Отансүйгіштік – адамның бойында отбасылық тәрбиемен, өсіп-өнген ортасының ықпалымен қалыптасатын қасиет. Бала кезімде мен үшін ең құрметті, ең сыйлы, өнеге тұтатын жандар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері болды. Туып-өскен ауылым Ақтастан Екінші дүниежүзілік соғысқа 58 адам аттанған. Аман оралғаны – 16 жауынгер. Отан қорғау, жерді сүю, азаматтық борышты ақтау деген ұғымдарды соларға қарап үйрендік. Одан кейін әскери борыштарын өтеп келген жасы үлкен ағалардың әңгімелері құлағымыздың құрышын қандыратын. Соларға қарап бой түзедік.
1979 жылы Ауған соғысы басталған кезде мен ержетіп қалған едім. Кеңес әскері Ауғанстанның аумағына енді дегенді естідім. Менің замандастарым әскерге баруды абырой санайтын. Мен де кәмелетке толғаннан дайындала бастадым. 1980 жылы мектепті бітіріп, кеңшарда еңбек еттім. 1981 жылдың көктемінде Булаевта үш ай көлік жүргізуші куәлігін ашу үшін оқып, күзде әскерге шақырту күттім. Шақырту 1 қазан күні келді. Қасымдағы бірнеше жерлесіммен бірге Өскеменге аттандық. Үш айлық жаттығу мен карантин уақыты да тез өте шықты. Дайындық барысында қай жаққа жіберетінін ақырындап сезе бастадық. 1981 жылдың 25 желтоқсаны күні самолет Ауған елінің топырағына келіп қонды. Бізге Өскеменнің 40 градус аязынан кейін, ыстығы бастан өтетін жерге тап болу басында қызық көрінді.
Танк полкінің 71183 бөлімшесінде әскери борышымды атқардым. Міндетім – жүргізуші. Прапорщик Сударкин деген өжет жігіт өзінің взводына адам таңдаған кезде жерлесім Думан Әбішев екеуімізді артиллериялық дивизияны қамтамасыз ететін взводтың құрамына қабылдады. Қаруласым Думан Есіл ауданындағы Алабие ауылының тумасы болатын. Біз жанар-жағармаймен, сумен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сынған техникаларын жөндеп беру міндеттерін арқаладық. Жол торабының әр елу шақырымында бекет болады. Сол бекетке орнығып, қасынан өткен колонналарды қажетті заттармен қамтамасыз етеміз. Түркіменстан жеріне дейін өтіп, керек-жарақтарды алып қайтамыз.
Соғыстың аты – соғыс. Қауіп-қатер кез келген сәтте төнуі мүмкін. Қырағы болуың керек. Бойыңды үнемі үрей билеп жүреді. Ауғандықтар – соғыстың айла-тәсілдеріне әбден бейімделген, дайындықтан өткен адамдар ғой. Оның үстіне өз жерлерінің тау-тасын, ой-шұқырын жақсы біледі. Тосыннан шабуыл жасап, тасадан оқ ата салады. Белі бесіктен шықпаған баласына дейін қатігез, кірпік қақпастан қару кезенуі мүмкін. Ал біздер үшін адам өлтіру оңай емес еді.
Бірде қызмет бабымен Кандагар жаққа қарай жылжыдық. Елу шақырым жерде кеңес әскерлерінің бекеті бар. Бұрын да бірнеше мәрте жүрген жолымыз. Жақындап қалған кезде оқ-дәрі тіркеген көліктің моторы сыр берді. Өз көлігіме тіркеп, тартып келемін. Тау жақтан оқ атыла бастады. Көлігімнің алдыңғы терезесі сынып, оқ құлақтың түбінен өтті. Кабинада отырған үшеуіміздің аман қалғанымызға әлі күнге дейін таңғаламын. Колоннаның соңына қарай жанармай құйылған көлікті Евгений Баранов деген жігіт айдап келе жатқан еді. Машина өртеніп, жауынгер сыртқа секіріп, аман қалған. Тағы бір жауынгеріміздің де жансебілдігі таңғалдырды. Оның де көлігі өртеніпті. Бет-аузы қан-жоса. Бірақ оқтан ығар емес. Алған жарақатынан есеңгіреп қалған сияқты. Оны өлімге қимай, Талғат екеуіміз жүгіре басып, әлгіні әзер дегенде жерге құлаттық. Ажалы келмесе, сұрапыл соғыста да аман қалады екенсің. Ондай жайттар көп болды.
Ауғанстандағы соғысқа қатысқандардың кейбірі кейін бейбіт өмірге бейімделе алмай қалды. Қарулы қақтығыстар аймағында болғандар психологиялық ауытқушылықтарға душар болды. Талай рет өліммен бетпе-бет келген кейбір жауынгерлер елге келген соң өз-өздеріне қол жұмсады. Денсаулығы сыр беріп, өмірмен ерте қоштасты. Солардың арасында жерлестерім Жаңбырбай Сағынаев пен Думан Әбішев те бар.
Соңғы кезде Ауған соғысы туралы алып-қашпа әңгімелерді естимін. Басқа елдің ішкі ісіне араласу кеңес үкіметінің қателігі деген сөздер де айтылып жүр. Қалай десек те, бұл соғыс – қанмен жазылған тарихтың бір өткелі. Он жыл ішінде кеңес үкіметі 15051 азаматын жоғалтқан. Аз емес. Бәрі дерлік – қыршын кеткен жас жігіттер. Олардың артында еңіреп қалған ата-анасы мен бауырларының жүрегіндегі жараның ізі әлі жазылған жоқ.
Ауған жерінде көрсеткен ерлігі үшін 200 мыңға жуық жауынгер әскери орден-медальмен марапатталыпты. Солардың ішінде менің досым Талғат Күдірбеков те болу керек еді. Майбалықтың (Жамбыл ауданы) тумасы соғыста байланысшы болды. Ерекше қабілетті болатын. Өзінің біліктілігінің, зеректігінің арқасында қаншама рет бізді жаудан құтқарып қалды. Кейде жау ортасында қалып қойған жауынгерлермен байланыстың ретін тауып, көмек жібергізді. Жау орналасқан жердің радиусын дәл беріп, көзін құртуға талай септігін тигізді. Сондай ерлігі үшін басшылығымыз екі рет марапатқа ұсынған болатын. Өкініштісі, сол кезде де ұлтына қарап бағалау деген бар еді. Белгісіз себептермен марапат ала алмады. Әйтпесе, нағыз ерлік көрсеткендірдің бірі болатын.
Ауған жерінде кеңес үкіметінің солдаттары соғысып қана қойған жоқ, үй, мектеп салуға, жолдарды түзетуге көмектесті. Жергілікті халықтың кеңес жауынгерлеріне деген сенімі зор еді. Бізге жақын орналасқан кишлактардың тұрғындары көмек сұрап жиі келетін. Қолдан келген қамқорлығымызды аямайтынбыз. Соны сезетін олар да жауынгерлерге жылы көзқарас танытты. Оларды әлі күнге дейін аяушылықпен еске аламын. Ол жақта өткізген екі жыл біздің өмірімізге өшпестей ізін салып кетті. Кейбір жолдастарымызды қара жер қойнауына бердік. Қалғандарымыз әлі күнге дейін бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз. Кездесу ұйымдастыратын кездеріміз де болады. Жақын араласқан қаруластарым Орал Өмірәлинов, Талғат Күдірбековпен бауырдай болып кеттік.
Соғыстың қасіретін көзімен көріп келген жауынгерлердің атқарған қызметін бағалау мәселесі көңілдегідей емес. Үкімет тарапынан азын-аулақ көмектер болмаса, соғыс ардагерлері ретінде толықтай құрмет көрсету мәселесі әлі күнге дейін толыққанды шешілген жоқ. Жауынгерді құрметтеу арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Мәселен, мені жеткіншектермен кездесуге жиі шақырады. Олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарыту үшін бар көрген-білгенімді айтуға тырысамын.
Ауған жерінде от пен оқтың ортасында жүріп, әсіресе тау-таста көлік жүргізуге әбден машықтанғанмын. Сол жүргізушілік кәсіпті өмірлік нәсібім еттім. 1999-2016 жылдар аралығында өрт сөндіру қызметінде көлік жүргізушісі болдым. Бүгінде ұлыммен бірге жолаушылар тасымалы саласында қызмет етеміз. Жүргізушілік еңбек өтілім – 42 жыл. Ұлымның әке жолын жалғастырғаны қуантты. Кіші қызым да өрт сөндіру саласын таңдады. Менен алған өнегелері ме деп ойлаймын. Менің өмірден ұққаным – отансүйгіштік қасиетті, кейбір өмірлік ұстанымдарды біз алдыңғы буынның іс-әрекетіне қарап қалыптастырады екенбіз. Біз майдангер ата-әкелерімізге қарап өстік, ендігі міндетім – жастар бізден үлгі алса екен деген ой.
Асхат ҚОСПАНОВ,
Ауған соғысының ардагері.