрахметовке хабарласып, мәселе қалай шешіліп жатқанын сұрадық.
– Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1973 жылғы 29 мамырдағы “С.Мұқановты мәңгі есте сақтау туралы” қаулысы негізінде Петропавл қаласындағы №32 орыс мектебіне есімін беру туралы құжат, тағы басқа қажетті материалдар жинақталып, облыстық әділет басқармасына жіберілген болатын. Алайда уақыттың өтіп кетуіне байланысты қабылданбай, кері қайтарылды.
Қолданыстағы заң нормалары бойынша жергілікті билік органдарының жаңа шешімі қажет. Атап айтқанда, тиісті құжаттар қалалық ономастикалық комиссияға, одан әрі облыстық, республикалық құзырлы комиссиялар қарауына ұсынылып, Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Мектеп директоры Сергей Мартемьяновқа қайта тіркеуге керек құжаттарды тез арада жинастыруға тапсырма берілді. Мәселе бақылауда, – деген жауап алдық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.