«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛМАС ЖАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отансүйгіштік – адамның бойында отбасылық тәрбиемен, өсіп-өнген ортасының ықпалымен қалыптасатын қасиет. Бала кезімде мен үшін ең құрметті, ең сыйлы, өнеге тұтатын жандар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері болды. Туып-өскен ауылым Ақтастан Екінші дүниежүзілік соғысқа 58 адам аттанған. Аман оралғаны – 16 жауынгер. Отан қорғау, жерді сүю, азаматтық борышты ақтау деген ұғымдарды соларға қарап үйрендік. Одан кейін әскери борыштарын өтеп келген жасы үлкен ағалардың әңгімелері құлағымыздың құрышын қандыратын. Соларға қарап бой түзедік.

1979 жылы Ауған соғысы бас­тал­­ған кезде мен ержетіп қалған едім. Кеңес әскері Ауғанстанның ау­мағы­на енді дегенді естідім. Менің замандастарым әскерге баруды абы­рой санайтын. Мен де кәмелет­ке толған­нан дайындала бастадым. 1980 жы­лы мектепті бітіріп, кеңшар­да еңбек еттім. 1981 жылдың көкте­мінде Булаевта үш ай көлік жүргізуші куәлігін ашу үшін оқып, күзде әскер­ге ша­қырту күттім. Шақырту 1 қазан күні келді. Қасымдағы бірнеше жер­ле­сім­мен бірге Өскеменге аттандық. Үш айлық жаттығу мен карантин уа­қыты да тез өте шықты. Дайындық ба­рысында қай жаққа жіберетінін ақырындап сезе бастадық. 1981 жыл­дың 25 желтоқсаны күні самолет Ау­ған елінің топырағына келіп қонды. Бізге Өскеменнің 40 градус аязынан кейін, ыстығы бастан өтетін жерге тап болу басында қызық көрінді.

Танк полкінің 71183 бөлімшесін­де әскери борышымды атқардым. Мін­детім – жүргізуші. Прапорщик Су­даркин деген өжет жігіт өзінің взводына адам таңдаған кезде жерлесім Думан Әбішев екеуімізді ар­тиллериялық дивизияны қамтама­сыз ететін взводтың құрамына қа­былдады. Қаруласым Думан Есіл ау­данындағы Алабие ауылының тума­сы болатын. Біз жанар-жағармаймен, сумен, азық-түлікпен қамтама­сыз етіп, сынған техникаларын жөн­деп беру міндеттерін арқаладық. Жол торабының әр елу шақырымында бекет болады. Сол бекетке орнығып, қасынан өткен колонналар­ды қажетті заттармен қамтамасыз ете­міз. Түркіменстан жеріне дейін өтіп, керек-жарақтарды алып қай­тамыз.

Соғыстың аты – соғыс. Қауіп-қа­тер кез келген сәтте төнуі мүмкін. Қы­рағы болуың керек. Бойыңды үне­мі үрей билеп жүреді. Ауғандықтар – соғыстың айла-тәсілдеріне әбден бейімделген, дайындықтан өткен адамдар ғой. Оның үстіне өз жер­лерінің тау-тасын, ой-шұқырын жақ­сы біледі. Тосыннан шабуыл жасап, тасадан оқ ата салады. Белі бесіктен шықпаған баласына дейін қатігез, кірпік қақпастан қару кезенуі мүмкін. Ал біздер үшін адам өлтіру оңай емес еді.

Бірде қызмет бабымен Кандагар жаққа қарай жылжыдық. Елу шақы­рым жерде кеңес әскерлерінің бекеті бар. Бұрын да бірнеше мәрте жүрген жолымыз. Жақындап қалған кезде оқ-дәрі тіркеген көліктің моторы сыр берді. Өз көлігіме тіркеп, тартып ке­лемін. Тау жақтан оқ атыла бастады. Көлігімнің алдыңғы терезесі сынып, оқ құлақтың түбінен өтті. Кабинада отырған үшеуіміздің аман қалғаны­мызға әлі күнге дейін таңғаламын. Колоннаның соңына қарай жанар­май құйылған көлікті Евгений Бара­нов деген жігіт айдап келе жатқан еді. Машина өртеніп, жауынгер сырт­қа секіріп, аман қалған. Тағы бір жауынгеріміздің де жансебілдігі таң­ғалдырды. Оның де көлігі өртеніпті. Бет-аузы қан-жоса. Бірақ оқтан ығар емес. Алған жарақатынан есеңгіреп қалған сияқты. Оны өлімге қимай, Талғат екеуіміз жүгіре басып, әлгіні әзер дегенде жерге құлаттық. Ажа­лы келмесе, сұрапыл соғыста да аман қалады екенсің. Ондай жайт­тар көп болды.

Ауғанстандағы соғысқа қатыс­қан­дардың кейбірі кейін бейбіт өмірге бейімделе алмай қалды. Қа­рулы қақтығыстар аймағында бол­ғандар психологиялық ауытқушы­лық­тарға душар болды. Талай рет өліммен бетпе-бет келген кейбір жауынгерлер елге келген соң өз-өздеріне қол жұмсады. Денсаулығы сыр беріп, өмірмен ерте қоштасты. Солардың арасында жерлестерім Жаңбырбай Сағынаев пен Думан Әбішев те бар.

Соңғы кезде Ауған соғысы тура­лы алып-қашпа әңгімелерді естимін. Басқа елдің ішкі ісіне араласу кеңес үкіметінің қателігі деген сөздер де айтылып жүр. Қалай десек те, бұл соғыс – қанмен жазылған тарихтың бір өткелі. Он жыл ішінде кеңес үкіметі 15051 азаматын жоғалтқан. Аз емес. Бәрі дерлік – қыршын кеткен жас жігіттер. Олардың артын­да еңі­реп қалған ата-анасы мен ба­уырла­ры­ның жүрегіндегі жараның ізі әлі жазылған жоқ.

Ауған жерінде көрсеткен ерлігі үшін 200 мыңға жуық жауынгер әс­кери орден-медальмен марапатта­лып­ты. Со­лар­дың ішінде менің до­сым Талғат Күдірбеков те болу керек еді. Май­балықтың (Жамбыл ауда­ны) тумасы соғыста байланысшы бол­ды. Ерек­ше қабілетті болатын. Өзінің білікті­лігінің, зеректігінің арқа­сында қанша­ма рет бізді жаудан құт­қарып қалды. Кейде жау ортасында қалып қойған жауынгерлермен бай­ланыстың ре­тін тауып, көмек жібер­гізді. Жау ор­наласқан жердің ра­диу­сын дәл бе­ріп, көзін құртуға талай сеп­тігін ти­гізді. Сондай ерлігі үшін бас­шылығы­мыз екі рет марапатқа ұсынған бо­латын. Өкініштісі, сол кезде де ұл­тына қарап бағалау деген бар еді. Белгісіз себептермен мара­пат ала алмады. Әйтпесе, нағыз ер­лік көр­сеткендірдің бірі болатын.

Ауған жерінде кеңес үкіметінің солдаттары соғысып қана қойған жоқ, үй, мектеп салуға, жолдарды түзетуге көмектесті. Жергілікті ха­лықтың кеңес жауынгерлеріне деген сенімі зор еді. Бізге жақын орналас­қан кишлактардың тұрғын­да­ры кө­мек сұрап жиі келетін. Қолдан келген қамқорлығымызды аямайтынбыз. Соны сезетін олар да жауынгерлер­ге жылы көзқарас танытты. Оларды әлі күнге дейін аяушылықпен еске аламын. Ол жақта өткізген екі жыл біздің өмірімізге өшпестей ізін салып кетті. Кейбір жолдастарымызды қара жер қойнауына бердік. Қалғанда­рымыз әлі күнге дейін бір-бірі­міз­дің хал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз. Кездесу ұйымдастыратын кездеріміз де болады. Жақын араласқан қаруластарым Орал Өмірә­линов, Талғат Күдірбековпен бауыр­дай болып кеттік.

Соғыстың қасіретін көзімен көріп келген жауынгерлердің атқарған қыз­метін бағалау мәселесі көңілдегідей емес. Үкімет тарапынан азын-аулақ көмектер болмаса, соғыс ардагерле­рі ретінде толықтай құрмет көрсе­ту мәселесі әлі күнге дейін толық­қанды шешілген жоқ. Жауынгерді құрметтеу арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Мәселен, мені жеткіншек­термен кездесуге жиі шақырады. Олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарыту үшін бар көрген-білгенімді айтуға тырысамын.

Ауған жерінде от пен оқтың орта­сында жү­ріп, әсіресе тау-таста көлік жүргізуге әбден машықтанғанмын. Сол жүргі­зу­шілік кәсіпті өмірлік нәсі­бім еттім. 1999-2016 жылдар ара­лы­ғында өрт сөндіру қызметінде көлік жүргізушісі болдым. Бүгінде ұлым­мен бірге жолаушылар тасымалы са­ласында қызмет етеміз. Жүргізуші­лік еңбек өтілім – 42 жыл. Ұлымның әке жолын жалғастырғаны қуантты. Кіші қызым да өрт сөндіру саласын таңдады. Менен алған өнегелері ме деп ой­лаймын. Менің өмірден ұққа­ным – отансүйгіштік қасиетті, кейбір өмір­лік ұстанымдарды біз алдыңғы буынның іс-әрекетіне қарап қалып­тастырады екенбіз. Біз майдангер ата-әкелерімізге қарап өстік, ендігі міндетім – жастар бізден үлгі алса екен деген ой.

Асхат ҚОСПАНОВ,

Ауған соғысының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp