Дәстүрлі айдарымыздың кезекті қонағы – “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков оқырмандарымыздан түскен сауалдарға жауап берді. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Айнұр ЖАҒЫПАРОВА,
Мамлютка қаласының тұрғыны:
– Менің сұрағым қарыз алу және оны қайтару туралы болмақ. Мен студент кезімде, яғни, осыдан 20 жыл бұрын бір кісіден бес мың теңге қарыз алған едім. Ақшадан қысылып жүрген кезіміз ғой. Мен ұмытып кеттім бе, әлде ол кісі сұрап мазамды алмады ма, әйтеуір, қарызымды дер кезінде өтемедім. Қасиетті Рамазан айында кімге не берешекпін соның бәрін қайтарудамын. Әлгі кісінің аты да, жөні де, тіпті қайда тұратыны да есімнен шығып кетіпті. Қарызымнан құтылу үшін бес мың теңгені мешітке садақа ретінде берсем бола ма?
– Біздің ата дініміз қарыз алу және қайтару мәселесіне ерекше ыждаһаттылықпен қарайды. Исламда қарыз берудің өзіндік әдептері бар. Біріншіден, қарызды сауабынан үміт ете отырып, жақсы ниетпен беру керек. Өйткені Алла тағаланың “Көркем түрде қарыз беріңдер” (“Муззәммил” сүресі, 20-аят) деген бұйрығы бар. Екіншіден, қарыз бергені үшін міндетсінбеу маңызды. Бұл туралы “Бақара” сүресінің 262-аятында “Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсап, кейін бергендеріне міндетсіну және реніш араластырмайтындардың сыйы – олардың Раббысында. Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды” делінген. Үшіншіден, қарызды қайтаруды талап еткенде әдепті әрі жұмсақ болу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Сатып алып, сатқан кезде және қарызды беріп, қарызды алған кезде жұмсақ болған адамды Алла Жәннатқа кіргізсін”, – деген.
Сондай-ақ уәделі мерзімінде қарызын қайтара алмай қалғанға қосымша уақыт беру де – қарыз берушінің әдебіне жатады. Себебі “Бақара” сүресінің 280-аятында “Кімде-кім (қарыздар кісі) қиын жағдайда болса, онда жеңілдегенше күту (керек). Ал садақа етулерің, егер білсеңдер, өздерің үшін қайырлы”, – деп жазылған.
Ал сіздің жағдайыңызда қарызды қайтару мәселесі басқа. Егер сіз қарыз берген кісіні іздеп, таба алмасаңыз, мойнымдағы парыз өтелсін деген ниетпен мешітке садақа ретінде беруіңізге әбден болады. Өмір болғандықтан адамдар кейде қарыз алып, кейде шығынға да ұшырап жатады. Жалпы қарыз алу мәселесіне жеңіл-желпі қарамаған абзал. Өйткені ол – кісінің ақысы. Кісі ақысын жеуді халқымыздың дәстүрі де жақтамайды. Қарызды алған немесе берген адам да қанша мөлшерде бергенін қағазға жазып алуы керек. Сол кезде екі тарапта да сенбеушілік болмайды. Күндердің бір күнінде әлгі кісі сізді тауып алып, бес мың теңгемді беріңіз десе, қайтаруға міндеттісіз.
Аслан ОМАРОВ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– “Қадір түнінің” қасиеті жайлы айтып бересіз бе?
– Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман баласына парыз болған Ораза құлшылығының ішінде мың айдан да қадірлі “Қадір түні” бар. Бұл күн биыл сәуірдің 27-нен 28-не қараған түнге сәйкес келді. Алла тағала “Қадір түнінің” дәрежесін көтерген. Өйткені бұл түнде тілеген дұға-тілектер қабыл болады. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті мұсылман қауымы бұл құлшылықты құр жіберіп алмауға тырысады.
Жалпы “Қадір түнінің” қасиеті қандай, дегенге тоқталсақ: біріншіден бұл түнде пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғашқы Құран аяты түскен. Қасиетті кітаптың “Қадір” сүресінің 1-аятында: “Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) “Қадір түні” түсірдік”, – дейді.
Екінші қасиеті – бұл түнді құлшылықпен өткізген пенденің Жаратушысы алдында дәрежесі артады, тілеген дұғасы қабыл болады. Бұл туралы үлкен ғұлама Жазайири: “Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады”, – деген екен.
Үшінші қасиеті – бұл түні адамның тағдыры бекітіледі. Бұл туралы ғұлама ғалым Мужаһит: “Қадір түні – тағдыр түні. Алла тағала бұл түні келесі жылғы осы түнге дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, т.б. үкімдерді белгілейді”, –деген.
““Қадір түнін” қалай өткізген дұрыс?” дегенге тоқталсақ, ислам ғұламалары бірауыздан төмендегі үкімдерді дұрыс деп тапқан. Ең әуелі, бұл түнде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, Құран немесе намаз оқып, құлшылық сезімдерімізді арттыруымыз керек екен. Одан кейін қадірлі пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, оның шапағатына үміт етумен қатар үмбеті екенімізді сезініп, Алла елшісінің хадистеріне амал еткен дұрыс деген пайым бар. Сонымен қатар адамды ізгілікке бастайтын уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиістіміз.
Назым ХАМЗИНА,
“Алтын алқа” иегері, Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылының тұрғыны:
– Дін мен дәстүр сабақтастығы туралы ұғым бар. Бірақ кейде біздің ата дәстүріміз дінмен сабақтаспай қалып жатады. Мысалы, қаралы үйде қазан асылмайды деген қанатты сөзді бұрынғы бабаларымыз қатты ұстанған. Бүгінде, керісінше, жақынынан айырылған жандар шығынға белшесінен батып жатады. Астатөк дастарқан жасайды, семіз жылқы сояды. Осыған тыйым болу үшін сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біздің еліміз Құдайсыз қоғамда өмір сүрген 70 жылға жуық уақыттың ішінде көптеген дәстүрлерінен айырылып қалды ғой. “Қаралы үйде қазан асылмағаны” ақиқат еді. Қазір мұны елеп жатқан адамдар шамалы. Керісінше, жақынынан айырылып, қайғы жұтып отырған үй қарызға белшесінен батып, ас-ауқат сатып алады. Еттің де тәуірін алу керек. Бұл дұрыс емес. Бауырлас өзбек халқында қаралы үйде қазан асылмайтын дәстүр бүгінге дейін сақталып отыр. Ол жақта, керісінше, жақыны қайтқан үйге көңіл айту үшін барған адамдарды туыстары, көрші-қолаңы пісіріп әкелген аспен тамақтандырады. Бізге де ұмытылған салтымызды жаңғырту керек. Бірақ бұл тек қана мешіттің жұмысы емес. Оған қоғам болып атсалысуымыз керек. Қайсыбір жылдары Солтүстік Қазақстан өңірінде дұға, астарда арнайы ас мәзірі қабылданған болатын. Ет дастарқанға мүшелеп емес, турап әкелінетін болды. Бұл талаптарға жерлестеріміздің еті үйреніп келеді. Туысы о дүниелік болған үйдің әрқайсысына барып, біз қазан көтермеңдер деп міндеттей алмаймыз.
Арман АСЫЛБЕК,
шекарашы:
– Менің сұрағым ауызашардағы ас мәзіріне қатысты болмақ. Ауызашарларға барсақ тойға келгендей күй кешетініміз жалған емес. Мынадай қымбатшылық заманда бұл дарақылық қой. Мешіт арнайы ас мәзірін бекітті ме?
– Арнайы ауызашар мәзірі жоқ. Бірақ ауызашар дастарқанының да қарапайым болғанын қалаймыз. Мешітте атқарылып жатқан ауызашарлардың көбі бір деңгейде ұйымдастырылуда. Яғни, біз дастарқанға палау секілді жеңіл-желпі тамақтардың қойылуын қадағалап отырмыз. Таң қараңғысынан кеш батқанға дейін адал астан өзін тыйған мұсылманға бір үзім нан, бір жұтым су беріп болсын ауыз аштырғанның сауабы орасан зор. Күні бойы ашқұрсақ жүрген адам қазы-қарта, жал-жая жей алмайды ғой. Сол жағын да ескеруіміз керек. Тағы бір айтпағым, мешіт асханасынан бөлек, үйде немесе мейрамханаларда ауызашар жасасам деген адамдар легі аз емес. Біз оларға дастарқанға анау тағам түрін қой, мынаны қойма деп міндеттей алмаймыз.
Аида ЖАНТІЛЕУОВА,
мұғалім, Петропавл
қаласының тұрғыны:
– Соңғы уақытта дін сәнге айналып бара жатқандай. Неге десеңіз, бір уәж айта қалсаңыз болды, кейбір адамдар исламның қағидаларымен қорқытады. Бұлардың қатарында танымал өнер адамдары да кездеседі. Сіз бұған не дейсіз?
– Халқымызда “Аңқау елге арамза молда” деген мәнді сөз бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз жоқ. Қарап отырсақ, дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты жоқ жандар мен жүрегі алып-ұшқан жастардың қолымен от көсеп жатқандығы өзегіңді өртейді. Алайда діни сауатсыз қандастарымыз бен жастарымыз теріс пиғылды топтың өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар әрі дәстүрден тыс діни ағымдардың белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін де біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізу әрекеті ортаға шығуда. Жалпы пайғамбарымыздың: “Адамдарды дінмен сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар”, – деген хадисі бар. Адамдардың Аллаға сенгені, адал жүріп-тұрғаны, шыншыл болғаны, адамгершілік қасиеттерін берік ұстанғаны қуантады, әрине. Бірақ мұндай қасиетті біз, ең алдымен, өзімізден талап етуіміз керек. Өзгеге дінді толық білмей тұрып, үкім айтуға құқығымыз жоқ. Бір-екі аятты немесе хадисті жаттап алып, ел ішінде “мен білімдімін, сен надансың” дегендей әрекетке барып жүрсек исламды кім құрметтейді?
Өмірде әр нәрсенің өз иесі бар. Ал Исламды қорғап, оны ақыретке дейін сақтап тұратын Иесі, сөз жоқ, Алла тағала. Алла Исламды жоқтайтын жандарға немесе оны насихаттайтын адамдардың амалына мұқтаж емес. Қазіргі ақпараттың аласапыран уақытында адамдар діни қақтығыстар туралы теледидардан көргеніне, діни сауаты жоқ адамдардың сөзіне ереді, соған иланады. Астарына үңіліп, ізденіп, саралап, ой жүгіртіп жатпайды. Исламды саяси құрал ретінде пайдаланып, жеке басының немесе топтың мүддесін ойлап, асыл дініміздің абыройына нұқсан келтіріп жатқандарды Аллаға тапсырамыз.
Самал МҰХАМЕДЖАНОВА,
Абай атындағы қазақ мектеп гимназиясының мұғалімі:
– Петропавлдағы мешіттерде балаларды имандылыққа тәрбиелейтін үйірмелер бар ма?
– Бүгінде қаладағы мешіттерде сауат ашу курстары бар. Онда жүзге тарта шәкірт білім алып жатыр. Үстіміздегі жылғы 24 сәуірде жасөспірімдер арасында Құран жарысы болды. Бас жүлдегерге Умра қажылығына жолдама берілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Бұл шара өңір кәсіпкерлерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Сағадат ДУМАНҰЛЫ,
Тимирязев ауданының тұрғыны:
– Жуырда келіншегім мешітке Құран бағыштамақ ниетпен барған еді. Күзетші басыңызда орамалыңыз, үстіңізде кең етек көйлегіңіз жоқ деп шығарып жіберіпті. Бұл қаншалықты дұрыс. Имандылық адамның жүрегіне Алланың бұйрығымен орнамай ма? Діннің әдептерін білмеген қыз-келіншектерді мешіттен қуып шыға берсек, олар Алланың таза жолына қалай түседі?
– Жалпы кез келген адам мешітке бас сұғарда қай жерге бара жатқанын біліп, ішкі ниетіне, сыртқы келбетіне назар аударуы керек. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Сондықтан Алланың сөзі сөйленетін, бұйрықтары айтылатын киелі орынға біз исламның талаптарын сақтай отырып баруымыз керек. Ал күзетшінің болсын, имамның болсын ғибадат үйіне келген адамды ауыр сөз айтып, шығарып жіберуіне құқы жоқ.
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.