Айыртау ауданындағы түзеу мекемесінде болған кісі өліміне қатысты бірнеше адам жазаланды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, анықталған бірнеше олқылыққа байланысты осы мекеменің басшылық лауазымдағы екі маманы қызметінен босатылды. Тағы бес қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасының осы мекеменің қызметінде бірқатар елеулі бұзушылықтарды анықтаған ұсынысы өңір прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алаңында қаралды.
Тексерісті жүргізуге былтыр күзде Новоукраинка елді мекеніндегі түзеу мекемесінде бір сотталғанның екіншісін балғамен ұрып өлтіруі себеп болған. Оның қасақана өлтіргені бейнекамераға түсіп қалып, кейін бейнежазба әлеуметтік желіге тарап кетті.
Облыс прокуроры орынбасарының айтуынша, тек осы бір факті ғана мекемедегі тәртіп үшін жауап беретін лауазымды тұлғалардың өз қызметіне жауапсыздықпен қарағанын көрсетіп отыр. Бақылаудың жоқтығы салдарынан жазасын өтеуші аса ауыр қылмыс жасаған.
Қадағалау органы алдағы уақытта ұқсас жағдайларға жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды және ведомстволық бақылауды күшейтуді талап етті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.