«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арманы асқақ жеткіншектер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Айдарбек Сапаров отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, ондағы тәрбиеленушілермен кездесті. Кездесу барысында ұл-қыздарды мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Өңір басшысы өз сөзінде 2022 жыл есте қаларлық ерекше оқиғаларға толы болғанын жеткізді.

– Өткен жыл біз үшін берекелі болды. Қиындықтар қай кезде де орын алып тұрады. Біз соның бәрінен аман өтіп, осы күнге жеттік. 2022 жыл “Балалар жылы” деп жарияланып, сіздер сияқты ұл-қыздарға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мерекеде сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Алға қойған арман-мақсаттарыңыз жүзеге асып, бақытты болыңыздар, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Облыс әкімі балалардың қызығушылығы мен алға қойған жоспарлары туралы да сұрады. Бір қуанарлығы, балалар ауылында оқудан бөлек, спортпен, шығармашылықпен шұғылданатын өрендер аз емес. Мысалы, Полина Бейбітова 5 жылдан бері футбол ойнаумен айналысады. Жас спортшы доп десе, ішер асын жерге қоятынын жасырмады. Ол болашақта денешынықтыру факультетіне оқуға түсіп, өз құрамасын жасақтап, өңір намысын қорғағысы келеді. Ал 16 жасар Жұлдыз Омарова болса сән әлемінің биігін бағындыруды мақсат етуде.

– Биыл мен Қызмет көрсету колледжіне “Сәнгер-киім пішуші” мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін, өзімнің ательемді ашқым келеді. Онда сәнді көйлектер тігетін боламын, – дейді Жұлдыз.

Кездесу барысында дарынды өрендер өз өнерлерін ортаға салып, арман-тілектерін айтты. Өз кезегінде Айдарбек Сапаров мұндағы шығармашыл жеткіншектерді қолдау жалғасатынын жеткізді.

Ұл-қыздардың осынау жетістіктерге жетуіне тәрбиеленушілердің де сіңірген еңбегі зор. Бүгінде мекемеде 26 маман жұмыс істейді. Солардың бірі – Әсия Ерсайынова. Ол 17 жылдан бері осындағы балаларды мейіріміне бөлеп келеді.

– Мен осындағы еңбек жолымды 2005 жылы бастадым. Қазіргі уақытта ана-тәрбиешімін. Балалар үшін ата-ананың рөлін атқарып, олардың жақсы оқып, саналы азамат болып өсуі жолында барымызды саламыз. Ұл-қыздарды үлкен өмірге дайындап, еңбекке бейімдейміз, – дейді отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиешісі.

Дана СӘЛІМҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp