2022 жылы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 9,1 пайызға артып, 9,3 трлн. теңгені құрады. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 15 пайызға ұлғайту есебінен болып отыр. Ауа райының қолайсыздығы егін жинау науқанына кері әсерін тигізген жоқ, соның нәтижесінде өнім берекелі болды. Соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары түсім алынды, яғни дәнді дақылдың 22,8 млн. тоннасы бастырылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 39 пайызға көп. Бидай 17 млн. тоннаны құрады. Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша, 13,2 млн. тоннадан астам астық пен ұн (10 млн. тонна астық) экспортталды. Бұдан басқа, 4 млн. тонна картоп, 4,9 млн. тонна көкөніс дақылдары жиналды. Өнімділіктің артуына жер өңдеуде қолданылатын техникалардың көмегі көп екенін ерекше атап өткен жөн.
Өткен аптада қаламыздағы “Алтын орда” мейрамханасының аумағында қостанайлық “Fermer LTD” ЖШС-ның ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі өтті. Аталған серіктестік – әлемдегі және Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін бірқатар жетекші компаниялардың ресми өкілі. Компания өкілдерінің айтуынша, біздің өңірімізде ауыл шаруашылығымен айналысатындардың саны жылдан-жылға артуда. Мұны көрмеге келген адамдар шоғырының көптігінен де байқауға болатындай. Компанияның жауапты мамандары жиналғандарға техникалардың бір-бірінен нендей артықшылығы барын үлкен экрандағы бейнежазба арқылы да түсіндірді. Көкейінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алғандар да болды.
“Fermer LTD” ЖШС-ның бұл салада алты жылдық тәжірибесі бар екен. Жұмысты бастапқыда ұсақ-түйек техника сатудан бастап, табандылықтың арқасында жылдан-жылға өсіп, қазіргі таңда еліміздің жеті облысында филиалдарын ашып үлгерген. Әр өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен ынтымақтастық орнатқан.
– Қызметкерлеріміздің өнімді жарнамалауда тәжірибесі мол, тұтынушының барлық сұрақтарына жылдам жауап береді әрі көмектеседі. Сатып алушылар өздеріне ыңғайлы және тиімді төлем әдісін таңдайды. Кәсіби инженерлер жабдықтың жұмысқа жарамдылығын тексереді, кепілдік береді және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсетуді ұйымдастырады, – дейді компанияның баспасөз хатшысы Дарья Хижняк.
Осы күнге дейін ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін Испания, Польша, Италия, Беларусь, Украина және Ресейдің көшбасшы компаниялармен ынтымақтастық орнатып, солардан құрал-жабдықтар тасымалдап келеді. Сондай-ақ отандық өндірушілердің өнімдерін де шаруаларға жеткізеді.
Компания ауыл шаруашылығы саласындағы көрмелерге, семинарларға және конференцияларға да жиі қатысады екен. Кейін фермерлерді техника туралы өзекті және шынайы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Қазір сатылымда комбайн, трактордан бастап, астық өңдеу, жер өңдеу, тұқым себу, бүріккіш, тіркегіш, жаткалар, мал азығын жинайтын техника, минералдағыш, жартылай тіркемелерге дейін бар екенін айта кеткен жөн.