«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жалақының аздығы газет таратуға кедергі емес”

Ербақыт Амантайұлы

 erbahit@soltustikkaz.kz

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мерзімді басылым таралымының төмендеп кетуіне пошташы­лардың да кінәсі бар. Олардың жалақыларының аздығын алға тартып, газет-журналға жазылуды дұрыс ұйымдастыра алмай отырғандарына ауылдарды аралаған кезде көз жеткіздік. Бірақ қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда бес-он мың теңге еңбекақы алып, жұмыс істеп жүрген оларды кінәлауға да болмайтын сияқты. Дегенмен, мардымсыз жалақыға қарамастан ұлт үшін, ұрпақ үшін маңызды істі білек сыбана атқарып жүрген мамандар да баршылық. Есіл ауданына қарасты Қарағаш ауылындағы пошташы Сәуле Сердалина – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің нағыз жанашыры. Үй-үйді аралап, тұрғындарды газетке жазғызып жүрген маманмен сұхбаттасқан едік.

– Газетке жазылуға жұртты неге шақырмайсыздар десек пош­та­шылар жалақымыз аз деп шығады. Шынымен аз ба? Қанша еңбекақы аласыздар?

– Мен бертінге дейін 5 мың теңге жалақы алып келдім. Қазіргі айлы­ғым – 11300 теңге. Ауылға пошта апта­сына екі рет келеді. Яғни екі күн екі сағаттан жұмыс істеген болып есеп­телемін, 0,25 ставка ғой. Жалақым аз болса да жұмысымды жақсы көре­мін. Еңбекақыны сылтауратып, өз ісі­не салғырт қарайтын әріптестерімді түсінбеймін. Ұнамаса басқа жұмыс тауып алсын, одан оқырмандар зиян шекпеуі керек қой.

– Газет-журнал, хат-хабар та­ра­тып жүргеніңізге неше жыл болды?

– Осыдан тура 12 жыл бұрын пош­таға қабылдандым. Жұмыссыз жүр­ген­мін, айлығының аздығына қара­мас­тан кіріп алдым. Себебі балала­рым студент еді, ауылда басқа жұ­мыс болмады. Құдай қаласа, екі жа­рым жылдан кейін зейнетке шыға­мын. Газет-журналдардан бөлек, зей­нетақыны да мен таратамын. Шағын ауыл болған соң бәрі жақындарым, туыс-туғандарым ғой. Лезде беріп шы­ғамын.

– Ауылдастарыңыз қандай га­зет оқиды? “Soltüstık Qazaqstan”-ға жазыла ма?

– Қарағашта алпыс шақты үй бар. Соның сексен-тоқсан пайыз­дайы газет алады. “Soltüstık Qazaq­stan”-ға 37 адам жазылды. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Бір­жан Ғайсин серіктестік жұмысшыла­ры мен зейнеткерлерге “Soltüstık Qa­zaqstan” газетін өз қаражатына жаз­дырып береді. Қазір 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылу жү­ріп жатыр. Мектеп мұғалімдері бел­сенді.

– Пошташының жұмысы газет­ті жеткізіп беру ғана ма? Әлде га­зетке жазылуға жұртты үгіттеу де міндеттеріңізге кіре ме?

– Газет журналистері ауылдардың бәрін аралап үлгермейді ғой. Ал пошташы әрбір елді мекенде бар. Ор­тақ жұмыс болғандықтан тұрғындар­ды газет-журналдарға жазылуға үгіт­теу біздің де міндетіміз деп білемін. Себебі жазылуға жұмсалған ақша­ның бір бөлігін пошта алатыны бел­гілі. Үлкендер менің үгіттеуімді күт­пестен өздері жазылады. Ал жастар жағы қазір телефонға үйір болып алды ғой. Оларға газет-журнал жаз­дырып алып оқудың маңыздылығын айтудан жалықпаймын.

– Ауылдың жағдайы қалай? Жол, су мәселелері қинап жүрген жоқ па?

– Жол азабын көп тарттық. Биыл ғана ауылға дейінгі жол жөнделген. Оның өзінде мердігер жұмысына жүр­дім-бардым қараған сияқты. Кепілдік бойынша кемшіліктерін жояды де­ген­ді естідім. Ал ауызсу жер астынан шығады. Жеті бірдей фильтр арқылы өтіп барып тұрғындарға жетеді. Су мөп-мөлдір. Бір бөлшегі сынып қал­са, тағы сол Біржан Ғайсин көмекте­седі. Биыл жазда ауылда жаңадан мешіт салынды. Бұл да – біз үшін үл­кен қуаныш!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp