«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжардың терең археологиялық тарихы жан-жақты зерттеледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің ежелгі тарихын жан-жақты, терең зерттеу мақсатында Пет­ропавлда республикадағы танымал ғылыми-зерттеу институттарының екі филиалы ашылып, жұмыс істеп жатыр. М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің жа­нынан құрылған Шоқан Уәлиханов атындағы та­рих және этнология, Әл­кей Мар­ғұлан атындағы архео­логия институтының филиалдары қызмет­терін бастап кеткелі біраз болды.

“Былтыр тарихшылардың рес­публикалық съезі Петропавлда өтті. Сол жиында біздің университетте елі­міздің жетекші ғылыми-зерттеу инсти­туттарының филиалдарын ашу бас­­тамасын көтердік. Біздің ұсы­ны­сы­мызды министр қолдады. Бұл елі­міз­дегі өңірлік университеттер ара­сын­да орын алған жақсы жаңа­лық. Жоғары оқу орнының материалдық базасы жыл сайын нығайып ке­леді. Қойнауы құтты Қызылжарда та­рихи, этноло­гиялық, археологиялық сала­ны да­мы­ту біз үшін маңызды”, – дей­ді уни­вер­ситеттің басқарма төрағасы – рек­тордың кеңесшісі, тарих ғы­лым­да­рының докторы Ақ­марал Ыбыраева.

Желтоқсан айында екі филиал ресми түрде ашылды. Мамандар Қы­зылжар өңірін зерттеуге бағдарла­малық-мақсатты қаржыландыруға өтініш беріп, конкурсты жеңіп алды. Нәтижесінде қомақты қаражат бө­лінді. Жоба екі жылға шақталған. Оны іске асыруға М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан универ­си­теті, облыстық тарихи-мәдени мұра­ны қорғау, қалпына келтіру және пай­далану жөніндегі мемлекеттік инс­пекция, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Әлкей Марғұлан атын­дағы археологиялық институты қа­ты­сады.

Ақмарал Ғосманқызы архео­ло­гиялық зерттеулерді жандандыра­тын, жаңа деңгейге шығаратын уақыттың жеткенін айтты.

“Біздің ғалымдар – Виктор Зай­берт, Анатолий Плешаков өңірде тас, қола, ерте темір заманын өте жақ­сы зерттесе, өкініштісі орта ғасыр дәуірі назардан тыс қалып қойды. Әсі­ресе кенже қалған біздің зама­нымызға дейінгі V-VI ғасырлардан бастау алатын Түркі кезеңі, одан кейін Алтын орда дәуірі, XV-XVI ғасырларда Қазақ хандығының құрылу кезеңі – осы аралықтың барлығын қамтып, зерттеу қажет. Осыған бай­ланысты филиалдың ашылуына ұйыт­қы болдық, бұл бізге басқа өңір­лердің археолог ғалымдарын тар­тып, өлке тарихын тереңінен, жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бермек. Біз әріптестерімізбен бірге тың жа­ңалықтар ашамыз деген сенімдемін. Нәтижесін халықаралық журналдарда, республикалық басылым­дарда жариялау міндеті тұр”, – дейді Ақмарал Ыбыраева.

Филиал жоспарлы түрде жұмыс істеуі үшін Алматыдан Әлкей Мар­ғұлан атындағы археология инсти­тутының директоры, ғалым Ақан Оңғарұлы бастаған делегация келді. Бұл сапар барысында жұмыс жоспары нақтыланбақ.

Ақан Оңғарұлының айтуынша, 2023-2024 жылдарға арналған жоба төрт бағыт бойынша іске асырыла­ды. Біріншісі – Солтүстік Қазақстан университеті базасында археологиялық мамандарды даярлау.

“Археология – қолға күрек ұстап қазу емес, ол кешенді ғылым – ар­хеозоология, топырақтану, геология сияқты салаларды зерттеу барысында қамтиды. Жастар жан-жақты білім алып шығады. Бұл олардың бола­шақта көптеген салада жұмыс істе­уіне мүмкіндік ашады. Екінші міндет Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдени-тарихи ескерткіштер база­сының толық электронды нұсқасын жасап шығу керек. Сол бойынша жергілікті жерлерде ескерткіштерді сақтау мен қорғауға қатысты инспек­циямен бірлесе жұмыс істейміз. Нәтижесінде 2 жыл ішінде өңірде бар ескерткіштердің толық тізімін жасау ойымызда бар”, – дейді Ақан Оңғарұлы.

Мамандар жұмыс барысында ұшу аппараттарын – дронды қолда­ну­ды жоспарлап отыр бұл жергілікті жерді сканерлеуге мүмкіндік береді. Осы кешенді жұмыстың бір бағыты­ның нәтижесінде, ескерткіштер тү­ген­деледі. Олардың әрқайсысына паспорт, есеп картасы жасалады, өңір­дің тарихи-мәдени мұраны қор­ғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспек­циясы­на тапсырылады. Жауапты ма­ман­дар бұл ескерткіштердің сақта­луын, бұзылмауын бақылауға ала­ды.

Тарихшының айтуынша, алды­мен, әрине, қордағы материалдар са­раланады. Олардың барлығы кар­та­ға енгізіледі, тас дәуірінен бастап орта ғасыр кезеңі қамтылмақ. Бұл болашақта шығатын археологиялық экс­педицияға бағытты таңдауға кө­мектеседі. Нәтижесінде мамандар қай жерде не бар екенін, қай ауданда қандай ескерткіш сақталғанын, неге басымдық беру қажеттігін алдын ала білмек.

Үшінші бағыт бойынша, облыста 4-5 археологиялық экспедиция жа­сақталмақ. Осы жоба аясында бағыт белгілі болды. Биыл негізінен өңірдің батыс, оңтүстік-батыс аудандары қамтылмақ, ол – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, Тимирязев ауданы және басқалары.

Мамандар өңірімізде 60 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жат­қан археологиялық экспедиция мұ­расын толықтыра беруді көздеп отыр. Жәдігерлердің музей қорында шаң басып жатпауы, оларға жаңа заманауи әдіс негізінде басқа ғалымдарды тарта отырып, екінші дем беру маңызды.

“Жұмысқа әр саланың мамандары енген. Жалпы филиалдың штаты 6 адамнан тұрады. Бірақ біздің институтта 117 қызметкер болса, оның барлығын Солтүстік Қазақстан облысының мұрасын зерттеу үшін жұмылдырамыз, керек болса аясы тар мамандықтарды да шеттен тартамыз. Шыны керек, жұрт бұл өңірде тек Ботай қонысын ғана біледі. Сондықтан басқа қандай ескерткіш бар, оларды ашқан жағдайда, музейлендірген жағдайда оған турист бара ма, жоқ па? Ғы­лыми-негіздеу біздің жұмыс, қалған іске асыру, халыққа тарату – жер­гілікті атқарушы биліктің шаруасы”, – дейді Ақан Оңғарұлы.

Тарихшының айтуынша, Қызыл­жар өңірінде археологиялық мұраны зерттеуде атқаратын жұмыс өте көп. Ғасырға жуық уақытта жиналған жәдігерлердің барлығын заманауи әдіс – геоақпараттық технологиялар, пәнаралық зерттеулер бойынша ретке келтіру қажет.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp